Бизнестің цифрлық картасы Ұлттық экономика министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте таныстырылды.
"Атамекен" ҰКП әзірлеген Бизнестің цифрлық картасы—дэшбордтары, болжамды модельдері мен ашық статистикасы бар заманауи ақпараттық-талдамалық платформа. Бұл кәсіпкерліктің дамуының қазіргі ахуалы туралы ақпарат беріп, қолдау шараларының тиімділігін бағалауға, инвестициялық белсенділікті талдауға және мемлекеттік органдарды салмақты шешім қабылдауға қажетті құралмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, жаңа жүйе мемлекеттік және ведомстволық деректер базасымен интеграцияланбақ. Бұл еліміздегі кәсіпкерліктің жай-күйіне объективті талдау жасауға мүмкіндік береді. Жоба 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары шеңберінде іске асырылуда. "Атамекен"ҰКП толық қаржыландырады.
Бизнес үшін БЦК мемлекеттік қолдау шаралары, өңірлердегі басым бағыттар мен оларды мамандандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, қызмет түрлері бойынша міндетті талаптар, сондай-ақ өнімге сұраныс туралы деректерге қол жеткізеді. Мұндай ақпарат кәсіпкерлерге дамуды жоспарлауға, жаңа тауашаларды табуға және тиімді стратегия құруға көмектеседі.
Мемлекет үшін цифрлық карта басым салаларды мониторингілеу мен инвестициялық жобаларды іске асыру құралы, сұраныс пен ұсынысты талдау жүйесі, кәсіпкерлік ахуалды объективті бағалау көзі және мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігі, сондай-ақ бизнестің қарсы міндеттемесін бақылау құралы.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын және еліміздегі жұмыспен қамтудың жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Ал БЦК мемлекет пен кәсіпкерлердің нақты аналитикасы мен жүйелі өзара іс-қимылы арқылы осы көрсеткіштердің одан әрі өсуіне ықпал етуі керек.
Қазіргі уақытта "Атамекен" ҰКП мемлекеттік органдармен бірлесіп, QazTech платформасында Бизнестің цифрлық картасын енгізуді пысықтауда.