Қазақстан мен Испания аграрлық саладағы ынтымақтастықты арттырады

Қазақстан мен Испания аграрлық саладағы ынтымақтастықты арттырады

Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Испанияның Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және азық-түлік министрі Луис Планаспен келіссөз жүргізді.

Тараптар агроөнеркәсіптік саладағы өзара іс-қимылдың қазіргі ахуалы мен келешектегі дамуын талқылады. Орнықты ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, технологиямен алмасу, сондай-ақ ирригация, органикалық егіншілік пен кадр даярлау саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі басты назарда.

Серік Жұманғарин аграрлық сектор Қазақстан экономикасының негізгі драйверінің бірі екенін атап көрсетіп, аграрлық салада озық технологиясы мен мол экспорттық тәжірибесі бар Испаниямен әріптестікті нығайтуға қызығушылық білдірді.

Министр Луис Планас, әсіресе, инновациялық шешім енгізуде және суды тұрақты пайдалануға қатысты мәселеде ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ол сондай-ақ Испанияның 2026 жылы Астанада өткізілетін «KazAgro» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысатынын мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік көрмелерге қатысып тұрумен қатар, екі елдің бейінді ведомстволары мен бизнес-қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластық айтылды.