
Үкімет ЖІӨ өсімін кемінде 5% деңгейінде қамтамасыз етеді және экономиканың нақты секторын қолдауға шамамен 8 трлн теңге бағыттайды. Ұлттық құрылтайда берілген Президент тапсырмаларын жүзеге асыру тетіктері туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.
Оның айтуынша халықтың табысын арттыру үшін макроэкономикалық тұрақтылық бағдарламасы жалғаспақ. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімге қатысты 18%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Шаралар кешені халықтың нақты табысының 2-3%-дан жоғары өсуіне мүмкіндік береді.
Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік механизм құрылады. Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады, — деп хабарлады вице-премьер Серік Жұманғарин.