Абай облысында агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамыту мәселеci талқыланды

Абай облысында агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамыту мәселеci талқыланды

Семейде Парламент Сенатының Агроөнеркәсіптік кешен және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің  отырысы өтті.

Қатысушылар аграрлық сектордағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын және ауылды дамытудың жаңа тәсілдерін талқылады.

Жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев, Сенат депутаттары, Ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы вице-министрлері, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілі, мәслихат депутаттары, және облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.

Ауылдық аумақтарды дамытудың ағымдағы нәтижелері мен перспективалары туралы баяндамамен Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков сөз сөйледі. Ол елімізде қалалар мен ауылдар арасындағы қызмет көрсету деңгейіндегі алшақтықты азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, ауылдарды, оның ішінде шекаралас аймақтарды жан-жақты дамытуға жәрдемдесуге бағытталған 2023–2027 жылдарға арналған Ауылды дамыту тұжырымдамасы дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде. Соңғы жылдары болашағы зор ауылдардың халқы 320 мың адамға өсіп, 6,9 миллионға жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,2 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция 1,5 есеге өсіп, 738 миллиард теңгеге жетті. Шаруа қожалықтарының саны да тұрақты өсіп, 271 мыңға жетті. Ауылдардың инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуде. Негізгі құралдардың бірі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы болып қала береді, оның аясында 2019 жылдан бері республика бойынша 2500 ауылда жалпы құны 701 миллиард теңгеге 6600-ден астам жоба жүзеге асырылды, бұл 5000 шақырымнан астам инженерлік желілерді, 800 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен бірқатар әлеуметтік нысандарды жаңартуға мүмкіндік берді. Абай ауданында соңғы үш жылда 21,2 миллиард теңгенің 191 жобасы жүзеге асырылды. 2025 жылы облыста жалпы құны 9,2 млрд теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Тағы бір маңызды бағыт – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. 2023 жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып, республика бойынша 116 миллиард теңгеге 17 мыңнан астам шағын несие беріліп, 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бір ғана Абай ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайтын 365 шағын несие алса, 2025 жылы облысқа қосымша 1 млрд теңге қаржы бөлінбек.

Ауылдық жерлерде кадрларды сақтап қалу мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы 3700 жас маман тұрғын үй көмегіне ие болса, оның 99-ы Абай ауданында, бұл мақсатқа 788 млн теңге бөлінді. 2025 жылы облыс бойынша тағы 105 маманға көмек көрсету жоспарлануда.

Шағын бизнеске де белсенді қолдау көрсетілуде. 2024 жылы ел бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және несиелерді кепілдендіру арқылы 17 мың жобаға 310 миллиард теңге қолдау көрсетілді. Абай ауданының ауылдық жерлерінде 833 миллион теңге субсидия, 1,6 миллиард теңге кепілдік, 105 миллион теңгеге 23 грант берілді.