10-11 қыркүйекте Гонконгта "Бір белдеу, бір жол" бастамасының 10-саммиті өткізіледі. Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев саяси диалог жөніндегі сессияда сөйлеген сөзінде осыдан 12 жыл бұрын халықаралық ынтымақтастықтың негізгі факторына айналған осы жаһандық бастама Қазақстанда жарияланғанын атап өтті.
"Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Қытай екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, жаңа Жібек жолы кеңістігіндегі инвестициялық ынтымақтастыққа қуатты серпін берді. Бүгінде біз үшін Қытай - Еуропа контейнерлік бағытын дамытуды жалғастыру маңызды. Осыған байланысты Қазақстан транзиттік-логистикалық инфрақұрылымды белсенді дамытуда", - деді Ерлан Сағнаев.
Ол Қытайдан Еуропаға Орталық Азия арқылы жүк тасымалдау көлемі, әсіресе, "алтын дәліз" аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамытудың арқасында қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті.
"Қытай жүктері транзитінің одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында біз Гонконг компанияларын көлік инфрақұрылымын дамытуға және Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында "Орталық Азия – Қытай"форматында бірлескен жобаларды іске асыруға қатысуға шақырамыз. Қазақстан осы мәселе бойынша қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты арттыруға дайын",-деді вице-министр.
ТХКБ өткізу қабілеті 6 млн тонна. 2024 жылғы қорытынды бойынша тасымалдау көлемі 4,5 млн тонна. 2025 жылғы 9 маусымда "ҚТЖ" АҚ және "Lianyungang Port" АҚ-мен бірлесіп Ақтау портында ТХКБ бағыты бойынша жылына 500 мың транзиттік контейнерді өңдеуге қабілетті контейнерлік хаб іске қосылды.
Саммит барысында Ерлан Сағнаев Гонконг сауда және экономикалық даму министрі Алджернон Яумен және АӘА валюта басқармасы басшысының орынбасары Артур Йенмен кездесулер өткізді. Тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың перспективаларын, соның ішінде "Бір белдеу, бір жолмен”байланысты жаңа бастамаларды талқылады.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан тұрақты экономикалық өсуді көрсетіп отыр: бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ЖІӨ 6,2% – ға, ал негізгі капиталға салынған инвестиция 19,3%-ға ұлғайды. Бұл нәтижелер Қазақстанның инвесторлар үшін тартымды және аймақтағы сенімді серіктес болып қала беретінін растайды.
Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда әріптесінің бірі. 2024 жылғы екіжақты тауар айналымы 43 млрд доллардан асса, 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта 21,8 млрд доллар. Екі ел үкіметі Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының бұл көрсеткішті 80 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде.