Barceló мен Xcalibur Қазақстандағы жобаларға қызығушылық танытуда

Barceló мен Xcalibur Қазақстандағы жобаларға қызығушылық танытуда

Севильяда (Испания) БҰҰ-ның дамуды қаржыландыру жөніндегі IV халықаралық конференциясына қатысу шеңберінде вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жетекші испандық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Қатысушылар қатарында Barceló Hotel Group қаржы директоры, Avoris Висенте Фенольяр тобының президенті, Xcalibur Multiphysics Group S.L. бас атқарушы директоры Андрес Бланко бар.

Barceló Hotel Group басшылығымен келіссөз барысында испандық тараптың Қазақстанда, атап айтқанда Маңғыстау облысында туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысуы талқыланды. Қонақ үй нысандарын құруға ерекше қызығушылық білдіріліп, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі де талқыланды.

Серік Жұманғарин Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі тартымдылығын айта келіп, елімізде қолайлы инвестициялық ахуалдың бар екенін, инвесторларға көптеген салықтық преференция жасалатынан атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Висенте Фенольяр биыл іскерлік сапармен Қазақстанға келуге дайын екенін білдірді.

Xcalibur Multiphysics Group S. L.-мен келіссөз шеңберінде Қазақстан аумағында аэрогеофизикалық зерттеу жасау мәселесі талқыланды. 2026 жылға қарай ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелу аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға ұлғайту секілді ауқымды міндет қойылып отыр. Бұл зерттеулер жер қойнауын жеделдетіп картаға түсіру мен талдаудың негізгі құралы ретінде қарастырылады.

Xcalibur – ұлттық картографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруда 100 жылдан астам тәжірибесі бар аэрогеофизика саласындағы әлемдік көшбасшы. Биылғы наурызда Xcalibur Smart Mapping компаниясы «Бәйтерек» холдингімен Қазақстанда аэрогеофизика және геокеңістіктік картаға түсірудің аймақтық орталығын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл геологиялық барлау жұмысына озық технология енгізу мен жер қойнауын пайдалануға стратегиялық инвестиция тарту үшін жағдай жасайды.