Президенттің мемлекеттік қаржының ұзақмерзімді теңгерімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет отырысында елдің 2026-2035 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму болжамы қаралды. Құжаттың негізгі параметрлері туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.
Оның айтуынша, дамудың үш нұсқасы қарастырылды: негізгі, қалыпты және балама. Базалық нұсқада 10 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,5%-ды құрайды, бұл 2035 жылға қарай номиналды ЖІӨ-ді 473,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Болжамға сәйкес, мемлекеттік бюджеттің кірісі 2035 жылы 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл ретте шикізат секторына тәуелділікті төмендету үшін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2029 жылдан бастап біртіндеп 2,0 трлн теңгеге дейін төмендетіледі.
«2035 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Кепілдендірілген трансферт 2029 жылдан бастап 2 трлн теңгеге дейін төмендетумен көзделген. Бюджет тапшылығы 2029 жылы ЖІӨ-нің 0,4%-ға дейін біртіндеп төмендеумен және 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жетумен айқындалды», — деп атап өтті вице-премьер.