Мәжілістің жалпы отырысында Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен депутаттар ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа түзетулер енгізілген хаттаманы ратификациялады.
Еуразиялық экономикалық одақтың 2017 жылғы 11 сәуірдегі Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамасына Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен қол қойылған еді. Құжатты депутаттарға Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
– Жаңа құқықтық институт және кедендік реттеу саласындағы қызмет түрі ретінде электрондық сауда операторын құру көзделіп отыр. Бұл оператор интернет-алаңдарда жеке тұлғалар сатып алатын тауар операцияларының логистикасын қамтамасыз етіп, сондай-ақ электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау мен сақтау процесін қамтамасыз ете отырып, интернет-алаңдаы және кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, - деді ведомство басшысы.
Жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбанов қосымша баяндамада түсіндіргендей, өзгерістер шетелдік сауда алаңында тауар сатып алу тәртібіне әсер етеді. Атап айтқанда, қазір жеке тұлғалардың атына ЕАЭО-дан тыс елдердегі шетелдік интернет-алаңдардан халықаралық пошта жөнелтілімімен келетін тауарлар электрондық сауда тауар деген тауарлардың жекелеген санатына шығарылып отыр. Қазіргі уақытта шетелдік интернет-алаңда сатып алынған тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарға жатады.
Бұдан басқа, электрондық сауда декларациясы деген кедендік декларацияның жаңа түрі енгізіледі. Жеке тұлғалар шетелдік сауда алаңында сатып алған барлық электрондық сауда тауары декларацияланады. Қазіргі уақытта жеке пайдалануға арналған тауарлар 200 еуро немесе 31 келіден, яғни бажсыз әкелу нормасынан асқан кезде ғана декларацияланып жүр.
Талқылау кезінде депутаттар электрондық сауда операторларының тізіліміне «Қазпошта» АҚ және «DHL International Kazakhstan» ЖШС-мен қатар басқа да ұйымдарды енгізу тәртібі туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ, мәжілісмендер мемлекеттік органдардан тауарды декларациялаудағы оператордың жауапкершілігі, тауар әкелу кезінде контрабандаға қарсы іс-қимыл шарасы, маркетплейстердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін реттеу, тағы да басқа да мәселелер бойынша түсіндіруді сұрады.
Бұдан басқа, Мәжіліс жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері жөніндегі оған ілеспе заңға, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық Кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенаттың түзетулерімен келісті.