2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы сауда көлемі 417,4 млн. долларға жетті. Бұл көрсеткіш, өткен жылдардың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, рекордтық болып табылады, сондай-ақ 2022 жылдың 9 айындағы көрсеткіштен (316,4 млн.долл.) 31,9%-ке артық.
Бұл ретте, елдер арасындағы сауданың едәуір үлесі Қазақстаннан экспортқа тиесілі – 360,1 млн доллар немесе 86,3%. Қазақстаннан Әзірбайжанға экспорт көлемі 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 256,2 млн доллардан 40,5%-ке өсті.
Осы кезеңдегі Әзірбайжаннан импорт көлемі 57,3 млн долларды құрады.
Қазақстан экспортының өсуі өңделмеген алюминийді жеткізудің 201 мың доллардан 108,2 млн долларға дейін 538,2 есеге ұлғаюымен байланысты.
Осылайша, алюминий экспорттың жалпы көлемінің 30%-ін ала отырып, Қазақстанның Әзірбайжанға негізгі экспорттық тауарына айналды. Экспорттың өсуіне мұнай өнімдерін жеткізудің 61,1 миллион доллардан 74,9 миллион долларға дейін және шикі мұнайдың 56,7 миллион доллардан 73,2 миллион долларға дейін өсуі де әсер етті.
Бұдан басқа, Қазақстан Әзірбайжанға бидай, рельстер, металпрокат, аккумуляторлар, теміржол вагондары, нан және ұн өнімдері, макарон, маргарин және т.б. жеткізеді.
Әзірбайжаннан импортталатын негізгі тауарлар қатарларына қара металдардан жасалған құбырлар мен профильдер (16,2 млн.долл.), паромдар мен круиздік кемелер (11,6 млн.долл.), ауыз су, оның ішінде минералды және газдалған су (9,3 млн.долл.) жатады. Аталған үш тауар тобы Әзербайжаннан келетін барлық импорттың 64,8%-ін құрайды.
Әзірбайжан мен Қазақстанның инвестициялық ынтымақтастығы
2023 жылдың 1 жартыжылдығында Әзірбайжаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының көлемі 1,2 млн долларды құрады.
Қазақстанға Әзірбайжан инвестицияларының негізгі бөлігі энергетика секторында, атап айтқанда мұнай-газ саласында шоғырланғанын атап өткен жөн.
Бұл ретте, Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) төсеу жобасы тараптар іске асыратын аса маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Жоба Қазақстанға ғаламдық интернет желісіне қосылу үшін баламалы байланыс арналарының болуына мүмкіндік береді. Оның құны 22,8 млрд. теңгеге бағаланады.
Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы облысында Алматы және Қонаев қалаларының арасында Алатау шаһарының (G4 City) құрылысы жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Орталық мемлекеттік органдардың және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен қаланы дамыту тәсілдері қаралды. Жоспарға сәйкес ол отандық және шетелдік инвестицияларды тарта отырып, жаһандық стандарттар бойынша жұмыс істейтін Халықаралық бизнес-хабқа айналуы тиіс. Бұл ретте Дубай, Сингапур, Тяньцзинь және т.б. сияқты әлемнің әйгілі орталықтарын құру тәжірибесі негізге алынбақ.
Атап айтқанда, Алатау қаласын дамыту Қытаймен және Орталық Азия елдерімен сауда және инвестициялық өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, бірқатар жаңа өндірістік және коммерциялық жобаны іске қосуға, түрлі салаларда озық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта инвестициялар тарту және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалып, ынталандыру шаралары көзделетін болады. Бұл соның ішінде салық және кедендік артықшылықтарға да қатысты.
Сонымен қатар Алатау қаласының аумағында ерекше құқықтық режимді, оның ішінде АХҚО құқығын енгізу мүмкіндігі қаралатын болады.
Премьер-Министр іске асыру кезінде халықаралық тәжірибені ескеріп, тиімділігі жоғары шараларды қолдану қажеттігін атап өтті.
Бұдан басқа бизнеспен өзара іс-қимыл кезінде, атап айтқанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қажетті инфрақұрылым құрылысын жандандыру қажеттігі айтылды.
Бүгінде Үкімет бизнесті ынталандыру үшін ауқымды қолдау шараларын жүзеге асыруда. ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында ШОБ-ты қолдаудың қаржылай және қаржылай емес шараларын ұсынады.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау шаралары:
Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау
Несиелер бойынша ішінара кепілдік беру
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар
ШОБ объектілері мен индустриялық аймақтарға инфрақұрылым жүргізу
2️⃣ 0️⃣ 2️⃣ 3️⃣
678,4 млрд. теңгеге 9 079 жоба субсидияланды
269 млрд. теңге сомасына 6 952 жоба кепілдендірілді
1,4 млрд. теңгеге 364 грант берілді
Қажетті инфрақұрылымды жүргізу бойынша 23 жобаны іске асыру үшін 15 млрд. теңге бөлінді
Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау шаралары:
Кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халықты ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету
Жұмыс істеп тұрған бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету
Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету қызметтері аудандық деңгейдегі кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 189 орталықтардың базасында «офлайн» режимде және www.G4B.kz. веб-порталы арқылы «онлайн» режимінде ұсынылады. 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 37 523 кәсіпкерге 124 662 кеңес берілді.
Жұмыс істеп тұрған бизнесті жүргізуді сервистік қолдау шеңберінде кәсіпкерлер келесідей қызмет түрлеріне жүгіне алады:
Заң мәселелері және конкурстық (тендерлік) рәсімдер
Маркетинг
Қаржыландыру және мемлекеттік қолдау
Биылғы жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 18 154 ШОБ (шағын және орта бизнес) субъектісіне 21 292 сервистік қызмет көрсетілді.
Бүгін Парламент Сенатының пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «ҚР Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасын таныстырды. Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді.
ҰЭМ басышсы атап өткендей, кепілдендірілген трансферттің мөлшері екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықталуда. Бұл қағидалар Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай $100 млрд. дейін жеткізуге ықпал етеді.
-Мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне $43,4, 2025-2026 жылдары барреліне $40,2–$41,8 деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн. теңгеден 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн. теңгеге дейін төмендеумен айқындалды, - деп хабарлады министр.
ҚР ҰЭМ деректері бойынша, жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы $68 млрд. дейін қалпына келтіріліп, одан әрі 2025-2026 жылдары $80,7–$93,3 млрд. дейін өседі деп болжанады.
ҚР Парламент Сенатының пленарлық отырысы
Болжамды қалыптастырудың негізіне мұнайдың бағасы барреліне $80 болғандағы базалық сценарий алынды
ЖІӨ-нің нақты өсуі 2024 ж. 5,3%-дан 2026-2028 жж. 6%-ға дейін жеделдетіледі
5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8% құрайды
Номиналды ЖІӨ 2024 ж. 135 трлн. теңгеден 2028 ж. 218,5 трлн. теңгеге дейін өседі
Экономиканың барлық базалық салаларында оң динамика күтілуде
Өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жж. – 4%
Мұнай өндіру 100 млн. тоннаға дейін ұлғаяды
Ауыл шаруашылығының өсімі – 4,5%
Нақты сектор – 6,3%
Сауда – 7,4%
Көлік – 6%
Сыртқы сауда
Экспорт 2024 ж $83,1 млрд-тан 2028 ж $94,8 млрд-қа дейін ұлғаяды
Импорт $60,7 млрд-тан $65,6 млрд-қа дейін өседі
Инфляция
2024 ж. – 6-8%
2025 ж. – 5,5-7,5%
2026-2028 жж. – 5%
Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың параметрлерін анықтауда бюджет параметрлерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейту негізгі міндеті қойылды.
Республикалық бюджеттің кірістері
2024 ж. – 16,1 трлн. теңге немесе ЖІӨ-ге 11,9%
2026 жылға қарай 18,4 трлн. теңге немесе 14,1%-ға өсуі күтілуде
Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, сондай-ақ бюджет пен Ұлттық қордың болжамды параметрлері теңдестірілген және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған.
Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған жолдауларында сондай-ақ өзінің сайлауалды бағдарламасында тұрақты экономикалық өсімнің түсінікті, болжамды салық саясатына тікелей тәуелділігін, айтып, жаңа Салық кодексінде көрініс табуы тиіс міндеттерді айқындады.Ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің өкілдері өткен жылдың соңынан бастап жаңа Салық кодексі жобасының тәсілдерін талқылау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Талқылаулар бизнес өкілдерінің, сарапшылардың, мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдардың, салалық бизнес – қауымдастықтардың кең ауқымын тарта отырып ашық өткізіліп жатыр.
Ағымдағы жылдың басынан бері Ұлттық экономика министрлігінің алаңында осы бағытта 250-ге жуық отырыс өткізілді. Отырыстарға бизнес — қауымдастықтың, халықаралық ұйымдардың 350-ге жуық өкілі, салық салу саласындағы сарапшылар, экономистер қатысты. Бүгінгі таңда олардың тарапынан 1000-нан астам ұсыныс түсіп, тиісті жұмыс тобы аясында талқыланды.
Жаңа Салық кодексі жобасының алдыңғы кодекстерден айырмашылығы туралы көптеген сұрақтар туындауда.Қазақстанның салық жүйесінің эволюциясын талдау 1991 жылдан бастап салық заңнамасында негізгі назар салық саясатына аударылатынын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында міндеттегендей жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіруге баса назар аудару жоспарлануда. Әкімшілендірудің жаңа сервистік моделі шеңберінде салық төлеушілерді тіркеуден бастап, оларды есептен шығаруға дейінгі фискалдық көмек көрсетілетін болады.Мысалы, кәсіпкер мемлекеттік кірістер органдары мен банктердің мобильді қосымшалары негізінде хабарлама беру, ЭҚЖЖ таңдау, шот ашу, салық салу режимін таңдау, БКМ есепке қою жолымен тіркеледі.Сондай-ақ, оларды оқыту және кеңестер беру (семинарлар, тренингтер, оның ішінде бейнебайланыс, әлеуметтік желілер арқылы) жүзеге асырылады.
Салық берешегін алу кезінде банктік шоттағы ақша қозғалысы тек қарыз шегінде болады. Салық төлеушілерді салықтық тексерулерден босату, айыппұлдар, өсімпұлдарды азайту, жоспарланған мәмілелер бойынша алдын ала түсініктемелер, сотқа дейінгі келісу комиссиясы, бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру мерзімдерін ұлғайту, ҚҚС-ты 90 пайызға дейін оңайлатып қайтару сияқты салықтық артықшылықтар беру арқылы көлденең мониторингпен қамту кеңейтіледі.
1600 АЕК-ке дейінгі салық берешегі бойынша кепілмен қамтамасыз етусіз 12 айға бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.
Сот шешімінсіз жұмыс істемейтін салық төлеушілерді жою тетігі (бір жыл ішінде ТНК ұсынбау, банктік шоттарда қозғалыстың болмауы) және 500 млн.теңгеден аз айналымдар кезінде салық төлеушіні тексерусіз оңай тарату көзделеді.
Сатып алушы мен өнім беруші арасында, сондай-ақ бюджетпен өзара есеп айырысу кезінде ҚҚС бойынша төлемдер жүргізуді көздейтін «e-tamga» ҚҚС-төлемдер жүйесін енгізу жоспарлануда.Қазіргі уақытта тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде санаттау жүйесі бойынша салық төлеушілер тарапынан сұрақтар бар. Жалпы тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы жүйесі негізінен салық жүктемесінің коэффициентіне бағытталған.Қызмет түріне байланысты тәсілдерді қайта қарау және қызметтің осы түріне тән ерекшеліктерді ескере отырып, тәуекелдер құру, тиісінше бір сала ішінде салық төлеушілерді санаттау және әрбір тәуекел ішінде сараланған түрде салықтық әкімшілендіру шараларын қолдану ұсынылады. Нақытрақ айтқанда, кішігірім қателіктері бар адамдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет; орташа тәуекелдері бар адамдарға камералдық бақылау шеңберінде хабарлама жіберуі керек; тәуекелі жоғары салық төлеушілер үшін салықтық тексеруді соңғы шара ретінде тағайындау қажет.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерекқорлары (БКМ, POS — терминалдар және банктік шоттар) негізінде салық органдары салық төлеуші (микро, шағын бизнес) үшін салық есептілігінің жобасын дайындайтын болады.
Салық төлеушіге декларацияның ұсынылған нұсқасымен келісу немесе түзету енгізу қажет болады. Бірақ бұл жобаны сәтті іске асыру үшін бақылау-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды қолдану жөніндегі ережелерді нақтылау қажет, сондай-ақ салық салу мақсатында кірістерді анықтау үшін (ешкімге беру құқығынсыз) банктік құпияны ашу қажет.Бұл қызмет декларацияларды толтыруды жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар салықтық әкімшілендіру шығындарын едәуір қысқартады және кейбір жағдайларда камералдық бақылау рәсімдері де жойылады, бұл, тиісінше, бизнес шығындарын азайтады.
Банктік шоттарды бұғаттаудан бас тарту және салық берешегінің сомасы мөлшерінде инкассалық өкімдер қою ұсынылады. Мысалы, егер берешек 100 мың теңге, ал шотта 10 млн.теңге болса, онда шоттан 100 мың теңге алынады, қалған бөлігі бойынша операция тоқтатылмайды.
Салық есептілігі 30 пайызға қысқарады (бірқатар есептеулер мен декларациялардың күшін жою), оның ішінде 1 млн.теңгеден аз салық міндеттемелерінің сомасы кезінде мүлік салығы және жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есептері, сондай-ақ бизнес субъектілері үшін көлік құралдарына салынатын салық бойынша есептер мен декларациялар жойылады.
Сонымен қатар, жаңа идеологиялық өзгерістер қабылданады.Мәселен, түсінікті және болжамды салық саясатын қалыптастыру үшін барлық жаңа тәсілдер мен жоспарланған өзгерістерді салық саясатының тұжырымдамасында көрсету ұсынылады.Жаңа Салық кодексін «Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы» жеке заңсыз қабылдау көзделеді. Өтпелі ережелер мен уақыт нормаларын қамтитын осындай жеке заңның болуы заң техникасы бойынша көптеген сұрақтар туғызды.
Жаңа Кодексте инвестициялар тартуды ынталандыру және бизнесті дамыту шаралары да көрініс табады.Бірінші кезекте ынталандырушы және тиімді жеңілдіктер сақталады. Мысалы, тауарлардың тізбесін оңтайландырумен есепке жатқызу әдісімен импортқа ҚҚС төлеу тәртібін сақтау ұсынылады (қазір бұл норма 2025 жылға дейін қолданылады).Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үшін бірқатар салықтардан 3 жылға босату көзделді.
Салық төлемдерінің саны кемінде 20 пайызға қысқартылатын болады.Арнайы салық режимдерін оңтайландыру үшін ұқсас шарттары бар режимдерді біріктіру (мысалы, мобильді қосымшаны қолдана отырып, патент және арнайы салық режимі), талап етілмеген режимдерді жою (мысалы, тіркелген шегерім режимі) ұсынылады. Бөлшек салық режимін қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесі кемінде 2 есеге кеңейтіледі.Осылайша, қолданыстағы ынталандыруды сақтай отырып, бизнесті қолдаудың жаңа шаралары қабылданбақ.
Қымбат мүлікке жоғары салық салу арқылы салық жүйесінің әділдігі күшейтіледі. Жеке тұлғаның барлық объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК (1 млн. АҚШ доллары) асқан кезде мүлік салығының мөлшерлемелерін ұлғайту ұсынылып отыр.Сонымен қатар, шектеулі адамдардың меншігінде яхталар мен жеке ұшақтар бар. Яхталарға салынатын салықтың ең жоғары сомасы қазір шамамен 190 мың теңгені (55 АЕК) құрайды. Оларға салық мөлшерлемелерін бірнеше есе арттыру ұсынылады. Көлемі 5 метрден асатын яхталар сәнді заттарға жататын Еуропа елдерінің үлгісі бойынша салық мөлшерлемесін анықтау үшін яхтаның ұзындығын қолдану мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазіргі уақытта күшті алкогольдік сусындар үшін акциздің мөлшерлемелері спирт көлеміне белгіленген. Бұл ретте акциздің сомасы бағаға байланысты емес.Әділ салық салу үшін акциздердің аралас, яғни алкоголь құрамын және құнын бойынша мөлшерлемелері ұсынылмақ Мұндай жағдайда қосымша акциз осы шектен асып кеткен сомаға салынатын болады.Сондай-ақ, соңғы жылдары жеке табыс салығы мөлшерлемелерінің прогрессивті шкаласына көшу мәселесі талқылануда. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік, барлық тәуекелдер мен әсерлерді талдадық.Прогрессивті шкалаға көшкен кезде, әрине, «конверттерде» жалақы беру қаупі сақталады. Осы орайда барлық тәуекелдерді ескеретін ұсыныс жасалды. Мәселен, жеңілдетілген 2 сатылы мөлшерлемелер шкаласы ұсынылады. 40 млн. теңгеге дейінгі жалақы үшін 10 пайыз көлеміндегі мөлшерді сақтау ұсынылды. Бұл соманың кірісі асып кеткен жағдайда 15 пайыз көлемінде салық салынатын болады.
Осындай жоғары жалақы алатын азаматтар санатына ірі квазимемлекеттік, өндіруші компаниялардың, банктердің және т.б. ұйымдардың қызметкерлері жатады. Мұндай жағдайда барлық операциялар ашық және салық төлеушілер бойынша жалақыны жасыру тәуекелдері аз болады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында да, соңғы сөздерінде де экономика салаларына байланысты салық мөлшерлемелерін саралау мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. Банк секторы үшін КТС ставкасын 25 пайызға дейін белгілеу, сондай-ақ ойын бизнесі үшін КТС деңгейін арттыру мәселесі қарастырылуда.Қазіргі уақытта ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру бойынша ұсыныс белсенді талқылануда.
Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша, экономикалық дамуы шамамен бір деңгейлі Еуропа мен Орталық Азия елдерімен салыстырғанда 2019 жылы Қазақстандағы ҚҚС өнімділігі ең төмен (0,32) болды, ал жинау коэффициенті бойынша ел Еуропа мен Орталық Азияның 11 елінен жетінші (0,617) орынды иеленді, бұл Еуропадағы дамушы жаңа экономикасы бар елдердің орташа жиналу коэффициентінен 0,56-ға жоғары .Яғни, Қазақстанда ҚҚС жинау жақсы деңгейде. Бұл жағдайда салықтың төмен өнімділігі төмен мөлшерлемемен негізделеді.
Бірінші кезекте, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру бюджетке жылына 2-2,4 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсімдер түрінде фискалдық әсер береді. Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттердің жылдық көлемімен сәйкес келеді. Қосымша кірістер мұндай трансферттердің мөлшерін қысқартуға мүмкіндік береді және нәтижесінде Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеді.
Сондай-ақ, ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруіне, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейіне, оның ішінде сауда саласында ретроспективті талдау жүргізілді. Оның нәтижесі көрсеткендей, ҚҚС мөлшерлемелерінің өзгеруі көлеңкелі экономика деңгейімен тікелей байланысты емес. Мәселен, 2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15 пайыз болған кезде ЖІӨ–ге көлеңкелі экономиканың деңгейі 19,8 пайыз, ал сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың мөлшері ЖІӨ-ге 2,7 пайызды құрады.
Кейінгі жылдары ҚҚС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 12 пайызға дейін төмендеді. Алайда, саудадағы көлеңкелі экономика көлемі жыл сайын ұлғайып, 2016 жылы ЖІӨ-нің 9,2 пайызға дейін жетті.
2022 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12% болған кезде сауда саласындағы көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-ге 3,1 пайызды құрады.Мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, саудадағы көлеңкелі экономика деңгейі кеміген жоқ.
Бұдан басқа, ҚҚС мөлшерлемесінің төмен болғанына қарамастан, көлеңкелі экономика деңгейі ҚҚС мөлшерлемесі жоғары Еуропа елдеріне қарағанда Қазақстанда жоғары (ЖІӨ–ге 18,8%) болып қала береді (мысалы, Германияда ҚҚС мөлшерлемесі – 19%, ЖІӨ-ге көлеңкелі экономика деңгейі-шамамен 10%; Ұлыбританияда ҚҚС мөлшерлемесі — 20%, көлеңкелі экономика деңгейі-ЖІӨ-ге 11%, Венгрияда ҚҚС мөлшерлемесі-27%, бірақ көлеңкелі экономика деңгейі Қазақстанмен сәйкес келеді).
Бұдан көлеңкелі экономика деңгейі мен ҚҚС мөлшерлемесінің байланысы жоқ екендігі айқын көрінеді.Сондай-ақ, ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру инфляция деңгейінің жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді (2024-2028 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес 5,5-7,5%). Бұл инфляция деңгейіне 1 пайыздық тармақ шегінде әсер етеді.
Сонымен қатар, инфляцияға әсер тек бір рет – ҚҚС өскен жылы болады. Бұл ретте бюджетке түсетін түсімдер жыл сайын өсетін болады.ҚҚС мөлшерлемесінің жоғарылауы қажетті тауарлардың бағасына айтарлықтай әсер етпейді.Мысалы, біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдікті салық режимдерін пайдаланады. Егер Қазақстандағы инфляция 2023 жылғы қазанда бір жыл ішінде 10,8 пайызды құраса, онда жылдық инфляция деңгейіне азық-түлік өнімдері (4 пайыздық тармақ), ал азық-түлік өнімдерінен ет және ет өнімдері инфляцияға 1 пайыздық тармақ мөлшерінде үлес қосты. Мысалы ет саудасына ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі баға белгілеуге қалай әсер етеді? Ет негізінен фермерлерден базарлар мен арнайы дүкендерге түседі.Яғни, ет нарыққа ҚҚС төлемей түседі. Нарықтарда арнайы салық режимдерін қолданатын жеке кәсіпкерлер сауда жасайды. Іс жүзінде олар ҚҚС төлеушілер емес, өйткені айналымдар ҚҚС бойынша есепке қою шегінен аспайды немесе бөлшек салық режимін қолданады және ҚҚС-тан босатылады.Осылайша, тауар соңғы тұтынушыға ҚҚС төлемей сатылады.
Басқа ауылшаруашылық тауарлары бойынша да жеңілдікті режимдер қолданылады және ҚҚС пайда болмайды. Яғни, Қазақстанда азық-түлік тауарларын өндіру және қайта өңдеу үшін ҚҚС бойынша салық салудың тиімді шарттары жасалған. Бұдан басқа, салалар бөлінісінде ҚҚС бойынша салық түсімдеріне талдау жүргізілді.2022 жылы бюджетке 4,2 трлн теңгеден астам ҚҚС түсті. Оның ішінде сауда саласындағы салық төлеушілер 47,2 пайызын төледі. Импорттық ҚҚС 2,5 трлн теңгені құрады, оның ішінде сауда саласында жұмыс істейтін салық төлеушілер 1,6 трлн. теңге немесе 65,1 пайызын төледі.
Бұл ретте, Қазақстан импортының құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 9,4%-ды құрады. Яғни, сауда саласында салық төлеушілер әкелген тауарлардың негізгі бөлігі азық-түлік тауарларына жатпайды.Бұл ретте бірқатар импорттық азық-түлік тауарлары бойынша салық жүктемесінің ықтимал өсуі олардың қазақстандық өндірушілер алдындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.Біздің ойымызша, бұл салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды пайдаланатын отандық тауар өндірушілерге импорттық тауарларды алмастыру үшін өз өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.Осылайша, ауылшаруашылық тауарларына ҚҚС-ның төмен болғандықтан ҚҚС-тың азық-түлік құнына әсері азаяды.
Сонымен қатар, ХВҚ сарапшыларының талқылауы барысында жеке табыс салығы ставкаларының прогрессивті шкаласын енгізу және ҚҚС ставкасын арттыру мәселелері оң қабылданды.Бұл қазір әртүрлі жерлерде талқыланып жатқан негізгі тәсілдер. Кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтарды алаңдататын басқа да мәселелер бар. Пікірталастар жұртшылық және бизнес-қоғамдастық өкілдері арасында жалғасуда.
2023 жылғы 22 қарашада ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың қатысуымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің Стратегиялық жоспарлау комитетінің отырысы өтті.
Холдингтің Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов 2023 жылдың 9 айындағы жұмыс туралы есеп берді. Микро, шағын және орта бизнеске елеулі қолдау көрсетіліп, Холдингтің еншілес компанияларының қаржы құралдары арқылы 18,1 мың жобаға шамамен 1 трлн теңге берілді. Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 447 млрд теңге бөлінді, бұл соманы жыл соңына дейін жарты триллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Комитетке 2020-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттен және холдингтің 2024 жылға арналған бюджетінен бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпарат ұсынылды.
Сондай-ақ, отырыста холдингтің 2024-2026 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы қаралды, ол заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы холдингтің қызмет көрсету сапасын жақсартуды және бизнес-процестерін оңтайландыруды көздейді. Сонымен бірге, Комитет Тұрақты даму жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын және Холдингтің 2024-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қарады.
Аймақтық ғылымда инвестиция негізінен халыққа, сонымен қатар бірегей ұсынысы бар қалаларға (аумақтарға) түседі.
Мысалы, олар ірі мегаполиске немесе сирек пайдалы қазбалар кен орындары бар моноқалаға барады (оларды өндіру қосымша инвестицияны қажет еткен жағдайда немесе туризмді дамыту перспективасы бар бірегей табиғи аймақ болса).
Жеке инвестициялар үшін тағы бір фактор аймақтың ерекше мәртебесі немесе инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттік шығындардың кепілдігі болып табылады.
Мысалы, Ақмола облысының астаналық факторы әлеуетті инвесторларға өңірдің еліміздің бас қаласына жақын орналасуының арқасында дамитынына сенім қалыптастырады.
Ақмола облысы мысалында аудандық бөліністегі мемлекеттік, жеке және шетелдік инвестициялар құрылымында осы бекітуді қарастырайық.
Айта кетейік, 2022 жылғы деректер бойынша Ақмола облысындағы инвестициялардың ең көп үлесі жеке меншік кәсіпорындарына – 70%, шетелдік меншігі бар кәсіпорындарға – 25%, мемлекеттік меншігі бар кәсіпорындарға – 5% тиесілі.
Әдетте, аймаққа активтерді инвестициялау туралы шешім қабылдаудың алдында көптеген факторларды талдау жүргізіледі, олардың ішінде мыналарды бөліп көрсетуге болады: аймақтың инвесторлар үшін географиялық тартымдылығы және өткізу нарықтарына жақындығы, инфрақұрылымның жағдайы және білікті кадрлардың болуы.
Азамат Саменов - орталық директорының орынбасары
Толығырақ: https://economy.kz/kz/Mnenija/id=433
Қарағандыда «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп «Жаңа Салық кодексіндегі салықтық әкімшілендіру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға қатысушылар жаңа Салық кодексі жобасының тәсілдерін, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру мәселесін талқылады.
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин атап өткендей, егжей-тегжейлі талдауға сәйкес ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі көлеңкелі экономика деңгейімен тікелей байланысты емес.
-Мысалы, 2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15% болған кезде ЖІӨ–ге шаққанда көлеңкелі экономиканың деңгейі 19,8%, ал сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың мөлшері ЖІӨ-ге шаққанда 2,7%-ды құрады. Кейінгі жылдары ҚҚС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 12%-ға дейін төмендеді. Алайда саудадағы көлеңкелі экономика көлемі жыл сайын артып, 2016 жылы ЖІӨ-де 9,2%-ға жетті. 2022 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12% болған кезде сауда саласындағы көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 3,1%-ды құрады, - деп нақтылады вице-министр.
Сонымен қатар, ҚҚС ставкасының жоғарылауының инфляцияға әсері шамалы және бір сәттік болады.
-ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді. Бұл инфляция деңгейіне 1 пайыздық тармақ шегінде әсер еткенімен, ауылшаруашылық тауарларына өз әсерін тигізбейді. Өйткені отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жеңілдетілген салық режимдерін пайдаланады. Қазақстан импортының құрылымында 2022 жылы азық-түлік тауарларының үлесі 9,4%-ды құрағанын ескерсек, импорттық тауарлар бойынша ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі инфляция деңгейіне айтарлықтай үлес қоспайды, - деп атап өтті А.Әмрин.
Сондай-ақ ол ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің оң әсерін айтты. Бұл - әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру үшін бюджет мүмкіндігін нығайту және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
-Біздің ойымызша. импорттық тауарларға жүктемені арттыру - салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды пайдаланатын отандық тауар өндірушілерге импорттық тауарларды алмастыру үшін өз өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер салықтық әкімшілендіру және бөлшек салық режимін қолдану мәселелерін көтерді. Кәсіпкерлердің ұсыныстары жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу жұмысында ескеріледі.
Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп жалғасатын болады.
Баку, Әзірбайжан
Форумға БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының төрағасы Деннис Френсис, Әзірбайжан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Әли Ахмедов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов, БҰҰ-ның Әзербайжандағы Тұрақты үйлестірушісі Владанка Андреева, сондай-ақ Шығыс Еуропа, ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы) және Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар Орнықты даму мақсатына қол жеткізу үшін қаржы архитектурасын қайта құру», «Орнықты даму мақсатына қол жеткізу үшін инвестицияларды ынталандыру», сондай-ақ «Климаттық қаржыландыру және «жасыл» өсім» тақырыптары бойынша өзара тәжірибе алмасты.
Б.Құдайбергенов өз сөзінде еліміз қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын толықтай қолдайтынын атап өтті.
-Бүгінде Орнықты даму мақсаттарының индикаторларын ұлттық стратегиялар мен даму бағдарламаларына енгізу міндетті болып табылады. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау аясында елдің стратегиялық міндеттеріне, оның ішінде Орнықты даму мақсаттарының міндеттері мен индикаторларына байланысты бюджеттік жоспарлау құрылады.
Сонымен қатар форумға қатысушылар жеке сектор тарапынан Орнықты даму мақсаттарын қаржыландырудың азақстандық тәжірибесін, оның ішінде инвестициялық құралдарды және бизнесті ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шараларды қарастырды.
Форум соңында ынтымақтастықты нығайту және өңірдегі Орнықты даму мақсаттарын тиімді іске асыру жөніндегі стратегияларды әзірлеу бойынша ұсыныстар қабылданды.