"Ауыл-ел бесігі" және "Ауыл аманаты": ауылдағы жаңа нысандар мен нақты мүмкіндіктер

"Ауыл-ел бесігі" және "Ауыл аманаты": ауылдағы жаңа нысандар мен нақты мүмкіндіктер

Алматы облысында "Ауыл - ел бесігі" және "Ауыл аманаты" мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде салынған және қаржыландырылған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар табысты жұмыс істеуде. Өңірге жұмыс сапары кезінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков олардың қызметімен танысты.

Сапар барысында ол Жамбыл ауданының нысандарын аралап, тұрғындармен кездесті. Өңірдің дамуын, кәсіпкерлікті қолдау мен ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту шараларын талқылады.

Ауыл бизнесін табысты дамытудың жарқын мысалының бірі 2024 жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасы шеңберінде ашылған Қарақастек ауылындағы "Антикафе"асханасы. Бағдарлама қолдауының арқасында кәсіпкер Айгүл Базарқұлова жобаны іске қосуға 8,6 млн теңге алды. Бүгінде жергілікті аспаздар жұмыс істейтін бұл жер ауылдастардың жайлы кездесу орнына айналған. Мұнда асхана, ұлттық нақыштағы бөлме, караоке мен 50 адамдық кең зал бар.

Вице-министр ауылдағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де болды. Мекеме 2024 жылғы сәуірде пайдалануға беріліпті. "Ауыл – ел бесігі" жобасы бойынша салынған мектеп жастар үшін қызықты орталыққа айналды. Іргелес аумақта жеңіл атлетика жолы, үлкен және кіші футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңы бар.

Спорт мектебінің директоры Жасұлан Сыдықовтың айтуынша, кешенге үш кең зал - бокс залы, күрес залы және әмбебап зал, сондай-ақ медицина қызметкеріне арналған кабинет кіреді. 29 жаттықтырушы 784 оқушымен тоғыз бағыт бойынша айналысып, бокс, футбол, волейбол, қазақша күрес, грек-рим, еркін күрес, дзюдо, баскетбол, таэквондо үйретеді.

Жұмыстың бірінші жылында мектеп оқушылары жақсы нәтиже көрсетіп, өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орынға ие болды.

2023 жылы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде Жамбыл ауданында 7 жобаны іске асыруға 3,6 млрд теңге, 2024 жылы бір жаңа жобаға тағы 1,3 млрд теңге бөлінді. 2025 жылға республикалық бюджетте бұрын басталған жұмыстарды аяқтауға 36,5 млн теңге қарастырылған.

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында Бауыржан Омарбеков мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша қаржыландыру, Қарғалы ауылын сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және т.б. мәселелер талқыланды.

Вице-министр 2025 жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджетте 50 млрд теңге қарастырылғанын, оның 2,5 млрд теңгесі Алматы облысына бағытталғанын атап өтті. Бұдан басқа, Қарғалы ауылындағы су құбырын қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Кездесуді қорытындылай келе, Бауыржан Омарбеков Ұлттық экономика министрлігі тұрғындардың мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысты жалғастыратынын атап өтті.