Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізілді. Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Сұлтанбек Мәкежанов төрағалық еткен талқылауға Сенат депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Бюджет кодексінің тәсілдерін ескере отырып, "Республикалық және облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар мен Астананың 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы"заң жобасы әзірленгенін атап өтті.
"Құжат жаңа Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес әзірленді. Жалпы сипаттағы жаңа үшжылдық трансферттер Үкімет алдына қойылған негізгі міндеттерді шешуге, оның ішінде өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға, тұрғындардың әлеуметтік игілік пен мемлекеттік қызметке қол жеткізуін теңестіруге арналған", - деді бірінші вице-министр.
Бұл ретте ол жергілікті бюджет кірісі болжамы жаңа Салық және Бюджет кодекстері шеңберінде көзделген өзгерістерді ескере отырып жүзеге асырылғанын атап өтті.
"Кірістің ұлғаюы акциздер мөлшерлемесінің артуы, белгілі бір деңгейден асатын кіріске жеке табыс салығының 15% прогрессивті мөлшерлемесін енгізу, жекелеген салық, алым мен баждарды республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беру, "Арнайы түсімдер"нысаналы кірістердің қосымша санатын енгізу сияқты нормаларды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, бұрын республикалық бюджетке түскен барлық айыппұл да жергілікті деңгейге берілді", - деді Азамат Әмрин.
Оның айтуынша, бюджеттің кіріс бөлігін төмендететін, бірақ халық табысының нақты өсуін қамтамасыз ететін нормалар да ескерілген. Бұл стандартты шегерім мөлшерін 14 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін көбейту, түзету коэффициентін қолдану арқылы көлік салығының мөлшерлемесін төмендету, төлем мен мемлекеттік баждың кейбір түрін алып тастау.
"Кірістер өңірлердің салық әлеуетін ескере отырып есептелді. Жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігінің түсімін талдау жыл сайынғы тұрақты өсуді көрсетеді. Соңғы үш жылда салық түсімінің өсу қарқыны орта есеппен 127,2%. Өңірлердің кірісі 2026 жылғы 10,7 трлн теңгеден 2028 жылы 13,3 трлн теңгеге дейін немесе 124,3%-ға өседі деп болжануда", - деді Азамат Әмрин.
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов жаңа тәсілдер ең төменгі инфрақұрылымдық нормативтер мен өңірлік стандартты ескеруі тиіс екеніне назар аударды. Оның айтуынша, оларды енгізу жергілікті бюджеттің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және азаматтар үшін мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
"Ең маңызды міндет - қаржы ресурсын әділ және ашық бөлуді қамтамасыз ету. Депутаттардың бүгінгі ұсынысын Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған трансферттер туралы заңды дайындау кезінде егжей - тегжейлі пысықтауы тиіс", - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Кездесу соңында Үкіметтің заң жобасын дайындау кезінде бірлескен жұмысты жалғастыру және Сенаттың ұсыныстарын есепке алу қажеттігі атап өтілді. Бұл бюджетаралық қатынастар жүйесін неғұрлым орнықты және теңгерімді етуге мүмкіндік береді.