Бизнеспен ашық диалог: ҰЭМ мен «Respublica» партиясы бизнес қауымдастықпен арнайы салық режимдерін талқылады

Бизнеспен ашық диалог: ҰЭМ мен «Respublica» партиясы бизнес қауымдастықпен  арнайы салық режимдерін талқылады

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин "Respublica" партиясымен арнайы салық режимін қолдану мәселесін талқылауға арналған кездесуге қатысты. Іс-шара ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия басшысы Айдарбек Қожаназаровтың төрағалығымен өткізілді. Кездесуге Мәдениет және ақпарат министрлігінің, "Атамекен" ҰКП, мемлекеттік кірістер комитетінің, сондай-ақ салалық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Талқылауда сөз сөйлеген Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин "Respublica" партиясына ашық диалог үшін алғыс білдіріп, салық заңнамасын жетілдіру жұмысы тұрақты түрде сарапшылармен, бизнес-қоғамдастықпен тығыз байланыста жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексі "Атамекен" ҰКП және салалық қауымдастықтармен бірлесіп әзірленген. Бұл процесті барынша ашық жүргізуге, кәсіби тұрғыда жетілдіре түсуге көмектесті.

"Ашық НҚА" сайтындағы қызмет түрлерінің тізімін қоғамдық талқылауға 800-ден аса ұсыныс, ескерту түскен екен. Сол себепті талқылау мерзімі 16 қазанға дейін ұзартылды. Әрбір өтініш Министрліктің түсініктеме-ұстанымы шегінде жеке-жеке қаралады. Тізбенің ағымдағы жобасында 1111 қызмет түрі бар. Оның 316-сы рұқсат беру тізіміне және 795-і тыйым салу тізіміне енгізілген. Бұл ретте салық төлеушілердің 70%-ы рұқсат етілген тізбеде қалатын қызмет түрімен жұмыс істейді.

Тыйым салу тізіміне енген қызмет түрі негізінен ірі бизнеске — көтерме саудаға, қаржы секторына, жер қойнауын пайдалануға, сондай-ақ ауданы 2000 шаршы метрден асатын бөлшек сауда желісіне жатады.

"Тізбені қалыптастыру кезінде оны "Ашық НҚА" порталында орналастыруға дейін, бизнес өкілдерімен, "Атамекен" ҰКП-мен бірлескен жұмыс жүргізілді. Көп ұсыныс ескерілді. Бұл бизнес субъектілерінің 70%-ы үшін АСР қолдануды сақтауға мүмкіндік берді", - деп атап өтті Азамат Әмрин.

Ол қарапайым халыққа бағдарланған шағын бизнестің негізгі бөлігі жеңілдетілген салық режимін пайдалануды жалғастырып, ал ірі және жүйелік кәсіпорындар жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшетінін атап өтті. Бұл ретте жалпы режимге ауысатын айналымы жылына 40 млн теңгеге дейінгі салық төлеушілер ҚҚС төлемейді. Корпоративтік табыс салығы бойынша шығыстарды шегеру құқығы сақталады.

Азамат Әмриннің айтуынша, тізімді талқылау жалғасуда. Қоғамдық талқылау аяқталғаннан кейін құжат мемлекеттік органдармен келісіліп, айдың соңына дейін Үкіметке бекітуге ұсынылмақ. Ол атап өткендей, құжат түпкілікті емес. Министрлік диалогқа ашық. Есептелген, талдау жасалған барлық дәйекті ұсынысты қарауға дайын. "Respublica" партиясы фракциясының мүшесі Айтуар Қошмамбетов бизнесті толғандыратын мәселелер бойынша ашық өзара іс-қимылға және бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдірді.

Ол ЭҚЖЖ қызмет түрлерінің тізбесі мен жіктеуішін жан-жақты талдаудың ғана емес, сонымен қатар жаңа Салық кодексінің оң жаңалықтарын — есептілікті оңайлату, стандартты шегерім енгізу және кәсіпкерлерді қолдаудың басқа да шараларын жариялаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ЭҚЖЖ жіктеуішінде шағын және микрокәсіпорындарға, қайта өңдеушілерге, IT-мамандарға, риэлторларға, медициналық және креативтік сервистерге ерекше назар аудару қажет.

Сонымен қатар, депутат бизнесті арнаулы салық режиміне көшу тетігі туралы уақтылы хабардар ету қажеттігін атап өтті. Ол айтқандай, "Respublica" партиясы мен салалық қауымдастықтар салық саясатын жетілдіру мәселесінде мемлекеттің сындарлы әріптесі болуы тиіс. ZOOM платформасы арқылы өткізілген онлайн кездесуге барлық өңірден 200-ден астам бизнес өкілі қосылды. Олар өздерін толғандырған мәселелерге уәкілетті органнан тікелей түсініктеме алды.