Қазақстан аймақтық әріптестікті нығайту, орнықты даму құндылықтарын ілгерілетуді жалғастыруда

Қазақстан аймақтық әріптестікті нығайту, орнықты даму құндылықтарын ілгерілетуді жалғастыруда

2025 жылғы 17 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Мәскеуде өткізілген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) орнықты даму жөніндегі форумына қатысты. Іс–шара ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында өткізілді. Оны ШЫҰ Хатшылығының қолдауымен Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу үшін Ресей Федерациясы Президентінің Халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі арнайы өкілінің аппараты ұйымдастырды.

ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев және Ресей Федерациясы Президентінің ОДМ-ға қол жеткізу үшін халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Борис Титов форум қатысушыларына арнап, сөз сөйледі.

Форум барысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Қазақстандағы орнықты даму мақсаттарының іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп, олардың мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттеудің ұлттық тетіктеріне интеграцияланғанын атап өтті. Ол ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдету тұрақты экономикалық өсуді жеделдету, практикалық шешімдер алмасу және аймақтық дамудың жаңа моделін қалыптастыру үшін қосымша мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

Форум мемлекеттік органдардың, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтың, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің іскер топтары мен қоғамдық ұйымдарының, сондай-ақ диалог бойынша бақылаушы және әріптес елдер өкілдерін біріктірді. Қатысушылардың көп болуы ұйымның аймақтық күн тәртібіндегі орнықты даму тақырыбының барған сайынғы маңыздылығын растайды.

Іс-шара бағдарламасы 2030 жылға дейінгі Орнықты дамудың күн тәртібін іске асырудың негізгі аспектісін талқылауға және озық ұлттық тәжірибелерді алмасуға арналды. Пікірталас шеңберінде ОДМ-2030-ға қол жеткізудің әлемдік прогресіне шолу, ШЫҰ елдерінде ОДМ-ны ілгерілету туралы баяндамалар ұсынылып, сондай-ақ әлеуметтік жауапты бизнес мәселесі, ESG-тәсілдерді дамыту мен олардың экономиканың тұрақты трансформациясын жеделдету рөлі талқыланды.