Степногорск қаласында тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару бойынша «Шебер Спецмаш» ЖШС жобасы туралы

Степногорск қаласында тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару бойынша «Шебер Спецмаш» ЖШС жобасы туралы

Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдейтін зауыттар салу және қалдықтарды басқару жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында утилизациялық алым есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі жұмыс істеуде. Қаржыландыру жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жылға дейінгі мерзімге және төлемдерді екі жылға дейінгі кейінге қалдыру мүмкіндігімен берілуде.

Экология министрлігі мен «Атамекен» ҰКП тарапынан әкімдіктер ұсынған 67 жоба мақұлданды, оның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған. Сол жобалардың бірі – Ақмола облысы, Степногорск қаласында қызмет ететін «Шебер Спецмаш» ЖШС-ның жобасы.

Компания 2022 жылдың соңында жұмысын бастап, содан бері тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ұмтыла отырып, тұрақты даму көрсетіп келеді. «Шебер Спецмаш» ЖШС-ның өз меншігіндегі арнайы техникасы бар және қазіргі таңда автопаркін жаңғыртуды жалғастыруда.

2024 жылы компания «Жасыл даму» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен жаңа қоқыс таситын көлік сатып алуға 22,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру алды. Бұл коммуналдық қалдықтарды жинау көлемін айтарлықтай ұлғайтып, қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта компания 26,8 миллион теңгеге артқы тиегіші бар тағы бір қоқыс таситын көлік сатып алуға екінші өтінімін жолдады. Бұл өз кезегінде Степногорск қаласы көшелерінде жылдың кез келген мезгілінде тазалық пен санитарлық тәртіптің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министрлік «Жасыл даму» АҚ-ның қаржылай қолдауына ие болған кәсіпорындардың жұмысын бұдан әрі де жариялап отырады.