Астана халықаралық форумының алғашқы күні әлемнің түкпір-түкпірінен келген 600-ден астам делегат пен 5000 қонақтың басын қосты. Форумды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ол өз сөзін әлемдегі алаңдатарлық саяси жағдайдан бастады: 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында болды. Бұл ретте зорлық-зомбылықтан келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті – бұл дүниежүзілік ЖІӨ-нің шамамен 13,5% құрайды. Заманауи қақтығыстар ұзағырақ және күрделі болып барады. Мұндай қақтығыстардың негізінде тереңде жатқан қайшылықтар жатыр. Ядролық қаруы бар мемлекеттер арасында да шиеленіс артып келеді.
Қасым-Жомарт Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек екеніне нық сенетінін айтты. Соған сәйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс.
Форумның панельдік сессияларының бірі БҰҰ-ға арналды. Биыл ұйым өзінің 80 жылдығын атап өтеді. Қазақстан Президенті БҰҰ құрылымдары, әсіресе Қауіпсіздік кеңесі уақыт өте аз өзгергенін атап өтті.
«80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес», - деп атап өтті Тоқаев.
Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.
Форумның маңызды тақырыптарының бірі – экология және климат болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі екенін атап өтті. Мұндағы жылыну әлемдік орташа деңгейден екі есе жылдам жүріп жатыр.
Сөзінің соңында президент форумға қатысушыларға сөз сөйлеп, оларды мазмұнды диалогқа шақырды.
Форумның алғашқы күні белгілі саясаткерлер, сарапшылар, халықаралық компаниялардың басшыларының қатысумен 9 панельдік сессия және 6 жеке кездесу өтті. Панельдік сессияларға қатысушылар Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі; жаһандық нарықтар, жеткізу тізбегі және валюталық жүйелер үшін экономикалық соғыстың ұзақ мерзімді салдары; энергияға жаһандық сұраныс және таза энергетиканы дамыту; ЖИ дамыту; Қазақстанда Алатау қаласының құрылуын талқылады.