Е. Нысанбаев Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті

Е. Нысанбаев Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті

2025 жылғы 14 мамырда Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Орталық Азия бойынша өңірлік директор Т. Проскурякова жәнк Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директор С.Вахба бастаған Дүниежүзілік банк өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Тараптар экология және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Негізгі тақырыптар - парниктік газдар шығарындыларына квоталар саудасының ұлттық жүйесін жетілдіру және көміртегі нарығын нығайтуға бағытталған «Нарықты енгізу серіктестігі» (PMI) жобасы, еліміздің климаттық мақсаттарына қол жеткізуі, сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ-ның Өңірлік Климаттық саммитін өткізуге дайындығы болды.

Кездесуде орман өрттерінің алдын алу және сөндіру жүйесін жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, тараптар қалдықтардың барлық түрлерін (радиоактивті қалдықтарды қоспағанда) басқару тұжырымдамасын әзірлеуді, сондай-ақ жалпы қалдықтарды тұрақты басқару саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Кездесу соңында Ерлан Нысанбаев Дүниежүзілік банк өкілдеріне конструктивті диалог үшін алғысын білдіріп, экологиялық тұрақты болашақ жолында әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.