
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» ҚР Үкіметінің тапсырмасын орындау мақсатында өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жаңғырту, техника мен жабдықтарын қайта жаңартуға арналған «Өрлеу-лизинг» атты жаңа бағдарламаны іске қосқаны жайлы хабарлайды.
Жаңа құрал шағын және орта бизнестің жеңіл лизинг алуына мүмкіндік жасап, өндіріс қуатын арттыруға серпін береді. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 10 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қосымша кепілсіз заманауи жабдықтар сатып ала алады. Осылайша, кәсіпорындар бәсекеге қабілетті бола түсіп, тозған материалдық-техникалық база мәселесін шешеді.
Бағдарлама шарттары:
Лизинг алу үшін кәсіпорын жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі болуы, өндіріс қуаты бар және нарықта кемінде 1 жыл жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, кәсіпорынның өткен жылғы айналымы сатып алмақ болған жабдық құнынан кем дегенде бір жарым есе асуы керек деген де шарт бар.
Жабдықты отандық зауыттан немесе өнім шығарушы зауыттың ресми дистрибьюторынан/дилерінен кем дегенде бір жыл мерзімге, кепілдік және сервистік қызметімен бірге сатып алуға болады.
Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Даму» Қоры мен «KazLeasing» – Қазақстанның лизингтік компаниялар қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды.
Оның аясында бағдарламаның шарттары мен талаптарына сәйкес лизингтік компанияларға қаржы бөлінеді. Қазір бағдарламаға қатысатын Қордың серіктестері: Халык-Лизинг, BCC Leasing, ForteLeasing және Нур Лизинг.
Серіктестер тізімі жаңартылып, Қордың damu.kz ресми сайтына салынып тұрады.
Әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу мақсатында бағдарламаның кәсіпкерлерге де артатын міндеттемелері бар. Бұл – мемлекеттен қолдау алу кезіндегі стандарт әрі негізделген тәжірибе. Қаржы мемлекеттік ресурстан жеңілдікпен берілетіндіктен, кәсіпкерлерден экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын жасауға үлес қосуы күтіледі.