Тікелей сайлау басталғаннан бері 3 мыңға жуық ауыл әкімі сайланған – ҰЭМ жанындағы Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысы

Тікелей сайлау басталғаннан бері 3 мыңға жуық ауыл әкімі сайланған – ҰЭМ жанындағы Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысы

ҚР Ұлттық экономика министрлігінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Кеңес басшысы Эльдар Шамсутдинов пен ҰЭМ аппарат басшысы Олжас Сыздықовтың төрағалығымен өткізілді. Кездесу шеңберінде Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырудың аралық қорытындысы шығарылып, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» жобасының орындалу барысы ұсынылды.

Талқылау барысында аталғандай, 2021 жылдан тікелей сайлау тетігі енгізілген кезден бері 2 969 ауыл әкімі сайланған. Ағымдағы жылы бұл тетік аудан мен облыстық маңызы бар қалаларға да қолданыла бастады. Енді сайлау жұмыс атқарып жатқан әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өткізіліп тұрады.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамытуға арналған бірқатар бастамамен танысты. Атап айтқанда, сайлау заңнамасын жетілдіру жалғасуда. Сонымен қатар, ауылдық округтердің қаржылық базасы нығайтылды: IV деңгейдегі бюджеттердің кірісі 3,5 есеге өсіп, қосымша салық пен алымдарды табыстау жоспарлануда. Сонымен қатар, бюджет қаражатын қайта бөлу тәртібін оңайлату қарастырылып жатыр. Бұл шешім қабылдау мерзімін едәуір қысқартпақ.

Қатысушылар атап өткендей, қабылданып жатқан шаралар жергілікті өзін-өзі басқарудың неғұрлым дербес және ашық моделін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ауылға мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылу барысы қаралды. 2009 жылдан бері 114 мыңнан астам адам әлеуметтік қолдау шараларын алған. Оның ішінде 52 мыңнан астамы тұрғын үйге жеңілдікті кредиттерді пайдаланды. 2023 жылдан бастап өтініш беру процесін цифрлық платформада автоматтандырылған түрде беру жүзеге асырылуда.

Отырыс соңында, Экономикалық зерттеулер институты (ERI) макроэкономика, инвестиция мен фискалдық саясат бойынша талдау материалын таныстырды.