2024 жылы 17 мыңнан астам бизнес-жоба жеңілдікпен қаржыландырылды

2024 жылы 17 мыңнан астам бизнес-жоба жеңілдікпен қаржыландырылды

Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің үшінші отырысы барысында 2024 жылғы қорытынды бойынша кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шарасымен жалпы сомасы 1 трлн теңгеге 17 мыңнан астам бизнес-жоба қамтылғаны белгілі болды.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары Саламат Оңалбековтың айтуынша, 310 млрд теңгеге 8 мың жобаға кепілдік берілген. 2025 жылы қолдау бағдарламаларын іске асыруға 271,1 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 196,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 74,7 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.

Қолдау тапқан жобалар саны бойынша Алматы, Астана, Шымкент, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстары көш басында. Ең үлкен үлес өңдеу өнеркәсібіне, көлік пен қоймаға және білімге тиесілі.

2024 жылы қаржысыз қолдау көрсету жалғасты. Кәсіпкерлерге 135 мыңнан астам кеңес беріліп, 15 мың сервистік қызмет көрсетілді.

Макроэкономикалық талдау және болжамдау департаментінің директоры Вагиз Хисматулин Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегі бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2025 жылғы қаңтар–шілдеде өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3%-ға өскенін хабарлады.

Тауар өндірісі 8,3%-ға, қызметтер 5,2%-ға (бұл ретте көлік және сауда ең серпінді сегмент), өнеркәсіп 6,9%-ға артты.

ЖІӨ өсуіне көлік және қоймалау 22,5%, құрылыс 18,5%, көтерме және бөлшек сауда 8,6%, тау-кен өнеркәсібі 8,5% және өңдеу өнеркәсібі саласы 6,1%-бен ең көп үлес қосты.