
Қазақстанның халықаралық беделі кезең-кезеңімен нығайып келеді. Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселелерін талқылауға және оңтайлы шешімдер табуға түрлі алаңда ерекше көңіл бөлінеді. Әр үш жыл сайын Қазақстан Орнықты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі саяси форумда Ерікті ұлттық шолуларын ұсынады. Бұл жайында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев ОКҚ алаңында мәлімдеді.
Мұндай халықаралық алаңда Ерікті ұлттық шолуды ұсыну Қазақстан үшін өз жетістіктерін көрсету мен бар сын-қатерлерді айқындау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар бұл халықаралық сараптамалық бағалауға, озық әлемдік тәжірибеге қол жеткізуге және ашық пікірталасқа қатысуға жол ашады, соның нәтижесінде орнықты даму саласындағы ұлттық әлеует нығаяды. Бүгінге дейін Қазақстан үш ұлттық шолу ұсынды.
«Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өткен Жоғары деңгейдегі саяси форум аясында Қазақстан 144 мемлекеттің ішінде қатысып, 37 елдің қатарында өзінің үшінші Ерікті ұлттық шолуын ұсынды. Бұл шолуда локализациялау, жаһандық мақсаттарды өңірлер мен жергілікті қауымдастықтар деңгейіне көшіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Шолуды дайындау үдерісі инклюзивті тәсілге негізделді. Оны әзірлеуге 25 мемлекеттік орган және барлық жергілікті атқарушы органдар тартылды», – деді спикер.
Сондай-ақ 2025 жылғы Шолудың басты ерекшелігі – азаматтық қоғамның, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың кеңінен қатысуы болды.
Шолуды әзірлеу аясында оның жобасын талқылуға және локализациялауға арналған өңірлік семинарлар сериясы өткізілді.
Жаһандық орнықты даму Күн тәртібі күш-жігерді біріктіруді және өңірлік ынтымақтастықты дамытуды талап етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының және серіктес мемлекеттердің қолдауымен Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа Өңірлік орталығы ашылды.