Жүргізілудегі экономикалық саясаттың негізгі мәселелерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің нормаларын, тарифтік саясат пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасын қалыптастыруды түсіндіру мақсатында 2025 жылғы 6 қазанда Ақмола облысының әкімдігінде бизнес-қоғамдастықтардың, "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың және мемлекеттік кірістер аумақтық бөлімшелерінің өкілдерімен кездесу өткізілді.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Нариман Ілиясов қатысты.
Вице-министр Ерлан Сағынаев 2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін ұсынды. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Онда салық жүйесін жеңілдетіп, экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған жүйелі өзгерістер көзделуде.
Негізгі жаңалықтардың арасында:
* салық есептілігін 30-ға қысқарту%;
• салық санын 20%-ға азайту;
* салық жеңілдігін оңтайландыру;
* сараланған мөлшерлеме енгізу;
* инвестицияны ынталандыру;
* сән-салтанат затына салық салуды арттыру бар.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа Салық кодексінің мақсаты инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бюджеттің мұнай кірісіне тәуелділігін төмендету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту.
Салық салудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін рұқсат беру және тыйым салу тізбесі әзірленді. Жаңа Кодекс жеңілдетілген режимді қолданудың нақты ережесін анықтайды. Бұлар ірі компаниялар мен күрделі қызмет түрлерін қоспағанда, шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін сақталады.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров тарифтік саясат және тарифтің қалыптасуына әсер ететін фактор туралы айтты.
"Тариф динамикасы табиғи монополия субъектілерінің өтініміне, инфрақұрылымның жай-күйіне және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты. Оны көтеруге ҚР Үкіметі белгілеген инфляциялық дәліз шегінде ғана жол беріледі", - деді ол.
Сондай-ақ, ол барлық өтінімдер, есептер мен тарифтерді түзету тұтынушылардың ақпаратқа оңай қол жеткізуін қамтамасыз ететін және тариф белгілеу процесінің ашықтығын арттыратын "Монополист" электрондық жүйесінде берілетінін әрі қаралатынын атап өтті.
Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын өндірушілер үшін тариф тұтынушылардың басқа санатымен салыстырғанда неғұрлым төмен деңгейде қалады.
Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі де қозғалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Нариман Ілиясовтың айтуынша, ағымдағы жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 3,4% - ға өсуі байқалады. "Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында оң динамика сақталуда. Өңірлерде тұрақтандыру қоры құрылып, азық – түлік қоры қалыптастырылады. Бұл бағаны ұстап тұруға және тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ол.