Қазақстан негізгі Орнықты даму мақсаттарын іске асыруды жалғастыруда. 2025 жылғы 30 маусым-2 шілде аралығында Севилья қаласында (Испания корольдігі) өткізіліп жатқан БҰҰ-ның дамуды қаржыландыру жөніндегі IV халықаралық конференциясында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы туралы мәлімдеді.
Іс-шараға 40-тан астам елдің мемлекет, үкімет басшыларын қоса алғанда, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер делегациялары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен жетекші қаржы институттары басшылары жиналды. Қазақстандық делегация конференцияға Қазақстан Республикасының Испаниядағы елшілігінің қолдауымен қатысуда.
Конференцияның ашылуында Испания королі VI Фелипе қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Жалпы отырыста БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Испания премьер-министрі Педро Санчес сөз сөйледі.
Жалпы отырыста Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасының атынан сөз сөйлей келіп, қазіргі жаһандық экономика бетпе-бет келіп отырған негізгі сын-қатерлерді атап, орнықты қаржылық архитектура құрудың маңыздылығына мән берді. Оның айтуынша, мемлекеттік шығыстардың жалпы әлемдік қысқару үрдісіне қарамастан, Қазақстан Орнықты даму мақсатына қол жеткізуге ықпал ететін денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым, кедейлікпен күрес сынды негізгі салаларға қаржы бөлуді жалғастыруға ниетті.
Вице-премьер сондай-ақ, Қазақстан ОДМ-ны қаржыландырудың жаһандық жүйесінің бөлігі ретінде KazAid Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің әлеуетін арттыратынын жеткізді. Сонымен қатар, ол ОДМ күн тәртібін ілгерілету алаңына айналған Алматыдағы БҰҰ Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығының қызметін одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Серік Жұманғарин конференцияда шетелдік делегация басшыларымен, халықаралық ұйымдардың, испан бизнесінің өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Онда орнықты даму, экономикалық ынтымақтастық, инвестиция тарту мәселесі талқыланды.
Пленарлық сессияның соңында жаңа орнықты қаржыландыру архитектурасын қалыптастыруға арналған негізгі қорытынды құжат Севилья міндеттемесі қабылданды. Қазақстан оның қабылдануын қолдап, орнықты дамудың жаһандық күн тәртібін ілгерілетуде халықаралық әріптестермен ашық және сындарлы өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді.