Мәжілістің жалпы отырысында Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен депутаттар ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа түзетулер енгізілген хаттаманы ратификациялады.
Еуразиялық экономикалық одақтың 2017 жылғы 11 сәуірдегі Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамасына Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен қол қойылған еді. Құжатты депутаттарға Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
– Жаңа құқықтық институт және кедендік реттеу саласындағы қызмет түрі ретінде электрондық сауда операторын құру көзделіп отыр. Бұл оператор интернет-алаңдарда жеке тұлғалар сатып алатын тауар операцияларының логистикасын қамтамасыз етіп, сондай-ақ электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау мен сақтау процесін қамтамасыз ете отырып, интернет-алаңдаы және кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, - деді ведомство басшысы.
Жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбанов қосымша баяндамада түсіндіргендей, өзгерістер шетелдік сауда алаңында тауар сатып алу тәртібіне әсер етеді. Атап айтқанда, қазір жеке тұлғалардың атына ЕАЭО-дан тыс елдердегі шетелдік интернет-алаңдардан халықаралық пошта жөнелтілімімен келетін тауарлар электрондық сауда тауар деген тауарлардың жекелеген санатына шығарылып отыр. Қазіргі уақытта шетелдік интернет-алаңда сатып алынған тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарға жатады.
Бұдан басқа, электрондық сауда декларациясы деген кедендік декларацияның жаңа түрі енгізіледі. Жеке тұлғалар шетелдік сауда алаңында сатып алған барлық электрондық сауда тауары декларацияланады. Қазіргі уақытта жеке пайдалануға арналған тауарлар 200 еуро немесе 31 келіден, яғни бажсыз әкелу нормасынан асқан кезде ғана декларацияланып жүр.
Талқылау кезінде депутаттар электрондық сауда операторларының тізіліміне «Қазпошта» АҚ және «DHL International Kazakhstan» ЖШС-мен қатар басқа да ұйымдарды енгізу тәртібі туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ, мәжілісмендер мемлекеттік органдардан тауарды декларациялаудағы оператордың жауапкершілігі, тауар әкелу кезінде контрабандаға қарсы іс-қимыл шарасы, маркетплейстердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін реттеу, тағы да басқа да мәселелер бойынша түсіндіруді сұрады.
Бұдан басқа, Мәжіліс жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері жөніндегі оған ілеспе заңға, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық Кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенаттың түзетулерімен келісті.
Моноқалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков сатып алу жүйесі арқылы отандық өндірушілерді қолдау шараларымен таныстырды.
«Ірі тапсырыс берушілер үшін ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау, елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын енгізу, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуда елішілік құндылық үлесін арттыру, ШОБ дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдаудың өзге де бағыттары бойынша міндеттемелерді енгізу бөлігінде заңнамаға түзетулер енгізу қажет», — деп атап өтті ол.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы моноқалалардағы сатып алу көлемі 2,7 трлн теңгені құраса, қазақстандық өнімнің үлесі 70,2%-ға жеткен.
17 маусымда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында туризм, спорт пен су ресурсы салаларының қазіргі дамуы қаралды.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, 2025 жылы сала алдында негізгі капиталға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту міндеті тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға артық.
Алғашқы төрт айдың қорытынды бойынша жоспар артығымен орындалды: 215,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл осы кезеңдегі жоспардың 191%-ын құрайды.
«Салаға тартылатын инвестиция көлемі орналастыру мен тамақтану, өнер, ойын-сауық пен демалыс, кітапхана, мұражай, мұрағат, жерүсті, әуе мен су көлігі, жалға беру, туроператор қызметі және басқа да қызмет түрлері есебінен қалыптастырылады. Инвестицияның негізгі ағыны екінші жартыжылдықта түсуі тиіс», — деді Ержан Еркінбаев.
2025 жылы Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жалпы құны 991,3 млрд теңгеден асатын 320 жоба пулын қалыптастырған. Оның ішінде 244,5 млрд теңге мөлшеріндегі 11 ірі жоба жүзеге асырылуға жақын.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараты бойынша, биыл су шаруашылығы инфрақұрылымы саласында 358 жоба жүзеге асырылуда.
2025 жылы аталған жобаларға 193 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75%-ға артық. Ал іске асырылатын нысан саны 2,4 есеге артқан (2024 жылы 110,5 млрд теңге сомасындағы 151 жобаға қаржы берілді).
Сонымен қатар биыл үш жаңа су қоймасының құрылысы басталып, екі су қоймасы қайта жөнделеді.
Вице-премьер-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 17 маусымда «Орталық Азия-ҚХР» іскерлік кеңесінің екінші отырысының ашылуында сөз сөйледі.
Қазақстан Вице-премьері Кеңестің Орталық Азия елдері мен Қытай арасында орнықты экономикалық байланыс орнатуда маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, аймақтағы мемлекеттердің әлеуетін ҚХР экономикалық, технологиялық мүмкіндігімен біріктіру ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған деңгейіне жол ашып отыр.
– Сауда-экономикалық байланысты дамыту басты назарда. 2024 жылы Орталық Азия мен Қытай арасындағы тауар айналымы 95 млрд долларға жетсе, оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі, - деді Серік Жұманғарин. - Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда рекордтық $44 млрд-қа дейін өскен. Осы ретте алдағы жылдары өзара сауда көлемін екі есеге арттыру ниетіндеміз.
Ынтымақтастықтың негізгі бағытының бірі – электрондық коммерцияны белсенді дамыту. Қазақстанда Alibaba және JD.com. сияқты электрондық сауда алаңдарында ұлттық павильондар құрудың оң тәжірибесі бар. Сондай-ақ, Қазақстан ҚХР Төрағасының «Жібек жолының электрондық коммерциясы» пилоттық аймағын құру жөніндегі бастамасын іске асыруда ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Орталық Азия – әлемде егіншілікті дамытудағы негізгі аймақ. Орталық Азия мен Қытай арасындағы ауылшаруашылығы саудасының ауқымы жылма-жыл артып келеді. Вице-премьер ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құруға, өндірістің тиімділігін арттыру үшін аграрлық секторға инновациялық, су үнемдеу технологиясын енгізуге мүдделі Қытай инвесторлары үшін көптеген мүмкіндікті атап өтті.
Қытай үшін орасан зор мүмкіндікті ғасырлар бойы Шығыс, Батыс, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын маңызды сауда жолының қиылысындағы Орталық Азияның транзиттік және логистикалық әлеуеті беріп отыр.
Бүгінде Қытайдан Еуропаға жерүсті жүк тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. 2024 жылы Орта дәліз бойынша тасымалдау көлемі 60%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. 2030 жылға қарай көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін екі есе арттыру жоспарлануда. Бұл өңірлік сауда мен транзитке жаңа көкжиек ашады.
– Орталық Азия – негізгі сауда жолының қиылысы. Біз қытайлық әріптестерді жаңа инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз, - деді вице-премьер.
Серік Жұманғарин Іскерлік кеңестің отырысын жыл сайын өткізу дәстүрін ұсынып, қос тараптың бизнес-қауымдастығын алдағы мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға шақырды.
Анықтама:
«Орталық Азия – Қытай» іскерлік кеңесі 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында (ҚХР) өткен «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммиті шеңберінде құрылған. Кеңес құру бастамасы Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан көшбасшылары қол қойған Сиань декларациясында бекітілді. Оның құрылтай отырысы 400-ден астам бизнес өкілін біріктіріп, Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болуда.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізген кеңесте биылғы 5 айдағы еліміздің ЖІӨ өсімінің құрамдас бөлігі мен экономикаға қомақты үлес қосып отырған салалардың даму серпінін арттыру мүмкіндіктері талқыланды.
Өнеркәсіп экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші болып қала береді: 2024 жылғы қорытынды бойынша оның ЖІӨ-дегі үлесі 25,7%-ды құрады. 2025 жылғы қаңтар–мамыр айларында сала 6,4%-ға өскен.
Кеңесте басқа сегменттердегі – машина жасау, тамақ, химия және мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі өсу әлеуеті де қарастырылды.
Белсенді өсу қарқыны бар тағы бір сала – құрылыс. Оның 5 айдағы өсімі 15,4%-ды, жұмыс көлемі 2 трлн теңгені құрады.
Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 19 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті тұр. Соңғы 5 айда 6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары.
«Біздің мақсатымыз – биыл ЖІӨ 6%-дық өсіміне қол жеткізу. Ол үшін нақты сектордағы барлық сала белгіленген индикаторға сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Әкімшілік кедергілерді жедел жойып, компаниялар өз өнімін шығаруды ұлғайтуы үшін әрбір саладағы қарқынның баяулауы есебінен нақты айлық жоспарлар әзірлеу қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
https://primeminister.kz/news/ekonomikalyk-shtab-kazakstan-6-zhio-osimine-kalay-kol-zhetkizbek-30159
Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру және бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2025 жылдың алғашқы бес айында жалпы сомасы 755,9 млрд теңгеге 6 114 жобаға қолдау көрсетті.
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап «Даму» қоры базасында Кепілдік беру қорларының жұмысы басталды. Бірінші қор – 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды, екінші қор – 7 млрд теңгеден асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда 9 банкпен келісімдер жасалған.
Кепілдік беру қоры іске қосылғаннан бері 66,5 млрд теңге көлеміндегі несиелер бойынша 543 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 35,4 млрд теңге берілген кепілдіктердің көлемі.
Бекітілген жобалардың 70%-дан астамы инвестициялық мақсаттарға бағытталған: жаңа өндірістерді іске қосу, жабдық сатып алу және құрылыс.
Өңдеу өнеркәсібі барлық берілген қарыздардың шамамен 33%-ын құрап отыр. Сондай-ақ, көлік-логистика, денсаулық сақтау және білім беру салаларында да жоғары сұраныс байқалды.
Жалпы алғанда, кепілдік беру құралы аясында 2025 жылдың бес айында «Даму» қоры 2 470 жобаны қолдады. Бұл жобалар бойынша несие көлемі 325,1 млрд теңге, ал ұсынылған кепілдіктердің жалпы сомасы 225,8 млрд теңгені құрады.
Мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігінен жеңілдетілген несиелеуге кезең-кезеңімен көшуде. 2025 жылы осы бағытқа бөлінетін қаржы көлемі 750 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп.
Аталған бағыт аясында жаңа «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-дан аспайды. «Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер банктерге тікелей жүгінуі қажет (қазіргі кезеңде бұл — Freedom Bank, Банк ЦентрКредит және Halyk Bank).
2025 жылдың бес айында қолданыстағы жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында 873 жоба жалпы сомасы 73,6 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Сонымен қатар, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралы бойынша 2 228 жоба қолдау тауып, жалпы 290,7 млрд теңге көлемінде несие берілді.
Жобалардың саны мен несие көлемі бойынша ең көп қолдау көрсетілген салалар - ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және сауда.
Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, Батыс өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шұғыл шаралар жоспарын, «Ауыл аманаты» жобасын және бюджеттік жоспарлау саласындағы реформаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Абдікәрімов, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков қатысты.
Бюджет кодексін реформалау және бюджеттік жоспарлауды Өңірлік стандарттар жүйесімен (ӨСЖ) ұштастыру мәселесі талқыланды. Аталған жүйе қаржыландыруды инфрақұрылым алшақтықтары бар өңірлерге басымдықпен бағыттауға мүмкіндік береді.
Мәселен, кәріз желілерінің тозуы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында республикалық деңгейден, ал Атырау мен Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің тозуы ел бойынша орташа деңгейден жоғары. Барлық батыс өңірлерде электр желілерінің айтарлықтай тозғаны және жолмен қамтамасыз етудің төмен деңгейі байқалды.
Вице-премьер инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде ӨСЖ көрсеткіштерін ескеріп, артта қалған елді мекендерге басым түрде қаржы бөлудің маңыздылығын атап өтті.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында, ауылдарды орнықты дамыту мақсатында, 2029 жылға дейін батыс өңірлерде 2,5 мыңнан астам инвестициялық жоба жүзеге асып, 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қанат Бозымбаев әкімдіктерге 1 шілдеге дейін жоба скринингі нәтижелері бойынша ауылдық округтердің мамандануын айқындауды және халыққа шағын несие беру тетіктері бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ Батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі шұғыл шаралар жоспарының орындалу барысы бойынша есептер тыңдалды.
Жұмыс сапары аясында вице-премьер Атыраудағы бірқатар маңызды нысанды аралады: «Атырау Су Арнасы» КМК, №5 сүзгі стансасы, Атырау қаласына кіреберіс жолдың құрылысы және кәріздік тазарту құрылыстарын реконструкциялау жұмыстарын тексерді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен жеңілдікті несиелендірудің жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылғанын хабарлайды.
Бұл құрал микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Жеңілдетілген несиелеу үшін басымдық берілетін экономиканың салалары – өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, денсаулық сақтау.
Жеңілдікті кредиттеудің жаңа бағдарламасы бойынша түпкі қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6% -дан аспайды.
Бағдарлама бойынша жалпы қаражат көлемі 750 млрд теңге болады, оның 300 млрд теңгесін Қор бөледі, ал 450 млрд теңге екінші деңгейлі банктер тарапынан бірлесіп қаржыландыру аясында тартылады.
«Өрлеу» бағдарламасы инвестициялық мақсаттарға жеңілдікті қарыз беруді, айналым қаражатын толықтыруды және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруды көздейді.
Негізгі шарттар:
• қарыздың ең жоғары сомасы - инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 млрд теңгеге дейін;
• сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 12,6% -дан аспайды;
• қаржыландыру мерзімі: - инвестициялық мақсаттарға 10 жылға дейін, - айналым қаражатын толықтыруға - 3 жылдан аспайды, - кредиттерді қайта қаржыландыруға - қаржыландырылатын берешек мерзімінің қалдығынан артық емес.
«Өрлеу» бағдарламасы жеңілдікті кредит беру арқылы кәсіпкерлік қызметті келесі экономиканың басым секторларында:
- өңдеу өнеркәсібі (оның ішінде тамақ өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, киімдерді, химия өнеркәсібі өнімдерін, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттарды, резеңке және пластмасса бұйымдарын, электр жабдықтарын, жиһаздарды және т.б. өндіру),
- көлік және қоймалау (жүк және жолаушылар тасымалы, жүктерді қоймалау қызметтері және т.б.), - туризм (қонақ үйлер, кемпингтер және т.б. қызмет көрсету),
- білім беру (мектеп және мектепке дейінгі мемлекеттік білім беру тапсырысы бар),
- денсаулық сақтау (медициналық орталықтар, көп бейінді клиникалар) ынталандыруға бағытталған.
«Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер тікелей несие берушілерге жүгінуі қажет. Қазіргі кезеңде Freedom Bank, ЦентрКредит Банкі және Halyk bank-пен тиісті келісімдерге қол қойылды.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ға өскен.
Мұндай нәтижеге өнеркәсіп пен құрылыс салаларынан бастап сауда, көлік және байланысқа дейінгі негізгі салалардағы өсім қарқынының жеделдеуі ықпал етті.
Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды: ең жоғары өсім +22,9% көрсеткішімен кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің белсенді дамуының нәтижесінде Жамбыл облысында тіркелді. Түркістан және Жетісу облыстарында өндіріс 14,8%-ға, Алматы қаласында 14,1%-ға өсті. Шымкент қаласында өсім 18,9%-ға жетті.
Ауыл шаруашылығындағы өсім 4,0%-ды құрады (қаңтар-сәуір айларындағы 3,9%-бен салыстырғанда). Ең айқын өсім Атырау облысында (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+7,5%) және Ақмола облысында (+6,5%) тіркелді, бұл негізінен мал мен құс сойымының артуы есебінен болды. Түркістан облысында өсім 6,3%-ды, Абай облысында – 3,6%-ды, ал Қостанай облысында – 4,8%-ды құрады.
Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, 15,4%-ға өсті. Он сегіз өңірде өсім тіркелді, ал Маңғыстау облысында мектептер, тұщытқыш зауыт, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есеге артты. Қызылорда облысында өсім 64,5%-ды, Қостанайда – 57,8%-ды, Астанада – 51,8%-ды, Түркістан облысында – 46,6%-ды құрады. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді: бес айдың ішінде 6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Ең белсенді құрылыс Түркістан облысында (+25,5%), Шымкент қаласында (+23,4%) және Алматы облысында (+20,4%) байқалды.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы салымдарының есебінен қамтамасыз етілді.
Сауда айналымы 7,8%-ға артты (қаңтар-сәуір айының қорытындысындағы 7,0%-бен салыстырғанда). Ішкі сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі шамамен 68%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көтерме сауда 8,3%-ға, бөлшек сауда 6,5%-ға өсті.
Өсім қарқыны бойынша Түркістан облысы (+66,2%), Ақмола облысы (+48,9%) және Шымкент қаласы (+23,1%) алдыңғы қатарда.
Байланыс және телекоммуникация саласы 2,8%-ға өсті. Бұл Интернет желісі қызметтері есебінен (+13,9%).
Көлік саласы 23,1%-дық өсім көрсетті — бұл көбінесе жүк теміржол көлігінің (+17%) және құбыр арқылы тасымалдаудың өсуіне байланысты (+13,8%). Ең жоғары өсім Жетісу облысында (+39,1%), Абай облысында (+17,7%) және Ақтөбе облысында (+11,3%) тіркелді.
Үкімет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауда ұстауды жалғастырып келеді.
ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ беделді халықаралық FocusEconomics Analyst Forecast Awards 2024 премиясының жеңімпазы атанып, Kazakhstan Current Account номинациясы бойынша 1-орынға ие болды.
Аталған премия жыл сайын әлемнің 130-дан астам елінен қатысатын макроэкономикалық болжам жасайтын ұйымдар арасында нақты болжам үшін беріледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Институт ондаған халықаралық сараптамалық орталық, инвестициялық банктер мен зерттеу агенттіктері арасында үздік нәтиже көрсетіп, көш бастады. Сондай-ақ, Институт Real and External Sector және Overall Categories секілді жиынтық санаттарда да үздіктер қатарынан көрініп, болжамдарының кең ауқымдылығы мен дәлдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Институт 2023 жылы да Exchange Rate санатында 2-орын алғанын айта кеткен жөн. Бұл оның макроэкономикалық талдау саласындағы тұрақты кәсібилігі мен жүйелілігін көрсетеді.
FocusEconomics – консенсус-болжамдар мен талдаулардың жетекші жаһандық провайдері ретінде – қазақстандық институттың халықаралық зерттеулерге белсенді қатысатынын, аналитиканың тереңдігін және ғылыми негізділігін жоғары бағалады.