Меню
Страницы
Министрлік туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Комитет
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Все материалы
03 марта 2025
Қазақстан мен Хорватия экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов Хорватия Парламентінің депутаты Звонимир Троскот бастаған Хорватия Республикасының делегациясымен кездесу өткізді. Екіжақты келіссөзге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, Хорватия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рефик Шабанович, сондай-ақ Хорватия Парламентінің депутаттары қатысты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Хорватия қатынастарының ағымдағы деңгейіне қанағаттанушылықтарын білдіріп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін атап өтті. Екіжақты сауда көлемін ұлғайту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Вице-министр Бауыржан Құдайбергенов алдағы бес жылда Қазақстан мен Хорватия арасындағы тауар айналымының бірнеше есе өсуі үшін елеулі әлеуетті атап өтті. Ол Қазақстан Үкіметінің экономиканы әртараптандыру жөніндегі басымдықтары туралы егжей-тегжейлі айтып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектілігін атап өтті. Бұл тұжырымдама аясында жаңа тәсіл нақты салалардың қажеттіліктерін ескере отырып, инвестиция тартуға бағытталған.

Хорватия делегациясының басшысы Звонимир Троскот өз елінің Қазақстанмен мұнай-газ саласы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік сынды стратегиялық маңызды салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге, сонымен қатар сауда және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін растады. 

Тараптар екіжақты серіктестікті нығайту және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мақсатында тұрақты байланыстарды қолдауға уағдаласты. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Хорватия үкіметаралық комиссиясының қазақстандық бөлігінің жұмыс органы ретінде қызмет атқарады.

03 марта 2025
Серік Жұманғарин мұнай-газ саласының әлеуетіне арналған экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысын өткізді

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл мұнай-газ саласының әлеуетіне және Маңғыстау облысының инвестициялық-экономикалық дамуына арналған экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысын өткізді.

2024 жылы ЖІӨ-нің 4,8%-ға нақты өсуі кезінде 2025 жылға таргет – 7% мөлшерінде деп белгіленіп отыр. Бұл экономиканың нақты секторының инвестициялық жобаларын уақтылы іске асыру кезіндегі өте жоғары, бірақ қол жеткізуге болатын көрсеткіш.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов айтқандай, қаңтар айының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу 1,53 млн тоннаны құрады немесе өткен жылғы қаңтардағы көрсеткішпен салыстырғанда – 104%. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы бірінші айдағы жоспардан 0,6%-ға алда.

Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы жалпы мұнай өңдеу үлесі 1%-дан аз (2023 жылы – 0,8%, 2024 жылы 9 айда – 0,6%). Сонымен қатар мұнай өңдеу саласы – бұл қосылған құны жоғары өнім өндірісі. 2025 жылғы мамырдың соңында «CaspiBitum» БК ЖШС кеңейту жобасын іске асыру аяқталғаннан кейін оның қайта өңдеу қуаты 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғаюы тиіс. 2026 жылы Қазақстанда қайта өңдеу қуатының жиынтық көлемі 18 млн тоннадан 18,5 млн тоннаға дейін өседі.

Вице-премьер ірі қайта өңдеу зауыттары мен шағын МӨЗ жүктемесіне қатысты өзекті мәселелерді тыңдады.

«Қандай да бір елеулі сыртқы фактор болмаса, мұнай өңдеу саласында биыл Қазақстанның ЖІӨ-ге үлесін ұлғайтуға жақсы мүмкіндік бар», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Маңғыстау облысының таргеттелетін физикалық өсу индексінің құрамдас бөлігі жекелей қарастырылды. Осы жылға арналған 7%-дық өсу міндеті кезінде қаңтардың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығында (жоспардағы 101%-дан 87,5%-ға) және саудада (нысаналы 105,4%-дың орнына 102%) көрсеткіштердің төмен орындалуы байқалды. Вице-премьер алдағы айларда қойылған жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Еліміздің ЖІӨ-дегі сауданың айтарлықтай үлесін ескере отырып (2024 жылы 19%) штабтың жақын арадағы отырыстарының бірі қоймасы бар сауда мен көлік саласына арналады. 

Сондай-ақ штаб отырысында өңірдің бюджеттік-инвестициялық жобаларына қаражаттың төмен игерілу себептері қаралып, талдау жасалды. Вице-премьер шұғыл қаржыландыруды қажет ететін барлық жобаны олардың экономиканың нақты секторына салымды ұлғайтуға әсер ету призмасы тұрғысынан зерделеуді тапсырды.

03 марта 2025
Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.

Құжатта:

тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;

археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;

тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;

қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;

археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;

мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;

қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;

тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;

мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;

туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.

https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kazakstan-respublikasynyn-keybir-zannamalyk-aktilerine-turkistan-kalasynyn-erekshe-martebesi-zanyna-kol-koydy-325353 

01 марта 2025
Қазақстанның ЕҚДБ-мен ынтымақтастық бағдарламасы ШОБ өсуін қолдайды

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасындағы ынтымақтастық бағдарламаларының қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесінің жыл сайынғы отырысы өтті.

Отырысқа вице-министр Бауыржан Құдайбергенов төрағалық етті. Өз сөзінде ол елдегі шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту үшін ЕҚДБ-мен серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

«2013 жылдан бастап біз кәсіпкерлікті қолдауға, консалтингтік сүйемелдеуге әрі жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырып келеміз. «Іскерлік консультациялық қызметтер»бағдарламасы 1 800-ден астам консалтингтік жобаны қаржыландырды, бұған қоса 300-ден астам оқыту іс-шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде кәсіпорындар өз кірістерін 73% ұлғайтып, жалпы өсім 673 млн еуроны құрады. 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның жартысынан астамы әйелдер қауымының үлесінде», - деп атап өтті вице-министр.

2015 жылы іске қосылған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасының табысты дамуы маңызды жетістіктердің бірі болды, ол 846 кәсіпкер әйелді оқытуға ықпал етті. Нәтижесінде, бағдарламаға қатысатын компаниялардың 19,7%-ы микро-бизнестен шағын және орта бизнеске өсті.

Бұған қоса, Бауыржан Құдайбергенов ынтымақтастықты 2030 жылға дейін ұзарту бірлескен жұмыстың нәтижесі мен тиімділігін растайтынын, сондай-ақ әйелдер, жастар және ауылдық аудандар арасында кәсіпкерлік әлеуетті ынталандыруды қамтитын инклюзивті экономикалық дамудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыс барысында ЕҚДБ-ның ассоциативтік директоры Симоне Зе Атанасовски 2025 жылы ЕҚДБ-ның ШОБ-ты қолдау жөніндегі жоспарларына шолу жасады. Орта бизнесті дамыту, консультациялық қолдау және кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау басты назарда.

2024 жылдың қорытындысы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерді көрсетті: консультациялық бағдарламалар шеңберінде 2380 жоба іске асырылды, оның 78%-ы табысты деп танылды. Күтілетін нәтижелерге айналымның 42%-ға өсуі, 9,5 мың жұмыс орнын құру, еңбек өнімділігінің 22%-ға ұлғаюы және экспорттың 55%-ға өсуі жатады. 2025 жылы Микробизнес арасында кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және орта кәсіпорындардың инвестициялық әлеуетін нығайтуға басты назар аударылатын болады.

Отырыс барысында вице-министр Ұлттық экономика министрлігі жұмысының жаңа тәсілдері мен экономиканың нақты секторын одан әрі дамыту, инвестициялық саясатты күшейту, сондай-ақ бизнестің өсуі мен іріленуін ынталандыру жөніндегі Үкіметтің басымдықтары туралы айтып берді. 

Қатысушылар сондай-ақ ШОБ-ты қолдаудың негізгі шараларын, елімізде жүзеге асырылып жатқан бюджет-салық реформасының нюанстарын талқылады.

Вице-министр Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін көтеру, тек B2C үшін бөлшек салық бойынша қызмет түрлерін қысқарту және ҚҚС бойынша есепке қою шектерін төмендету жөніндегі шаралары бюджет түсімдерінің өсуіне әкелетінін, Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға, мемлекеттік қарызды және оның шығыстарын азайтуға көмектесетінін атап өтті. Қосымша кірістер инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді, өңдеу өнеркәсібін, қорғанысты дамытуға, инвестициялық жобаларды кредиттеуге және ТКШ мен жылу энергетикалық жүйені жаңғыртуға бағытталатын болады.

Жалпы, Құдайбергенов жүргізіліп жатқан салық-бюджет реформасы отандық бизнесті қолдауды күшейтуге және инвестициялар ағынын жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Үкімет жұмысында 2025-2026 жылдары бизнес жобалары басты назарда болады.

28 февраля 2025
Серік Жұманғарин Қазақстандағы ХВҚ миссиясының басшысы Әли Джавад Әл-Эйдпен кездесті

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Әли Джавад Әл-Эйдті 2025 жылғы 28 қаңтарда ХВҚ миссиясының басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан ХВҚ-ның сараптамалық қорытындысы мен ұсынымдарын әрдайым жоғары бағалайтынын, бұл еліміздің экономикалық саясатын қалыптастыру мен маңызды стратегиялық шешімдер қабылдау үшін таптырмас ресурсқа айналғанын атап өтті.

«Қазақстан Қормен 30 жылдан астам уақыт жемісті ынтымақтастық орнатып, айрықша қолдауға ие болды. Біздің ХВҚ-мен ұзақмерзімді әріптестігіміз экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан экономикасының сапалы әрі орнықты өсуі үшін өте маңызды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

 Кездесуге қатысушылар құрылымдық реформаларды жүзеге асыру, салық-бюджет саясатын жетілдіру және ұлттық қаржы нарығын дамытуға бағытталған жобалардың оң нәтижелерін атап өтті. Бұл жобаларды іске асыру барысында ХВҚ-ның тәжірибесі мен ұсынымдары ескерілгені айтылды. Сондай-ақ 2021 жылдан бері Алматыда жұмыс істеп келе жатқан ХВҚ-ның Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия әлеуетін дамыту жөніндегі өңірлік орталығының өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар вице-премьер мен миссия басшысы мемлекеттің экономикалық нақты секторын қаржыландыру, бюджет-салық реформасын іске асыру жөніндегі жоспарларын, сондай-ақ өзара іс-қимылдың басқа да аспектілерін талқылады.

28 февраля 2025
Гендерлік тепе-теңдік: директорлар кеңесі мен байқау кеңесі құрамында әйелдердің 30%-ы болуы тиіс

Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет 100% қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлар кеңесі мен байқау кеңестері үшін тәуелсіз директорларды (тәуелсіз мүшелерді) іріктеудің жаңа ережелері мен өлшемшарттарын енгізеді.

Бұл өзгерістер корпоративтік басқару сапасын арттырып, мемлекеттік компаниялар деңгейінде шешім қабылдаудың тәуелсіз болуын қамтамасыз етеді. Кеңестер құрамында гендерлік тепе-теңдікті сақтауға ерекше назар аударылмақ. Бұл шешім қабылдау үдерісінің әр алуандығы мен сапасына әсер етеді.

Жаңа ережелерге сәйкес, тәуелсіз директор лауазымына үміткер кәсіби дағдысы мен тәжірибесімен қатар, жеке қасиеті де көрінетін біліктілік талабына анық сай болуы керек. Барынша ашық жүргізілетін іріктеу жүйесі біліктілігі жоғары мамандарды табуды мақсат тұтады. Сонымен қатар, директорлар кеңесі мен байқау кеңестерінде сабақтастықты енгізуді міндетті жоспарлау көшбасшылықты орнықтырып, тиімді шешім қабылдауға ықпал етпек.

Үміткерлерді іріктеуді жеңілдету үшін Тәуелсіз директорлар тізілімі жасалады. Осылайша, уәкілетті орган білікті маман туралы деректі оңай біле алады. Ал оларды іріктеу уәкілетті орган ұйымдастыратын конкурс арқылы жүзеге асырылады. Мамандар біліктілік бойынша бағаланады. Комиссия сұхбаттасу өткізеді.

Үміткерлерді іріктеуде бейтараптық сақталып, кәсібилік алдыңғы орынға шығуы үшін комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ корпоративтік басқару мәселесімен айналысатын сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері енгізіледі.

Жаңа ережедегі маңызды ұсыныс – директорлар кеңесі мен байқау кеңесінің құрамындағы әйелдердің үлесін кемінде 30% ету.  Бұл гендерлік тепе-теңдікті жақсартуға, өзекті шешім қабылдау кезіндегі пікірлердің әр алуандығына ықпал етпек.

Айтылған жаңашылдықтар іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыру, басқару органдары жұмысының тәуелсіздігі мен тиімділігін күшейту тәрізді бірқатар мақсатты көздейді. Осы арқылы тәжірибелі, сараптамалық білімі бар, біліктілігі жоғары мамандарды тартуға, корпоративтік басқаруды күшейтуге, мемлекет қатысатын компаниялардың беделін жақсартуға жол ашылады.

Бұйрықтың жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған. Талқылау 2025 жылғы 17 наурызға дейін жүргізіледі.

27 февраля 2025
Салық кодексінің жобасына енгізілетін жаңа түзетулер Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды

27 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінде өткізілген дөңгелек үстелде Салық кодексі жобасына түзетулердің жаңа топтамасы талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысына Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Туризм және спорт министрліктерінің және басқа да министрліктердің, Экономикалық зерттеулер институтының, Ұлттық банктің, Қаржы нарықтарын реттеу агенттігінің, «Атамекен» ҰКП және басқа да ұйымдардың өкілдері, экономистер қатысты. Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Әмрин сөз сөйледі.

Бұрын хабарланғандай, жаңа түзетулер мынадай тетіктерден тұрады:
- Жалпы белгіленген ҚҚС ставкасы 16%;
− АӨК-ті ҚҚС-тан толық босату;
− Бірқатар салаларда – денсаулық сақтауда 10% аралық мөлшерлеме.
− Есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету.
Сондай-ақ жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимін қайта қарау ұсынылады. Ұсынылған жеңілдетілген декларация режимі бойынша табыс шегі 600 мың АЕК (2 359 млн теңге) және мәслихаттардың 50%-ға төмендету мүмкіндігімен 4%-дық мөлшерлеме сақталған кезде мынадай өзгерістер ұсынылады:
− қызмет түрлерін қысқарту және тек B2C сегментінде жүзеге асыру;
- қызметкерлер саны бойынша шектеулерді алып тастау;
− егер сатудан түскен табыс жылына 100 млн теңгеден асатын болса, ЕТҚ-ны шегеру.
-Салық кодексінің жобасында қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, салық түсімдерінің өсуі жыл сайын 4-5 трлн теңгені құрайды деп күтеміз. Салықты көтерудің ықтимал инфляциялық әсері қысқа мерзімді болатынын және жыл ішінде таусылатынын атап өту маңызды, - деді Азамат Әмрин. - Бюджет-салық реформасының негізгі мақсаттары-үш негізгі сын-қатерді шешу: экономикалық проблемалар, бюджет тапшылығы және салықтық моральды нығайту.
Ел бюджетіне түсетін түсімдердің өсуі мемлекет алдында тұрған даму міндеттерін шешуге, Ұлттық қордан алып қоюды шектеуге, мемлекеттік борыш пен оған жұмсалатын шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді. Алынған қосымша кірістер мыналарға мүмкіндік береді:
− Ұлттық қорға тәуелділікті азайтады;
− Мемлекеттік қарыз деңгейін төмендетеді;
− Қосымша ресурстар инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді, өңдеу өнеркәсібі мен қорғанысты дамытуға, инвестициялық жобаларды кредиттеуге, даму институттарын дамытуға, ТКШ, жылу-энергетикалық жүйені жаңғыртуға бағытталады.

22 февраля 2025
Standard&Poor's халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растады, болжам – «Тұрақты»

Елдің рейтингін қолдайтын негізгі факторлар ықтимал сыртқы тәуекелдер үшін жеткілікті резервтерді қамтамасыз ететін қуатты фискалдық және сыртқы баланстар болып қала береді.

Агенттік сарапшылары елдің өтімді сыртқы активтері сыртқы борыштан едәуір асып түседі деп болжап отыр.

S&P мұнай өндірудің жоспарланған өсуі және Теңіз мұнай кен орнындағы қуаттылықтардың кеңеюі экономикалық өсімге оң әсер ететінін атап өтті.

Басылымда Қазақстанның орта мерзімді фискалдық траекториясы фискалдық ережелердің сақталуына байланысты болатындығы атап өтілді. Салық базасын кеңейту және ҚР Ұлттық қорынан қосымша трансферттерді шектеу бюджет тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сондай-ақ S&P Қазақстанның банк секторын геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерге тұрақтылығын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, екінші деңгейлі банктердің капитал қоры мен тұрақты өтімділігі жеткілікті.

21 февраля 2025
Азамат Әмрин ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Азамат Кеменгерұлы Әмрин Қазақстан Республикасының ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің Баспасөз қызметі хабарлайды.

1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Корнеев кеңшарында жұмысшы болып бастаған.

1997 жылдан 2008 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысы Салық комитетінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

2008–2011 жылдары — СҚО Шал ақын ауданының әкімі 

2011–2012 жылдары — «Амрин К. К.»  шаруа қожалығының менеджері

2013–2020 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары, директоры.

2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР ұлттық экономика вице-министрі.

21 февраля 2025
Агроөнеркәсіп секторын дамытуға кем дегенде 1,5 трлн теңге бағытталады

Аграрлық сектор саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту үшін 2025 жылы Аграрлық несие корпорациясы (АНК) және ҚазАгроҚаржы арқылы шамамен 1,5 трлн теңге қаражат бағытталады. Қаражат көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын жүргізуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, негізгі құралдарды сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне беріледі.

Жобаларды несиелендіру кезінде келесідей бағыттарға басымдық жасалады:

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне басымдық)

Суару жүйесін дамыту (жаңбырлату қондырғылары, суару құрылыстары, тамшылатып суару)

Өнеркәсіптік жылыжайлар (көкөніс бағасының маусымдық ауытқуының төмендеуі)

Инфрақұрылымды дамыту (орау, сақтау, тасымалдау) 

Өнеркәсіптік ауқымда жемшөп өндірісін дамыту.

Инвестициялық жобаларды несиелендіру АӨК инвестицияларын ұлғайту, азық-түлік инфляциясының импортын азайту үшін ішкі өндірісті дамыту және ішкі нарықты отандық өніммен тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттық әлеуетті іске асыру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталмақ.

Жобаларды қамтуды ұлғайту үшін АНК арқылы жобаларды несиелендіру лимиттері 7 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін артады. Сондай-ақ Бәйтеректің Кепілдік қорының, Дамудың кепілдерін Аграрлық несие корпорациясының ұзақ мерзімді ірі жобаларына қолдану кеңейтіледі, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын қолдауға арналған мандаты күшейтіледі.

ҚазАгроҚаржы лизингтік бағдарламалары шеңберінде отандық ауыл шаруашылығы техникасына басым түрде қолдау көрсетіледі. Бұл фермерлерді қолдаудың осы шарасының өнеркәсіптік кәсіпорындарға мультипликативтік әсерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, «Бәйтерек» холдингі құс фабрикаларының пулын қалыптастырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің экспорттық мүмкіндігін арттыруды жалғастырады. Малайзиямен жаңа өткізу нарықтарын игеру, сондай-ақ астық экспортын $200 млн-ға дейін ұлғайтатын жаңа сауда қорын құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ұзақ мерзімді перспективада аталған көрсеткішті $1 млрд-қа дейін арттыру жоспарлануда.

Экспортты кеңейту және жаңа нарықтар

Экспорттық стратегия шеңберінде отандық өндірушілер үшін сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік құралдары кеңейтілуде. Жаңа нарықтарға шығу және қазақстандық экспорт үшін кешенді шешімдер ұсыну маңызды міндет болып отыр.

Осыған байланысты, «Бәйтерек» сауда қорын іске қосып, құс шаруашылығы кәсіпорындары мен өсімдік шаруашылығын дамытуды қосқанда, экспортқа бағдарланған жобалар пулын қалыптастырады.

Экспорттың негізгі бағыттары:

Экспорттық арналарды кеңейту үшін өсімдік шаруашылығы өнімдерінің (дәнді, майлы және бұршақ дақылдары) ірі өндірушілері мен трейдерлерін шоғырландыру.

Тұрақты экспорттық жеткізу тізбегін құру және экспорт географиясын кеңейту (ҚХР, Орталық Азия, ЕО).

Баға белгілеудегі алыпсатарлық факторлардың төмендеуі және нарықты тұрақтандыру.

Ірі шетелдік сатып алушылармен әріптестік (COFCO және басқалар).

Инвестициялық қолдау және сауда қызметіне жеке секторды тарту.

Көлік-логистикалық қызметтер бойынша агроөндірушілер үшін жағдайды жақсарту.

Келешекте – қорды Food Security Fund-қа КОВА және Таяу Шығыс елдерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кеңірек мандатпен трансформациялау.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) арқылы экспортты қолдау құралдарына келесілер кіреді:

кепілдіктер,

қайта сақтандыру,

композиттік қызметтер.

Бұл шаралар қазақстандық өнімді жаңа нарықтарға шығаруға және отандық өндірушілердің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. ЭКА екінші деңгейлі банктермен де, «Бәйтерек» тобы ішіндегі басқа қаржы институттарымен де жұмыс істейді. Бұл ретте қолдау құралдары бизнестің локализациялау, индустрияландыру және инвесторларды тарту жөніндегі міндеттемелеріне айырбас ретінде ұсынылады.

Тұрғын үй құрылысын дамыту

Моноқалаларда, шағын қалаларда және облыс орталықтарында тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру жұмыстың маңызды бағыты болады. Бұл халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар кадрлардың жергілікті жерде тұрақтап қалуын ынталандырады. Әсіресе, ол биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында маңызды.

2025 жылы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша жұмысшы мамандықтар: өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары мамандықтарына бағытталған «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарламаның негізгі параметрлері:

72 млрд теңге сомасына 2 440 қарыз;

Өтінімдерді қабылдауды бастау – 2025 жылғы 17 наурыз;

Жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізуді кеңейте отырып, «Наурыз жұмыскер» бағдарламасын «Наурыз» бағдарламасына енгізу.

«Бәйтерек» холдингі жергілікті әріптестерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларды, оның ішінде «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ тетіктері арқылы іске асыруға белсенді түрде тартуда. Бірлескен жобалар тұрғын үй мәселелерін шешіп қана қоймай, өңірлерде білікті кадрлардың тұрақтап қалуына көмектеседі.

Бұл бастамалар экономиканың теңгерімді дамуын және Қазақстанның стратегиялық басымдықтарына сәйкес келетін тұрақты қаржы жүйесін құруды қамтамасыз етеді.

Социальные сети
Twitter
Facebook
Telegram
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы