Шымкентте агломерацияның дамуы талқыланды

Шымкентте агломерацияның дамуы талқыланды

3 қазанда Шымкентте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың төрағалығымен Шымкент агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу мәселелері бойынша кеңес өткізілді.

Агломерация құрамына Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 6 ауданының 118 елді мекені (Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Төлеби және Түлкібас аудандары) кіреді. Жалпы халық саны шамамен 2,1 миллион адамды құрайды.

Кешенді жоспар "Агломерацияларды дамыту туралы" Заңды іске асыру шеңберінде әзірленіп, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға арналған. Құжатта экономикалық әлеуетті нығайту, ресурстарды ұтымды пайдалану, көлік байланысын дамыту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық орнықтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасы көзделген.

Кеңесте Кешенді жоспардың жобасын Жергілікті агломерация кеңесінің қарауына шығару туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жалпымемлекеттік маңызы бар объектілерді және жергілікті бюджет есебінен іске асырылатын жобаларды қаржыландыру мәселесі талқыланды.

Жоспар бес негізгі бағытты қамтиды: адами әлеуетті дамыту, бірыңғай көліктік-логистикалық кешенді қалыптастыру, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық тұрақтылықты нығайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Барлығы 300-ге жуық іс-шара қарастырылған.

Кешенді жоспарды іске асыру өнеркәсіптік өндірістің өсуін, негізгі капиталға инвестицияның артуын, энергетикалық желілердің қуаттылығын, сондай-ақ жалпы өңірлік өнімнің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кеңеске Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ агломерация құрамына кіретін төрт аудан әкімінің орынбасарлары қатысты.

Кешенді жоспарды қабылдау өңірдің орнықты дамуындағы, инфрақұрылымды жаңғырту мен агломерация тұрғындарының өмірі мен жұмысы үшін қолайлы жағдай жасаудағы маңызды қадам болмақ.