Мәжілісте республикалық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заң жобалары таныстырылды

Мәжілісте республикалық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заң жобалары таныстырылды

Депутаттарға 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық пен облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заң жобалары ұсынылды.

Презентацияны Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева жүргізді. Іс-шараға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Дания Еспаева өз сөзінде заң жобаларын талқылау кезінде Президенттің соңғы Жолдауында айтылған міндеттерді ескеру қажеттілігін айтты. Атап айтқанда, шектеулі бюджет кірістері жағдайында әлеуметтік шығыстарды тежеу, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және мақсатсыз шығындарды жою, сонымен қатар цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджеттер аясында кеңейту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар вице-спикер әріптестеріне республикалық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферттерге жаңаша қарау қажет екенін жеткізді. Себебі бұл құжаттарда жаңартылған Бюджет кодексі негізінде бюджет қалыптастыру мен бюджеттік қатынастардың жаңа тәсілдері қарастырылған.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин «2026–2028 жылдарға арналған республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы» заң жобасының негізгі нормаларын таныстырды.

– Болжамға сәйкес, өңірлердің кірістері 2026 жылғы 10,7 трлн теңгеден 2028 жылы 13,3 трлн теңгеге дейін өседі, яғни 24,3%-ға артады. 2026 жылы қаржы басталған жобаларды аяқтауға, ал келесі жылдары жаңа жобаларды іске асыруға бағытталады. Жоспарланған кезеңде өңірлік стандарттар жүйесінің қамтамасыз етілу көрсеткіші 69,2%-ды құрайды. 2028 жылы Павлодар облысы толықтай өзін-өзі қамтитын болады, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор өңірге айналады. Жалпы, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді, – деді ол.

Презентация қорытындысында заң жобалары жан-жақты талқыланды.

Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау жаңа бөлу жүйесі бойынша жалпы сипаттағы трансферттерге қандай бағдарламалар енгізілгенін және олардың орындалуын бақылау қалай жүргізілетінін сұрады. Бұған жауап берген Азамат Әмрин жергілікті атқарушы органдардың даму бюджетінде инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеу мен салу, көлік инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік нысандарды іске асыру қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, жалпы сипаттағы трансферттер құрамынан тиімсіз шығыстар толық алынып тасталған.

Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева атап өткендей, Мәжілісте республикалық бюджет жобасы бойынша жұмыс депутат Уласбек Сәдібековтің жетекшілігімен жалғасады. Ал жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобын депутат Еркін Әбіл басқарады.