Ұлттық экономика министрлігінде Мемлекет басшысының Жолдауын орындау шаралары талқыланды

Ұлттық экономика министрлігінде Мемлекет басшысының Жолдауын орындау шаралары талқыланды

Ұлттық экономика министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары – министр Серік Жұманғариннің төрағалығымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған кеңес өткізілді.

Кеңес Премьер-Министр Олжас Бектеновтың Үкімет отырысында берген тапсырмаларын дамытуға арналды.

Серік Жұманғарин тұрақты экономикалық өсуді қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Инфляция қарқынын және реттелетін қызметтер бағасын тежеу үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетіне бір апта мерзімде тарифтерді қайта қарау жөнінде ұсыныстар беру тапсырылды. Сондай-ақ инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі шаралар кешені жаңартылады.

Негізгі бағыт — жаңа инвестициялық циклды іске қосу. Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп инвестиция тарту жүйесін жаңғырту жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындайды.

"Бәйтерек" холдингі отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен перспективалық жобаларды талдап, құрылымдаумен айналысады.

Алатау қаласын іскерлік белсенділік пен инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Әкімшілік жүктемені азайту үшін Ұлттық экономика министрлігі бизнеске кедергілерді жою және міндетті талаптар тізілімін өзектендіру жұмысын жалғастырады. Бұл ретте негізгі міндет шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау және қолдау болып қала бермек.