ҰЭМ: Нақты секторға салынған инвестиция қарқын алуда

ҰЭМ: Нақты секторға салынған инвестиция қарқын алуда

Нақты секторды қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа 8 трлн теңге бағытталады. Қаражат елдің тұрақты экономикалық өсуіне бағытталған басым индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалмақ.

Осы рете, Қазақстанның Даму Банкінде ең ірі инвестициялық жоба пулы шоғырланып отыр. 2025 жылғы төрт айдағы қорытынды бойынша Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өнімінің өсуі 6%. Көлік секторы 22,4%-бен өсімнің ең жоғары қарқынын көрсетті. Көлік инфрақұрылымын дамытуды алсақ, 2024 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ желісі бойынша 5 мың шақырым автомобиль жолын жөндеудің бірінші кезегін қаржыландыру басталды. Бүгінгі таңда ұзындығы 1,2 мың шақырым учаскеде жұмыс аяқталды. 2025 жылы ҚДБ жол инфрақұрылымын дамыту бойынша 500 млрд теңгеге жобаларды бекітуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, бүкіл еліміз бойынша 3 мың шақырым автожолды қайта жаңартудың ауқымды екінші кезегі қаржыландырылады. Осы арқылы өңірдегі 7 млн-нан астам тұрғын көлікке қол жеткізеді. Жобаларды іске асыру кезінде құрылыс пен қызмет көрсету саласында шамамен 28 мың жұмыс орны ашылады. Осы кезеңде халықаралық көлік бағыты да нығайтылуда. Бұл сыртқы сауданың кеңеюіне, Қазақстанның логистикалық әлеуетінің артуына ықпал етеді.

Өндіріс индексінің 7,1% өсімін көрсететін ТМК секторын ҚДБ 420 млрд теңгеге қаржыландырған екен. Негізгі жобаның бірі – Екібастұз ферросилиций зауыты. Жоғары автоматтандырылған өндіріс іске қосылса, жобалық қуаты жылына 80 мың тонна. Экспортқа бағдарланған өнімі арқылы ол Қазақстанның әлемдегі ең ірі ферроқорытпа жеткізуші ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Зауыт 520-дан аса тұрақты жұмыс орны, бірнеше ондаған мердігер компаниясы, болат кешені мен темірді тікелей қалпына келтіру фабрикасы секілді іргелес кәсіпорындар арқылы өнеркәсіптік кластер құрмақ.

ҚДБ жылына 2 млн тонна көлемінде ыстық брикетті темір өндіретін жаңа жобаны қаржыландыруды жоспарлауда. Жоба іске қосылар болса, шикізатты қайта өңдеу деңгейі артып, өнім сапасының жақсаруына, кәсіпорынның технологиялық деңгейі мен экспорттық әлеуетін арттыруға әкеледі. Сондай-ақ, 1000-ға жуық жұмыс орны құрылады. Металлургия саласының, ел экономикасының дамуына елеулі үлес болмақ.

Тағы бір маңызды жоба – Павлодар облысындағы автоклавты тотығу технологиясы қолданылатын гидрометаллургиялық комбинат құрылысы. Бұл Қызыл мен Варвара кен орнында өндірілетін кен концентратын халықаралық стандарттар бойынша жоғары деңгейде өңдеуге мүмкіндік береді.

Химия саласының өндіріс индексі 11,2%-ға өсіп, озық қарқынмен дамуда. 2025 жылы 262 млрд теңге қаржы салынған. Негізгі жобаның бірі – Жамбыл облысында натрий цианидін өндіретін зауыт салу. Жылына 25 мың тонна алтын өндіруге арналған стратегиялық маңызды реагент шығаратын кәсіпорын. Өндіріс ішкі сұранысты толығымен жауып, импортқа тәуелділікті азайтады. Орталық Азия елдеріне экспорттық әлеуетті қалыптастырады. Жобаны іске асыру кезеңінде 200-ге дейін жұмыс орны, өндіре бастаған кезде 100-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында жиынтық қуаты жылына 1 млн тоннадан асатын минералды тыңайтқыш пен индустриялық өнім өндіретін өңірдегі ең ірі химиялық кешен салынады. Өнім АҚШ, Қытай, Түркия, ЕО мен Бразилияға экспортталады. 1200-ден астам адам жұмыспен қамтылады.

Батыс Қазақстан облысында калий тұзын өндіру кешенінің құрылысы басталады. Мыңдаған жұмыс орнының сыртында өңірде мектеп, аурухана, тұрғын үй мен жол инфрақұрылымы салынып, мультипликативтік әсері мол болады.

Түркістан облысында қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылы зауыты салынып жатыр. Ол еліміздегі уран саласындағы стратегиялық жеткізуші болады. Оның қызметінен түсетін салық жыл сайын 12 млрд теңгеге жетпек. Сондай-ақ, өңірде поливинилхлорид пен каустикалық сода шығару бойынша бірегей жоба іске асырылуда. Ол – көлемі жылына 120 мың тонна, Қазақстандағы алғашқы ПВХ өндірісі. Ол ішкі сұранысты толығымен жауып, ЕАЭО, Қытай және ЕО елдеріне экспорттық арна ашады. 1300 адам жұмыспен қамтылады. Болжамды кіріс – шамамен 76,8 млрд теңге. Салық түсімі – жылына 3,7 млрд теңге.

Жамбыл облысында кальциленген сода шығару жобасы ерекше маңызды. Қуаттылығы жылына 500 мың тонна. Шыны, металлургия және мұнай-химия саласының қажеттілігін қамтамасыз ететін еліміздегі алғашқы өндіріс. Жобаны іске асырудың арқасында импортқа тәуелділік толығымен жойылады. 355 жұмыс орны мен саланың одан әрі өсуі үшін технологиялық база құрылады.

Қазақстанның Даму Банкінің 2025 жылға арналған инвестициялық жоспары – көлік қатынасын дамыту, өндірісті автоматтандыру, ең озық қарапайым технологияны кеңінен қолдану арқылы қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған жаңа өндіріс құру жолымен экономикалық өсуге тұрақты негіз қалыптастыру. Жобаларды іске асырудың өн бойында жүзеге асатын жиынтық жалпы қосылған құн 37,8 трлн теңге. Оның ішінде 2025 жылдан бастап іске асырыла бастайтын жобалар бойынша 13,5 трлн теңге. Жобалардың беретін жалпы әсері – көлік саласын дамыту, автоматтандыру мен цифрландыру арқылы өндірістік қуатты жаңарту, жұмыс орнын құру, шикізатты қайта өңдеудің жаңа тізбегін іске қосу, импортқа тәуелділікті төмендету, салық түсімі есебінен өңір бюджетінің өсуі.