2025 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Азия орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) және корейлік KT&G корпорациясы Абай облысында ірі орман өрттерінен зардап шеккен аумақтарда ормандарды қалпына келтіруге бағытталған бірлескен жобаны іске асыру мақсатында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жоба 2025 жылғы 22 сәуірде басталып, 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады, әрі қарай ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба KT&G Green Globe халықаралық бастамасы аясында жүзеге асырылады және үш негізгі бағытты қамтиды:
1. Орманды қалпына келтіру: залал шеккен аумақтарға кәдімгі қарағай көшеттерін отырғызу – бұл жұмысқа жергілікті қауымдастықтар мен KT&G компаниясының Қазақстандағы филиалы белсенді қатысады.
2. Технологиялық алмасу: орман өрттерінің алдын алу және мониторинг жүргізу үшін заманауи корей ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізу, сондай-ақ Алматы қаласында орман шаруашылығы мамандарына арналған оқу тренингтері мен семинарлар өткізу.
3. Алдын алу шаралары: орман өрттерінің алдын алу және адам факторынан туындайтын қауіп-қатерлерді азайту бойынша халықтың ақпараттандырылуын арттыруға бағытталған білім беру кампанияларын ұйымдастыру.
Қол қойылған Меморандум Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түскенін көрсетеді. Бұған дейін, 2024 жылғы маусымда, Корея Республикасының Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстанның Экология министрлігі мен Кореяның Орман қызметі арасында үкіметаралық Меморандумға қол қойылған болатын. Бұл құжат орман заңнамасын жетілдіруден бастап, биологиялық әртүрлілікті қорғау мен экожүйелерді қалпына келтіруге дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Білім және технологиялар алмасуына ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстандық мамандар Кореяда орманды қалпына келтіру мен өрт қауіпсіздігінің заманауи әдістері бойынша оқытудан өтті, сондай-ақ AFoCO STEP 2024 және AFoCO–French MOFA 2024 халықаралық бағдарламаларына қатысты — бұл бағдарламалар Монпелье университеті мен Франциядағы Валабре орман өрттерімен күрес орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі AFoCO мен KT&G корпорациясының қолдауын жоғары бағалайды. Жобаны іске асыру ормандарды орнықты қалпына келтіруге, экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және экожүйелердің климаттық және антропогендік қауіп-қатерлерге төзімділігін арттыруға ықпал етеді.