Мәжіліс экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов атап өткендей, заң жобасында азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында пайдалануы үшін түзетулер көзделген.

«Жоғары білімге қолжетімділікті арттыру үшін мемлекеттік білім беру кредиті бойынша түзетулер енгізу ұсынылады. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан, толық емес отбасылардан және мүгедектер тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балаларды қолдауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру гранты бойынша квоталарды көбейту ұсынылады», - деп нақтылады Руслан Дәленов ҚР Мәжілісінің пленарлық отырысында құжатты таныстыра отырып.

Министр мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдардың ішкі рәсімдерін жеңілдетуге, ақпараттық жүйелерді дамытуға, қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешу үшін жобалық басқару қағидаттарын енгізуге бағытталған түзетулер ұсынылатынын баяндады.

«Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау экономика саласын, оның ішінде пандемияға байланысты шектеу шаралары салдарынан зардап шеккен салаларды дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді, сондай - ақ тұрақты экономикалық өсу үшін негізді қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

Дереккөз: https://www.inform.kz/ru/mazhilis-odobril-zakonoproekt-po-voprosam-vosstanovleniya-ekonomicheskogo-rosta_a3714505