Астана халықаралық форумы
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз сөзінде қазіргі жағдайда экономиканың өсуі неғұрлым прогрессивті тетіктерді талап ететінін атап өтті. Сондықтан Қазақстан, БҰҰ-ға мүше басқа елдер сияқты, Тұрақты даму мақсаттары бойынша ұстанымын растады.
Ә.Қуантыров
«Қабылданған міндеттемелерді тиімді іске асыру үшін ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды, ТДМ-ды іске асыру жөніндегі комиссия жұмыс істейді, заңнамалық база құрылды. 2021-2025 жылдарға арналған Тұрақты даму мақсатындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы іске асырылуда. Өткен жылы БҰҰДБ-ның Қазақстан үшін 2025 жылға дейінгі Елдік бағдарламасын бірлесіп қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды».
2022 жылы «Тұрақты даму мақсаттары бойынша Прогресс индексі» рейтингі бойынша Қазақстан 2019 жылмен салыстырғанда 77-ші орыннан 65-ші орынға көтеріліп, позициясын 12 тармаққа жақсартты.
Ә.Қуантыровтың айтуынша, 2022 жылы Қазақстан Нью-Йорк қаласында екінші Ерікті ұлттық шолуды таныстырды. Халықаралық қоғамдастық өкілдері мен Форумға қатысушылар біздің елімізде ТДМ іске асыру процесін жоғары бағалады.
Сонымен қатар, өткен жылы Алматы қаласында Орталық Азия елдері үкімет басшыларының қатысуымен Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік Саммит өткізілді. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ, министр Қазақстанда климаттың өзгеруіне төзімді экономикалық дамудың жаңа моделі құрылып жатқанын еске салды.
Ә.Қуантыров
«2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясы бекітілді, 2022-2025 жылдарға арналған көміртегі квоталарының Ұлттық жоспары қабылданды, жаңа Экологиялық кодекс бекітілді. Бұл шаралар 2030 жылға қарай Париж келісімінің міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді».
Астана халықаралық форумы аясында Әлібек Қуантыров «Креативті экономика: Тұрақты және инклюзивті өсуге ықпал ету» атты сессиясында сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде креативті индустриялар экономиканың өсуінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Креативті индустриялардың әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі 3%-дан асады, ал кейбір дамыған елдерде креативті индустриялардың үлесі 12%-ға жетеді. Қазақстан бұл үрдістерден тыс қалмады, 2021 жылы біз экономиканы «креативті» әртараптандыруға бағыт алдық», - деп нақтылады министр.
Қазақстанда креативті индустрияға 43 қызмет түрі жатады. Бұл тізімге архитектура, сән, өнер, музыка, дизайн, кино, IT-технологиялар, халық қолөнері және т.б. шығармашылық бағыттар кірді.
«Бүгінгі таңда креативті индустрияларда 95 мың адам жұмыспен қамтылған, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 33,3 млрд теңгені құрайды, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 32 мыңға жетті, креативті индустриялардың Қазақстан экономикасына қосқан үлесі шамамен 2,7%-ды құрады. Менің ойымша бұл жақсы бастама», - деп атап өтті Ә.Қуантыров.
Креативті индустрия Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дамып жатыр. Министр басқа өңірлерде де қолайлы орта құру қажет деп санайды.
«Осылайша, креативті индустрияларды дамыту бойынша жүйелі тәсілдер келесі индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік береді: олардың ЖІӨ-ге үлесін 3%-ға дейін, жұмыспен қамтылғандардың үлесін 4%-ға дейін ұлғайту, креативті индустриялардағы ШОБ субъектілерінің санын 80 мыңға дейін жеткізу, сондай-ақ креативті индустриялар өнімі экспортының $200 млн-ға өсуі», - деп қорытындылады ол.
ҰЭМ басшысы модератордың блогерлердің қызметіне қатысты сұрағына берген жауабында тәуекелдерді дұрыс бағалаудың маңыздылығына назар аударды. Бұған дейін үлкен аудиториясы бар әлеуметтік желілердің қолданушылары азаматтарды қаржы пирамидаларының қызметіне және онлайн-казиноға итермелеген жағдайлар болды. Бұл мәселені реттеп, өскелең ұрпаққа креативті экономика арқылы да рухани тәрбие беру қажет, деді министр.
Астана халықаралық форумы аясында ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров Citigroup компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдері бойынша бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстонмен және Citigroup мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монакомен келіссөздер өткізді. Кездесу іскерлік таңғы ас форматында өтті.
Тараптар Қазақстан Үкіметі мен CITI арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін атап өтіп, елдің экономикалық көрсеткіштерін талқылады.
Джули Монако
«Қазақстан тәуелсіз рейтингін сақтап тұр. Бұл бағытта Үкімет біраз жұмыс атқарды. Наурыз айында S&P Қазақстанның дербес кредиттік рейтингін растап, болжамды жақсартты. Мамырда Fitch ҚР-дың тәуелсіз кредиттік рейтингінің «BBB» деңгейінде екенін растады, болжам – «Тұрақты».
Өз кезегінде, министр инфляцияның шарықтауы, жеткізу тізбегіндегі үзілістер, жоғары пайыздық мөлшерлемелерге қарамастан, Қазақстан экономикасы сыртқы жағдайларға бейімделгенін атап өтті.
Әлібек Қуантыров
«Біз жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынын сақтап қалдық. 2022 жылы экономикамыз 3,3% өсті. Ағымдағы жылдың төрт айында экономика 5% өсті. Өткен жылы біз $24 млрд. тікелей шетелдік инвестиция тартуды жоспарладық. Бірақ іс жүзінде $28 млрд. тарттық. Осылайша, өсу қарқыны 2021 жылмен салыстырғанда 18% құрады».
Сондай-ақ, кездесу барысында қаржы секторын, әйелдер кәсіпкерлігін, «жасыл» экономиканы дамыту және инвестиция тарту бойынша алдағы жоспарлар талқыланды.
Әңгіме соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Citi Қазақстанда 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Компания елдің қаржы секторында және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша маңызды рөл атқарады.
Елордада Әлібек Қуантыров Anadolu Group холдингінің төрағасы Тунжай Өзілхан, Coca-Cola Icecek компаниясының Орталық Азия мен Кавказдағы аймақтық директоры Эрдинч Гузель және Efes Kazakhstan-ның бас директоры Курт Ертанмен кездесу өткізді.
Министр өз сөзінде атап өткендей, Түркия Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі.
«Қазақстан мен Түркияны 30 жылдан астам достық қарым-қатынастар байланыстырып келеді. Бүгінде екі ел арасында негізгі салаларда ынтымақтастық орнатылып, экономикалық келісімдерге қол қойылды», - деді ҰЭМ басшысы.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды. Министр Қазақстанның салық саясаты инвесторлар үшін тиімді екенін хабарлады.
Келісімшарт жасасу кезінде инвесторларды ынталандыру шаралары көзделген. Сондай-ақ, шетелдік кәсіпкерлерге Үкімет арасында инвестициялар туралы келісім жасасу кезінде преференциялар ұсынылады. Оның шеңберінде барлық мерзімге келісімшарттары мен салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыттар бойынша жұмысты жандандыруға келісті.
«Anadolu Group» Қазақстан нарығында 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестициясы $704,9 млн. құрайды, компания 215,6 миллиард теңге салық төледі.
Жиынға ҚР орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Chevron, Exxon Mobil, General Electrics, Apple, Google, Microsoft, EPAM Systems, Boeing и Honeywell компанияларының басшылары қатысты. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Астана Халықаралық форумы аясында Қазақстанға АҚШ-тың бизнес-миссиясын ұйымдастыруға көмектескені үшін АҚШ Сауда Палатасының аға вице-президенті Хуш Чоксиге алғысын білдірді.
ҰЭМ басшысы атап өткендей, 2020 жылы құрылған Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесі американдық компаниялардың ҚР нарығына қатысуын кеңейтуге өз үлесін қосып келе жатыр. Ол бизнес жүргізу шарттары және инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, қаржылық технологиялар және креативті индустрия салалары туралы сөз қозғалды.
«Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы $28 млрд. көлемінде бұрын-соңды болмаған тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар Қазақстанды сенімді сауда-экономикалық әріптес ретінде қабылдайды. Себебі біз ЭЫДҰ халықаралық инвестициялық стандарттарын ұстанамыз», - деп айтты ведомство басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша американдық кәсіпкерлер тығыз байланыс орнатуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Әлібек Қуантыров өз сөзінде AIF халықаралық қатынастарды нығайтуға және Шығыс пен Батыс арасындағы көпірге айналуға, экономикалық жағынан ғана емес, дипломатиялық және саяси жағынан да дамудың жаңа жолын белгілеуге арналғанын атап өтті.
«Бұл ең алдымен инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Елге тартылатын шетелдік инвестицияның экономиканың дамуына тигізер септігі мол болмақ. Сондай-ақ, туристік әлеуетті арттырып, Қазақстан үшін тиімді экономикалық саясатты қалыптастырады» - деді ҰЭМ басшысы.
Сонымен қатар, министр шетелдік тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, АҚШ пен Еуропаның санкциялық саясаты бойынша Қазақстанның ұстанымы, ел экономикасына салынған тікелей шетелдік инвестициялар, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, Қазақстанның шет елдермен екіжақты қарым-қатынастары, жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар және т. б. тақырыптар қозғалды.
Президент Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру арқасында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету міндетін қойды.
Мемлекет басшысы әрбір өңір мен ірі қала өз бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, дамуы тиіс екендігін атап өтті.
Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі әртүрлі елді мекендер үшін Өңірлік стандарттар жүйесін (ӨСЖ) әзірледі.
Жүйе халыққа қажетті нысандар мен көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесін қамтиды.
Аталған жүйе әрбір елді мекеннің минималды тұрмыс стандарттарын айқындайды.
Мемлекеттік органдар бұл жүйені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау кезінде пайдаланады.
Бұл ретте Министрлік өңірлердің минималды стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан жыл сайын мониторинг жүргізіп, бақылайды.
Өңірлік стандарттар жүйесі сәйкес саладағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі құжаттарымен интеграцияланған.
Мәселен, 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында және Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің кеңістікте дамуы мен ауылдық аумақтарына қатысты ӨСЖ тәсілдері көзделген.
Сонымен қатар, әзірленіп жатқан жаңа Бюджет кодексі шеңберінде ӨСЖ ережелерін жалпы сипаттағы трансферттерді (ЖСТ), мемлекеттік органдар мен облыстардың инвестициялық жоспарларын қалыптастыру бөлігінде бюджеттік жоспарлаумен байланыстыру көзделеді.
Бұл ретте республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ӨСЖ параметрлерін қолданып жүргенімізді атап өткім келеді.
Бұл слайдта Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қосымшамен бекітілген ӨСЖ-нің алдыңғы нұсқасына сәйкес 2019-2021 жылдар кезеңінде ауылдарды қамтамасыз етудің сандық деректері көрсетілген.
Мәселен, 2021 жылғы жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде барлық елді мекендер бойынша нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 9,3 пайыздық тармаққа ұлғайып, 64,1%-ды құрады.
Сонымен бірге өңірлер әкімдіктерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын, сондай-ақ өткен жылғы парламенттік тыңдаулардың қорытындылары бойынша сіздердің ұсынымдарыңызды ескере отырып, Министрлік 2022 жылы Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды.
Нәтижесінде ағымдағы жылғы қаңтарда ӨСЖ-ге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеуді бағалаудың жаңа Әдістемесінің жобасы әзірленді.
ӨСЖ-нің жаңа редакциясы шеңберінде нысандар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді, сондай-ақ елді мекендердің қосымша сыныптамасы жүргізілді.
Бұдан басқа, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесіне нысандар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын сипаттайтын көрсеткіштер қосылды.
Яғни енді нысанның техникалық сипаттамалары және материалдық-техникалық базамен жарақтандырылу деңгейі де ескеріледі.
Мәселен, бұрын қолданылған ӨСЖ әдістемесінде жұмыс істеп тұрған нысанның бар-жоғы ғана бағаланды. Мысалы, Ақмола облысының Зеренді ауылында үш мектеп бар, ӨСЖ бойынша қамтамасыз етілуі 100% деп есептелді.
Қазіргі уақытта Зеренді ауылында 3 мектептің 2-і күрделі жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ тағы 1 мектептің құрылысы қажет.
Тиісінше, сапалық көрсеткіштерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша Зеренді ауылының қамтамасыз етілу деңгейі 81%-ға дейін төмендеді.
Жаңа ӨСЖ тыныс-тіршіліктің әлеуметтік, инженерлік-көліктік, экологиялық және тұрмыстық салаларында 12 бағыт бойынша құрылымдалғанын слайдтан көруге болады.
Елді мекендер республикалық және облыстық, сонымен қатар аудандық маңызы бар қалалар және аудан орталықтары, ауылдық округтердің орталықтары, тірек ауылдық елді мекендер және басқа да ауылдық елді мекендер сияқты 5 санат бойынша топтастырылған.
Сондай-ақ елді мекендердің әрбір типі бойынша ӨСЖ-нің нысандар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілгенін алдында атап өткен болатынмын.
Мәселен, ӨСЖ-нің қайта бекітілген нысандар мен көрсетілетін қызметтер тізбесінде:
облыстық маңызы бар және республикалық маңызы бар қалалар үшін – 56 нысан/көрсетілетін қызмет,
аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалалар үшін – 49,
ауылдық округтердің орталықтары үшін – 40,
ауылдар үшін – 29 нысан/көрсетілетін қызмет көзделіп отыр.
Бұл ретте негізгі нысандар мен көрсетілетін қызметтерден басқа, ӨСЖ тізбесінде ұсынылатын нысандар мен көрсетілетін қызметтер де көзделген.
Келесі 3 слайдта әр типті елді мекендерге арналған нысандар мен қызметтердің нақты тізбелері көрсетілген.
Мәселен, ауылдық елді мекендер аудан орталықтарына, ауылдық округтердің орталықтарына, тірек АЕМ-ге және қалған ауылдарға бөлінген.
Слайдта аудан орталықтарына арналған нысандар мен көрсетілетін қызметтер ұсынылған.
Бұл ретте ескі ӨСЖ-мен салыстырғанда аталған елді мекендер үшін 12 жаңа нысан мен көрсетілетін қызмет қосылған.
Бұл слайдта ауылдық округ орталықтары, тірек АЕМ және қалған ауылдар үшін жаңа ӨСЖ-нің нысандары мен көрсетілетін қызметтердің тізбегі көрсетілген.
Аталған тізбеге облыс әкімдіктері мен Парламент депутаттарының ұсыныстары сәйкес мемлекеттік ветеринариялық станциялар мен пункттер, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер және т. б. сияқты жаңа нысандар қосылғанын көруге болады.
Қалаларды 10 мың адамдық шартты «жоспарлау секторларына» бөлуді ескере отырып, әр қаланың әлеуметтік нысандармен және қызметтермен «20 минуттық қадамдық қолжетімділік» қағидатына сәйкес қамтамасыз етілуіне баса назар аударылды.
Бұл слайдта жаңа ӨСЖ-ге сәйкес өңірлер бойынша орташа қамтамасыз етілу көрсеткіші келтірілген, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол 55,7%-ға жетті.
Бұл ретте қосылған сапалық параметрлерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша есептелген бұл көрсеткіш алдыңғысына қарағанда анағұрлым шындыққа жақынырақ.
Бұл ретте нысандармен және көрсетілетін қызметтермен барынша көп қамтамасыз етілу Алматы қаласында және Астана қаласында, сондай-ақ Павлодар облысында, Маңғыстау облысында және Алматы облысында байқалады.
Көрсеткіштің төмендеу деңгейі Шығыс Қазақстан облысында, Батыс Қазақстан облысында және Жетісу облысында байқалады.
Бұл слайдта 2022 жылғы мониторинг нәтижелері тек қала/ауыл бөлінісінде ғана көрсетілген.
Мәселен, қалалар бойынша қамтамасыз ету 87% құраса, ауылдар бойынша – 55,3% тең.
Бұл базалық қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге қолжетімділік көрсеткіштері бөлігінде алшақтықтарды қысқарту, қала мен ауыл арасындағы диспропорцияларды барынша азайту қажеттігін тағы да дәлелдейді.
Біздің мақсат – қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты барынша азайту.
Келесі 5 слайдта 2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерін мониторингтеудің негізгі салалары көрсетілген.
«Білім беру» саласында: мектептер бойынша елді мекендерді қамтамасыз ету деңгейі 83%, мектепке дейінгі білім беру мекемелері – 82%, Техникалық және кәсіби білім нысандары – 57% құрады.
«Денсаулық сақтау» саласындағы мекемелермен қамтамасыз ету деңгейі 75%, дәріханалармен – 32% құрады.
Мәдени-демалыс ұйымдары бойынша елді мекендердің қамтамасыз етілу деңгейі 72%, мұражайлар – 45%, дене шынықтыру-сауықтыру кешені – 54% және спорттық жаттығу залдары – 56% құрады.
«Инженерлік инфрақұрылым» саласында: орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша инженерлік инфрақұрылым саласындағы нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 89%, су бұру жүйесі бойынша – 51% құрады.
«Көлік инфрақұрылымы» саласында: елді мекендердің қалаішілік/кентішілік жолдармен қамтамасыз етілу деңгейі 76%, жолды жарықтандыру – 45%, автокөлік жуу орындары – 60%, теміржол вокзалдары бойынша 60% құрады.
Бүгінгі таңда Министрлік адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және Өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштерін жақсарту үшін түрлі бюджеттік бағдарламалар шеңберінде өңірлерді дамыту жұмысын жалғастыруда.
Мәселен, 2023 жылы өңірлердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 14 облыс орталығында 67 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруға 42,1 млрд. теңге бөлінді.
Осы қаражат шеңберінде қала ішіндегі 60 шақырымға жуық жолдарды және 140 шақырым инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан басқа, 29 моно- және шағын қалаларда 74 жобаны жүзеге асыруға 34,9 млрд. теңге бөлінді. Қалаішілік жолдардың 90 шақырымын және инженерлік желілердің 180 шақырымын жаңғырту жоспарлануда.
Сонымен қатар, ірі қалалардың шет аймақтарын инфрақұрылық тұрғыдан дамыту үшін 33 жобаны іске асыру жоспарлануда, оларды іске асыруға 41,5 млрд. теңге бөлінді. Көрсетілген қалаларда шамамен 60 шақырым жолдар және 160 шақырым инженерлік желілер жаңғыртылатын болады.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін Министрлік «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру жұмысы жүргізуде.
2023 жылы 1,8 мың жобаны іске асыруға шамамен 200 млрд.теңге бөлінді, олар даму әлеуеті бар 800 ауылда іске асырылуда.
Бұл қаражатқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 222 жоба, 421 әлеуметтік инфрақұрылым жобасы, сондай-ақ 1 168 көлік инфрақұрылымы жобасы іске асырылуда.
Бұл ретте осы бағдарлама бойынша облыстар бойынша бюджеттік инвестициялар тиімділігінің нақты мысалдары бар екенін атап өткен жөн.
Мәселен, Павлодар облысының Ертіс ауданында 2019-2022 жылдары 5 ауыл қамтылды, онда жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге 25 жоба іске асырылды.
Нәтижесінде, осы кезеңде ауданның осы ауылдарына 7,6 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды.
Осылайша, біз салынған бюджеттік инвестициялардың 1 теңгесіне тартылған жеке инвестициялардың 5,4 теңгесі келетінін көріп отырмыз.
Өз кезегінде Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен қамтылған 8 ауыл бойынша 4 жыл ішінде 9 жобаны іске асыруға 3,1 млрд. теңге бөлінген болатын.
Нәтижесінде, осы ауылдарға 97 жобаны іске асыруға 9,5 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды.
Осылайша, осы ауданда салынған бюджеттік инвестициялардың 1 теңгесіне тартылған жеке инвестициялардың 3 теңгесі келеді.
Бұл жаман нәтиже емес.
Бұл мемлекеттік инвестициялар ауылдық елді мекендердің тартымдылығын арттырады және жеке бизнес те оларды дамытуға инвестиция сала бастайды.
Осыған байланысты, өздері тұратын өңірлерге, туған ауылдары мен шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат салатын жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындардың белсенділігін атап өткім келеді.
Бұл слайдта «ERG» ЖШС, «Шуйское», «РАМИС» ШҚ, «Теңізшевройл» және басқа да ірі ұйымдардың жеке инвестицияларының сомалары келтірілген.
2022 жылғы осы ұйымдардан түскен инвестициялардың жалпы сомасы 6 млрд-тан астам теңгені құрады.
Өңірлік стандарттар жүйесі қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы прогресті өлшеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда, өздеріңіз білетіндей, 7,5 млн. тұрғыны бар 6,3 мың ауылдық елді мекен бар.
2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерін мониторингтеу сол стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны ұлғайып, 786 ауылдық елді мекенді құрағанын көрсетіп отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 525 ауылдық елді мекенге артық. Сол ауылдарда барлығы 3,2 млн. адам немесе еліміздің ауыл тұрғындарының 43%-ы тұрады.
Бұл «Ауыл – Ел бесігі» және басқа бюджеттік бағдарламалар аясындағы жобалардың ауылдық аумақтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпалын көрсетеді.
Бұл ретте, 2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесін мониторингтеудің нәтижелері бойынша елімізде Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілу деңгейі жоғары және орташа 3,6 мың ауыл бар.
Министрлік 2027 жылға қарай қамтамасыз етілу деңгейі орташа барлық ауылдар «Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар» санатына жеткізіледі деп болжайды.
Жалпы, орталық деңгейде өңірлердің инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жеткілікті қаржы қаражаты бөлінетінін атап өткім келеді.
Мәселен, біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық орталық мемлекеттік органдар бойынша 2023-2025 жылдарға өңірлерді дамытуға 4,5 трлн. теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер көзделген.
Бүгінгі таңда Өңірлік стандарттар жүйесі өңірлік диспропорциялардың себептерін анықтауға мүмкіндік беретін құжат болып табылады.
Өздеріңіз білетіндей, олар әртүрлі болуы мүмкін. Бұл әртүрлі табиғи ресурстар, климаттық жағдайлар, еңбек ресурстары, инвестициялар, сондай-ақ бюджетаралық қатынастардағы олқылықтар.
Осыған байланысты өңірдің бюджетін жоспарлау және орындау процесіне Өңірлік стандарттар жүйесін байланыстыру қажеттігі туындайды.
Сонымен қатар, Министрлік әзірлейтін жаңа Бюджет кодексі шеңберінде шекті нормативтерді бекіту көзделген, олар:
Осыған байланысты, жаңа Бюджет кодексі шеңберінде Өңірлік стандарттар жүйесінің әдіснамасы өзектендіріледі, ол алдағы уақытта өңірлерде инфрақұрылыммен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін мониторингтеу және бағалау үшін қолданылатын болады.
Жалпы, өңірлерді дамыту жоспарларын қоса алғанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу осы мониторингтің нәтижелерін міндетті түрде қолдана отырып қамтамасыз етілетін болады.
Біздің ойымызша, мұндай тәсіл өңірлер арасында да, олардың ішінде де мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен игіліктерге қол жеткізудегі бар алшақтықтарды теңестіруге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Өңірлік стандарттар жүйесін қолданудың негізгі мақсаты Мемлекетпен көрсетілетін базалық қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге халықтың қол жеткізуіндегі өңірлік диспропорцияларды төмендету болып табылады.
Осыған байланысты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жергілікті инфрақұрылымды дамытуды жоспарлауы кезінде Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарын ескеруі маңызды.
Сонымен қатар, өңірлік стандарттарды одан әрі жетілдіру мақсатында мынадай жұмыстарды жүргізу қажет.
Біріншіден, Өңірлік стандарттар жүйесінің нысандары мен көрсеткіштерін жинау және оларды өңдеуді ҚР Ұлттық статистика бюросы деңгейінде жүзеге асыру қажет.
Бұл қорытынды деректерді ресми көздерден алу үшін қажет.
Екіншіден, өңірлер бөлінісінде Өңірлік стандарттар жүйесі шеңберіндегі нысандар мен көрсетілетін қызметтер бойынша ақпаратты, сондай-ақ қамтамасыз етуді есептеу кезінде қабылданатын көрсеткіштерді қамтитын электрондық базаны қалыптастыру қажет.
Үшіншіден, орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қалалар мен облыстардың стратегиялық және даму жоспарларын әзірлеу кезінде Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілу мониторингін ескеруі қажет.
Сіздермен Өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу барысында жақсы жұмыс атқардық деп санаймын.
Стандарттар тұрақты негізде уақытқа сай өзгеріп отыруы керек екені түсінікті.
Осыған байланысты болашақта белгілі бір стандарттар әр өңірдің ерекшелігіне қарай қайта қаралуы, жетілдірілуі және іске асырылуы мүмкін.
Астана қаласында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары Николя Бланшемен кездесу өткізді.
Тараптар макроэкономикалық көрсеткіштер және елде жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформаларға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Халықаралық валюта қоры миссиясының өкілдері жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу, сондай-ақ салық-бюджет саласындағы ашықтықты бағалау процесіне және фискалдық ережелерді әзірлеу мен іске асыру барысына үлкен қызығушылық танытты.
Сонымен қатар ҰЭМ өкілдері шетелдік сарапшыларға жаңартылған макроэкономикалық болжам және экономика секторларын дамытуды ынталандыру жөніндегі шараларын таныстырды.
Алдағы уақытта ХВҚ Қазақстан бойынша қорытынды мәлімдеме жасайды.
Бүгінгі таңда қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқат деңгейі бойынша келесі көрініс қалыптасты.
2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күші 9,4 млн. адамды құрады, жұмыспен қамтылған халық – 9 млн. адам,жалдамалы қызметкерлер – 6,8 млн. адам, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар – 2,1 млн. адам, оның ішінде 1,6 млн. адам жеке кәсіпкер болып табылады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға өсіп, 1,8 млн.-нан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 18,3%-ға артып, 4,1 млн.-ға жетті.
Экономикадағы шағын және орта бизнес үлесі 33,3%-дан 36,5%-ға дейін өсті.
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,2%-ды құрады.
Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады.
Бұл ретте, 2022 жылы жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесі 30,8%-ды құрады.
Күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан, 2022 жылы экономиканың нақты өсуі 3,3%-ды көрсетті.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 12 желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізді.
Қазіргі уақытта Бағдарлама ықшам және оңтайландырылған құрылымға ие.
«Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру бойынша жаңа бөлім қарастырылған.
Бағдарлама адами капиталды дамытуға, кәсіби дағдыларды арттыруға, еңбек өнімділігін жоғарылатуға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алатын орта және ірі кәсіпорындардың жалақыны арттыру және жұмыспен қамту жөніндегі ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін тиімділік пен атаулылықты арттыру, сондай-ақ мониторинг құралдарын күшейту мақсатында Бағдарлама республикалық және өңірлік деңгейлерге бөлінген.
Бұл жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмысқа орналастыру және жұмыс орындарын құру іс-шараларына баса назар аудара отырып, осы бағыттағы жалпы жұмыс процесіне толық тартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, әкімдердің жауапкершілігін күшейтуге ықтимал етеді.
Республикалық деңгейде өзектендірілген Бағдарлама 5 бөлімнен тұрады.
I. Өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру.
Осы бағыттың шеңберінде 2029 жылға қарай жалпы 3,3 млн.адамды, оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ,бос орындарға жұмысқа орналастыру есебінен, өңір әкімдері үшін10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны, субсидияланатын жұмыс орындары және кәсіпкерлік бастамалар есебінен жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Мәселен, ағымдағы жылғы 15 мамырдағы жағдай бойынша республикада 315 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық жоспардың 33%-дан астамын құрайды.
II. «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру.
Жоба кооперациялық тізбекті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырудың табысты өңірлік кейстерін кеңейту жолымен іске асылырмақ.
Жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) микрокредиттеу, қажетті инфрақұрылымы бар жемшөп алқаптарын дайындау, сервистік-өткізу кооперативтерін ұйымдастыру, лизингтік техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету және т.б. шаралар іске асырылатын болады.
Биыл жобаға өңірлер бойынша 17 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 100 млрд.теңге бөлінді.
Нәтижесінде, республика бойынша жеке қосалқы шаруашылықтың 50%-на дейін кәсіпкерлікке тарту және 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Ауыл кәсіпкерлерінің агро құзыреттерінің деңгейін арттыру мақсатында оларды оқыту көзделген. Бұл мақсаттарға 137 млн. теңге мөлшерінде сома қаралды.
2026 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату шеңберінде барлық өңірдіңагроөнеркәсіп кешенінде шамамен 400-дей инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.
«Ауыл Аманаты» жобасы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасымен интеграцияланған және ауыл халқының табысын арттырудың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.
III. Кірістер деңгейін арттыруды және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар.
Өздеріңіз білетіндей, жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау Ұлттық экономика министрлігінің негізгі функцияларының бірі болып табылады.
Қолда бар құралдарды жүзеге асырған сәттен бастап жалпы сомасы 6,5 трлн. теңгеден астам кредитке 87 мыңға жуық жоба субсидияланды. Жалпы кредит сомасы 1,2 трлн. теңгеге 51 мыңнан астам жобаға кепілдік берілді.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларын алушылар үшін жұмыс орындарын құру немесе сақтау түріндегі қарсы міндеттемелер көзделген.
Бүгінгі күні мемлекеттік қолдауды алған сәттен бастап, екі жылдан кейін салықтардың, жұмыс орындарының санын арттыруды қамтамасыз ету немесе еңбекақы төлеу қорын міндетті түрде ұлғайта отырып, ағымдағы жұмыс орындарын сақтау міндетті шарттар болып табылады.
Биылғы жылдың 4 айында 252 млрд. теңге кредит сомасына 2 мыңға жуық субсидиялау жобасы және 30 млрд. теңге сомасына 780-нен астам кепілдік беру жобасы қолдау тапты.
Мемлекеттің қолдауымен өңдеу өнеркәсібінде жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Мәселен, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қаржылық қолдау нәтижесінде
23 мың жұмыс орны құрылады.
Өңдеу өнеркәсібінде жыл сайын кемінде 100 жоба іске қосылып, 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Бұдан басқа, жыл сайын өңдеуші өнеркәсіп саласындағы кемінде 7 кәсіпорнының өндірістік қуатын жаңғыртуға жалпы сомасы 800 млрд. теңге инвестиция тартылады.
Қоғам және инвесторлардың ыңғайына Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылды. Ол қазіргі уақытта жалпы сомасы 28,1 трлн. теңгеге тең 873 жобадан тұрады және шамамен 138,4 мың жұмыс орнын құруды көздейді.
Елдің қолайлы инвестициялық ахуалын құру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың шілде айында 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 28 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылда рекордтық дәрежеге жетті.
ҚР Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес, таяудағы 5 жылда Үкімет алдына барлығы 125 млрд. АҚШ долларына жуық көлемде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Отын-энергетика кешенінде 2029 жылдың соңына дейін 36 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 120 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы «Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығы» құрылды, ол 3 ірі оператордың қажеттіліктері үшін жергілікті тауарларды дамыту бойынша жұмыс жүргізеді, оларды сатып алу сомасы 390 млрд. теңгені құрады.
Орталық Қазақстанда өндірілуі мүмкін барлық тауарларға талдау жүргізілді. 7 тауарлар тобы анықталды, олардың сатып алу көлемі таяудағы 10 жылда шамамен 400 млн. АҚШ долларын құрайды.Бұл – өңірлердің қосымша резерві болып табылады.
Халықаралық тәжірибеде базалық мұнай-химия өнімдерін пайдалану негізінде мұнай-химия өндірістерінің жанында кең сұранысқа ие тауарларды, өнеркәсіптік және тұрмыстық мұнай-химия заттары мен құралдарын, буып-түю материалдарын шығару бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындары белсенді дамып келеді.
Мұндай тәжірибе Қазақстанда да қолданылады. Бүгінгі таңда алғашқы кәсіпорындар ашылды. Бұл – қаптар мен полипропилен пленкаларын шығаратын зауыт. Геосинтетика өндірісі бойынша цех пысықтау сатысында тұр.
Сонымен қатар, салада инвестициялар сомасы 12 млрд. АҚШ долларды құрайтын қосымша 4 ірі жоба іске асырылуда.
Ірі зауытта ашылатын 1 жұмыс орны басқа салаларда 7 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін, ал қосымша құн 5 есе артатынын, осылайша экономикаға мультипликативті әсер ететінін атап кеткен жөн.
IV. Бюджеттен жалақыны арттыру бойынша міндеттемелер.
Осы бөлім аясында азаматтық қызметшілердің және коммуналдық қызметтердің өндірістік персоналының жалақысын тікелей ұлғайту жоспарлануда.
Үкімет 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастады және 4 жыл ішінде ол 2 есеге ұлғаяды.
Қазірдің өзінде бюджет саласындағы 1,1 млн. астам қызметкердің жалақысы 30%-ға дейін, атап айтқанда, дәрігерлерге орта есеппен 30%-ға, педагогтар мен мұғалімдерге– 25%-ға, орта медициналық персоналға– 20%-ға, басқа санаттардағы қызметкерлерге– 20%-ға ұлғайтылды.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» өндірістік персоналының 237 мыңға жуық қызметкерінің еңбекақы алшақтығын 48%-ға, бірқатар ірі кәсіпорындарда – 10%-дан 37%-ға дейін қысқарту жөнінде шаралар қабылданды.
2023 жылы 6 мың дәрігердің орташа жалақысы және орта медициналық персоналдың орташа жалақысы, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің орташа жалақысы ұлғайтылатын болады.
Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталды.
Коммуналдық қызмет жұмыскерлерінің жалақысын өңірлер бойынша орташа салалық деңгейге дейін орта есеппен 50%-ға жуық арттыру үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды. Бұл шара шамамен 200 мың қызметкердің табысын арттыруға, сондай-ақ кадрлар айналымын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді еңбекке ақы төлеудің жаңа теңгерімді жүйесіне көшіру бойынша жұмыс жүргізуде.
V. Халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау.
Бұл бөлім халықты әлеуметтік қолдаудың тікелей шараларын қамтиды. Мысалы, интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін 500 мыңға жуық адамды әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, салық салу мәселелерімен, оның ішінде табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларды әлеуметтік қолдаудың проактивті форматымен қамтуға мүмкіндік беретін жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеу тетігін енгізу шаралары бар.
2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Отбасының цифрлық картасында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылды. 2023 жылғы 22 мамырдағы жағдай бойынша 20 259 проактивті қызмет көрсетілді.
Бағдарламада ауыл деңгейіне дейін іске асырылатын жобаларды қамтитын халықтың табысын арттырудың өңірлік бағдарламаларына ерекше назар аударылды.
«Ауыл Аманаты» жобасы шеңберінде әрбір жекелеген ауданда, елді мекенде, ауылда іріктелген ауылдық округтерде жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, оларда құрылған кооперативтерді техникамен және жабдықпен лизингке беру жүзеге асырылатын болады. Одан күтілетін нәтиже – өңірлердегі жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар санының азаюы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды заңдастыру.
Бұдан басқа, өңірлік бағдарламаларда аудандар бөлінісінде нақтылана отырып, әлеуметтік құралдар мен мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ әзірлігі жоғары инвестициялық жобалар көрсетіледі.
Бүгінгі таңда өңірлік бағдарламалар барлық өңірлермен бекітілген.
Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын,еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Аманат» партиясының бағдарламасын іске асыруда.
Қабылданған шаралар осы жылы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы ішкі өнімөсімі 5%-ды құрады.
Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалады.
Биыл 4,4 млн. адамға арттырылған әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етуге 4,6 трлн. теңге бөлінді.
Жоғарыда аталған барлық шараларды орындағанымен, егеринфляцияны ауыздықтамасақ, күтілетін нәтижеге жете алмаймыз.
Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылы сәуір айында жылдық инфляция 2022 жылғы 20,3%-дан 16,8%-ға дейін баяулады. Бірақ, бұнымен қанағаттанбастан, біздің алдымызда инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр және Үкімет тиісті жұмыстарды атқаруда.
Жалпы, республикалық және өңірлік бағдарламаларды орындау келесідей нәтижелер беруі тиіс:
- жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесі 2029 жылға қарай 41,1%-ға жетеді;
- жалпы табыстардағы еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесі 86,7%-ды;
- 2029 жылға қарай жыл сайын жұмысқа орналастырылатын азаматтардың саны 480 мың адамды;
- күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі 5%-;
- жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрайды.
Бағдарламаның барлық ұсынылған шаралары әрбір өңірде және әрбір азамат үшін әл-ауқат пен өмір сүру сапасын арттыруға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке секторды тартуды жандандыруға, сондай-ақ мониторингті жақсартуға, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Үкіметтің осы бағыттардағы жұмысы одан әрі жалғасатын болады.
Жиынға Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қаржы министрлігінің өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Бұл кешенді жұмыс Үкімет жанынан құрылған Жұмыс тобының аясында жұртшылықпен, сарапшылар және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Іс-шара барысында жаңа Салық кодексінің негізгі тұжырымдамалық мәселелері таныстырылды. Бүгінгі күні келесі тәсілдер әзірленді.
Бірінші тәсіл – бизнесті салық салу базасын кеңейтуге ынталандыру. Салықтық жеңілдіктер нақты мультипликативтік әсер алуға бағытталады. Мысалы, кәсіпорында жеңілдікті салық режимі болса, онда ол жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялар мен жергілікті қамтуды арттыруы тиіс.
Екінші тәсіл – жүктемені жоғары өнімді салаларға ауыстыру және халықтың бай топтарынан түсетін табысты арттыру. Бұл салық ауыртпалығын әділ бөлуді қамтамасыз етеді.
Үшінші тәсіл – халықаралық тәжірибеге сәйкестік. Бейрезиденттерді қоса алғанда, табыстарға салық салудың, сондай-ақ ауыртпалықты салалар бойынша бөлудің халықаралық тәжірибесін енгізу ұсынылады.
Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктердің тиімділігін арттыру мақсатында экономиканың әртүрлі салаларында сараланған салық ставкаларына көшу ұсынылады.
Атап айтқанда, ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемелерін тек жекелеген салалар бойынша ғана саралау немесе қолданыстағы салық ставкасын сақтай отырып, салық сомасын төмендету.
КТС (корпоративтік табыс салығы) бойынша шикізат және қаржы секторлары үшін салық ставкасын арттыру қарастырылуда.
Бұған дейін Мемлекет басшысы технологиялық жаңғыртуға және ғылыми дамуға бағытталған КТС пайдасын азайту немесе босату тетігін енгізу қажеттігін атап өтті.
Қолданыстағы заңнамада пайданы қайта инвестициялау кезінде КТС-тен босату қарастырылған. Бұл ереже өңдеу өнеркәсібіндегі шағын кәсіпорындарға ғана қатысты. Бүгінде бұл норманы орта бизнеске де тарату мәселесі талқылануда.