Қазақстан көміртекті несиелерге бәс тігуде: тұрақты даму үшін жаңа серіктестік

Қазақстан көміртекті несиелерге бәс тігуде: тұрақты даму үшін жаңа серіктестік

«Таза Қазақстан» экологиялық даму мен экологиялық мәдениетті ілгерілету тұжырымдамасы аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ-ның қолдауымен «Food Waste» ЖШС мен «Seven Rivers Technologies» ЖШС арасында маңызды әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл меморандум көміртекті несиелерді жүзеге асыруға бағытталған, сондай-ақ Қазақстанда «жасыл экономика» мен экологиялық тұрақтылықты дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Серіктестіктің басты мақсаты – органикалық және азық-түлік қалдықтарын полигондарға көмуге жол бермей, оларды «Food Waste» ЖШС-нің өндірістік қуаттарында қайта өңдеу арқылы көміртекті несиелерді қалыптастыру. Қалдықтарды қайта өңдеу жүйесі парниктік газдардың шығарылуын азайтуға, қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға және Қазақстандағы тұрақты шешімдерді ілгерілетуге мүмкіндік береді.

«FOOD Waste» ЖШС – Қазақстанда баламасы жоқ патенттерге негізделген бірегей жоба. Жоба аясында селекциялық жұмыстар жүргізілген, сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстанда азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар жоқ. Компания 2020 жылдан бері Алматы облысында 10 мың тоннадан астам қалдықты қайта өңдеп, бес жыл ішінде 3 мың тонна органикалық тыңайтқыш және 1 мың тонна мал азығына арналған қоспа өндірді. Дайын өнімдер қатарына «Жәндіктер ұны» атты азықтық қоспа, «EcoZher» органикалық тыңайтқышы және «Майлы» атты азықтық май кіреді.

«Seven Rivers Technologies» ЖШС – жыл сайын тұрмыстық қатты қалдықтар құрамынан 50 000 тоннаға дейін шыны қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт. Бұл Кызылорда облысы мен оған шекаралас өңірлердегі полигондарға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады. Жоба жылына 220 миллион дана шыны ыдыс (тамақ және фармацевтика өнеркәсібіне арналған бөтелкелер мен банкалар) өндіретін өндірістік қуатты іске қосуды көздейді. Өндіріс желісі ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен ТМД елдеріне экспортқа бағытталады.

Осы келісім аясында қалдықтарды тиімді басқаруға, көміртек ізін азайтуға және Қазақстанның халықаралық деңгейде қабылдаған климаттық мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосатын жүйені дамытуға бағытталған ынтымақтастық жолға қойылады.