
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков "Amanat" партиясы орталық аппаратының қоғамдық қабылдауында азаматтармен жүздесті. Кездесу барысында ауылдық аумақтар мен шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды.
Өтініш айтушылар "Дипломмен ауылға", "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ моноқалалар мен оларға іргелес елді мекендерді "Ауыл аманаты"жобасына қосу мүмкіндігі жөнінде сұрайды.
Бауыржан Омарбеков "Ауыл аманаты" жобасы 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқанын және ауыл халқының табысын арттыруға арналғанын еске салды. Жеке қосалқы, шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын қосқанда, агробизнесті, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ықпал ететін бюджеттік микрокредиттер қолдаудың негізгі құралы.
Талқылау барысында Бауыржан Омарбеков "Ауыл аманаты" жобасы тұрақты нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәселен, 2023-2024 жылдары жоба шеңберінде 116 млрд теңге сомасына 17 мыңнан астам шағын несие берілді. Бұл ауылда 19,7 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 31 шағын қалада 3,7 млрд теңге сомасына 565 жоба қаржыландырылды. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 10,2 млрд теңгеге 1 мыңға жуық жоба мақұлданды. Оның 667-сі 6,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Бұл ретте моноқалаларға жобаны кеңейту қосымша бюджеттік қаржыландыруды талап ететіні және республикалық бюджетке жүктемені арттыратыны атап өтілді. Осыған байланысты "Іскер аймақты" қосқанда, басқа салалық бағдарламалар шеңберінде шағын бизнесті қолдауды және моноқалаларда жеңілдікті микрокредиттер беруді қарастырған жөн. Сонымен қатар, вице-министр моноқалалардың "Ауыл аманаты" жобасына ықтимал қатысу мәселесі қосымша пысықталатынын айтты.
Сондай-ақ, қабылдау барысында "Дипломмен ауылға" бағдарламасын шағын қалаларға тарату мүмкіндігі туралы да мәселе көтерілді. Бауыржан Омарбеков бағдарламаның кеңеюі мамандардың ауылдық жерлерден кетуіне әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Осыған байланысты, қазіргі уақытта ол тек ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылуда.