Мәжіліс OPEC Халықаралық даму қорымен жасалған келісімді ратификациялады

Мәжіліс OPEC Халықаралық даму қорымен жасалған келісімді ратификациялады

Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялады. Аталған құжатты Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды.

Жұмыс тобының жетекшісі Бауыржан Смағұлов өзінің қосымша баяндамасында атап өткендей, келісім Қордың инвестициялық жобаларды қаржыландыруы үшін Үкімет кепілдіктерін талап етпей, 2,5-5 пайыз мөлшерлемемен несие беруін көздейді.

– Бұл ретте Қор активтері мен кірістері тікелей салықтан босатылып, валюта айырбастау және қаражат аудару мүмкіндігі беріледі. Құжатта сондай-ақ Қордың мәртебесі мен режимін айқындау, оған артықшылықтар мен иммунитет беру, Қор мен оның бенефициарларының құқықтарын қорғау және дауларды төрелік сот арқылы шешу қарастырылған, – деді депутат.

Келісімді ратификациялау Қорға энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, қаржы, ауыл шаруашылығы, су, телекоммуникация, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салалардағы экономикалық даму мақсаттары ретінде Қазақстанға қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. 2026-2030 жылдар аралығында елдегі түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін жеке компанияларға 400 миллион долларға дейін қаражат бөлу жоспарланған.