
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті Орталық Азия елдері басқармасының бастығы Әли әл-Эйдпен кездесті.
Диалог барысында вице-премьер ХВҚ-ның Келісім баптары шеңберіндегі тұрақты талдамалық жұмысы үшін, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сынды Қазақстанның тағы да мемлекеттік органдарында консультациялар өткізіп, техникалық көмектер көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
«Біздің Халықаралық валюта қорымен ұзақ мерзімді әріптестігіміз макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық өсудің бірқалыпты архитектурасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қордың ұсынымдары біздің байыпты шешім қабылдауымызға көмектессе, өзара ынтымақтастығымыз институционалдық реформаны ілгерілетіп, макроэкономикалық және макропруденциалдық саясатты жетілдіруге жәрдемдеседі», — деді Серік Жұманғарин.
Ол ХВҚ миссиясы басшысын құрылымдық реформалардың барысымен, соның ішінде күшіне енген Бюджет және Салық кодекстерінің жүзеге асырылуы, қаржы нарығының дамуы, сондай-ақ Үкіметтің, Ұлттық банктің және ҚНРДА-ның 2026-2028 жылдарға арналған жаңа бірлескен іс-қимыл бағдарламасының негізгі бағыты туралы хабардар етті. Сонымен қатар жаңартылған макрокөрсеткіштермен таныстырды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,8%, ал 2025 жылғы 10 айда – 6,4% болды.
Әли әл-Эйд ХВҚ-ның Қазақстанмен ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, салық реформасын жүргізу, фискалдық ұстанымды нығайту, экономикалық өсудің жоғары қарқынын қолдау мен ұзақ мерзімді стратегиялық пайымды қалыптастырудағы елдің елеулі ілгерілеуін атап өтті. Сонымен бірге ол инфляцияны одан әрі төмендету қажеттігіне, оның көп компонентті сипаты мен сыртқы факторлардың әсеріне назар аударды.
Тараптар талдамалық және сараптамалық алмасуды нығайту, сондай-ақ орнықты экономикалық өсуді қолдау жөніндегі бірлескен жұмысты дамыту секілді алдағы өзара іс-қимыл перспективасын талқылады.
Кездесу сындарлы, әріптестік райда өтті. Бұл Қазақстан мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы тығыз диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты тереңдетуге деген өзара көзқарасты айғақтайды.