Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар электрондық сауда мәселелері туралы заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Палата депутаттары «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарады. Хаттаманы ратификациялау электрондық сауданы реттеу үшін құқықтық база құруға, электрондық сауда тауарларын кедендік әкімшілендіруді жақсартуға, техникалық регламенттердің сақталуына және әкелінетін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылауды күшейтуге жол ашады. Сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды жинау есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Қаралған хаттама шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынған тауарлардың кедендік шекарадан өту тәртібін айқындауды көздейді. Соған сәйкес «электрондық сауда операторы» ұғымы және кедендік декларацияның жаңа түрі – электрондық сауда декларациясы енгізіліп отыр. Құжатта кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге арналған өзге де нормалар бар. Алдағы уақытта заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында электрондық сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.