«Жасыл» инвестицияларды тартуды және қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды ынталандыру мәселелері бойынша көшпелі отырыс

«Жасыл» инвестицияларды тартуды және қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды ынталандыру мәселелері бойынша көшпелі отырыс

25 сәуір күні ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мемлекет тарапынан «жасыл» инвестицияларды тартуды және  қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды  ынталандыру мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.

Іс-шараға Сенат депутаттары, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М. Ошурбаев, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Е. Кожиков, Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысы А. Жүсіпов, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері,Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы, Атырау облысының әкімдігі мен мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев баяндамасында Каспий теңізі және Жайық өзенінің тартылуы, атмосфералық ауаның ластануы, топырақ пен жер асты суларының ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының заңсыз орналасуы мен елді мекендердегі құм көшкінінің көбеюі туралы мәселелерге тоқталды.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының заңсыз орналасуына байланысты оларды қалыпқа келтіру жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Облыс аумағында 2026 жылы қатты тұрмыстық қалдықтар сақтайтын 18 полигон оңтайландырылып, жұмыс істейтін болады.

Облыс әкімінің орынбасары М.Мурзиев Атырау облысы бойынша экологияны қалыпқа келтіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы жоспарлы түрде және нәтижелі өтетінін айтты.

Көшпелі отырыс барысында Комитет мүшелері өңірдегі ірі кәсіпорындардың экологиялық ахуалымен және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.  Оның ішінде «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» компаниясын, Атырау мұнай өңдеу зауытын, бекіре балықтарын өсіретін зауытты және басқа да нысандарды аралап көрді.