
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Қарағанды жарық» ЖШС-нің инвестициялық жобасының қаржылық серіктесі болды.
Қаражат Қарағанды облысының электр желілік инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске асыруға бағытталады. Бұл өңір – елдің энергетикалық жүйесіндегі негізгі аймақтардың бірі саналады.
Қаржыландыру тарту өңірдің электр желілік кешенінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттырудағы маңызды қадам болды. Бұл тек қаржылық шара ғана емес, сонымен қатар жабдықтарды жаңарту, апаттылықты азайту және халық пен бизнес үшін электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық құрал.
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған және ол Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан өткен жылдың желтоқсан айында бекітілді. Жобаға елдің инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған инвестициялық бастамаларды іске асырып жатқан табиғи монополиялар субъектілері қатысуда.
Жобаны іске асыру нәтижесінде апаттылық 20 пайызға төмендеп, энергетикалық активтердің тозу деңгейі ел бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде. Қазақстанның Даму Банкі мен «Қарағанды жарық» ЖШС арасындағы қаржылық серіктестік осы бағыттағы жүйелі жұмыстың көрінісі болмақ.
Инвестициялық жоба аясында «Қарағанды жарық» бірқатар инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асырады: 110 кВ «Мемлекеттік аудандық электр станциясы-2 – Қарағайлы» (1 және 2 тізбек) әуе желілерін қайта жаңарту, 110 кВ «Астаховка – Шоқай» желісін жаңғырту, сондай-ақ 35/10 кВ «Жосалы» және 110/6 кВ «РТИ» қосалқы станцияларын жаңарту көзделген. Құрылысты аяқтау және нысандарды пайдалануға беру 2029 жылғы 1 шілдеге дейін жоспарланған.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 58,2 шақырым әуе желісі қайта салынып, күштік трансформаторлар жаңасына ауыстырылады. Бұл өз кезегінде желілердің тозу және апаттылық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
ҚДБ қаржыландыруды 10 жыл мерзімге 16,7 млрд теңге көлемінде қайтарылмайтын несиелік желі түрінде ұсынады. Банк жобаның жалпы құнының 90 пайызын қаржыландырады. Қаражат құрылыс-монтаж жұмыстарына, жабдықтарды сатып алу мен орнатуға бағытталады.
– Қазақстанның Даму Банкі «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында табиғи монополиялар субъектілерін тікелей қаржыландыратын негізгі қаржы институттарының бірі. Бұл – елдің коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту және тұрақты дамытуға бағытталған стратегиялық қадам. Биыл Банк сондай-ақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы жаңғырту жобаларын қолдау бағдарламасын бекітті. Бағдарлама табиғи монополиялар саласындағы инвестициялық бастамаларды іске асырудың тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, – деді ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев.
«Қарағанды жарық» жобалары «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының өңірлердегі энергетикалық кешенді жаңарту жөніндегі ұзақмерзімді стратегиясының бөлігі. Топ электр және жылу желілерін жүйелі түрде жаңғыртып, энергия үнемдеу технологияларын енгізіп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға тұрақты инвестициялар салып келеді.
– Қазақстанның Даму Банкі өңір үшін маңызды инвестициялық жобаның қаржылық серіктесі атанды. Мұндай бастамаларды қолдау – энергетика саласының тұрақты дамуына және инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға қосылған үлес. Бұл – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін бағыт. Біз энергетикалық инфрақұрылымға инвестиция салу арқылы еліміздің миллиондаған тұрғынының жайлылығына үлес қосамыз, – деді «Қарағанды жарық» ЖШС бас директоры Дидар Ахмадин.
Қазақстанның Даму Банкі қазіргі уақытта табиғи монополия субъектілеріне – «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қатысушыларына тиімді қаржыландыру шарттарын ұсынып отыр. Несие сомасы 3 млрд теңгеден бастап, мерзімі 20 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызы тариф есебінен, қалған бөлігі мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі.
Қазіргі таңда ҚДБ жалпы құны 141,8 млрд теңге болатын 7 жоба қаралу үстінде. Олардың несиелік көлемі шамамен 126,2 млрд теңгені құрайды. Бұл бастамалардың жүзеге асуы елдің коммуналдық инфрақұрылымындағы тозу деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.