2025 жылғы 9 сәуірде Қазақстанда Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қолдауымен Транспаренттілікті арттыру бастамасы (CBIT) аясындағы жобаны іске қосуға арналған консультациялық семинар өтті. Бұл бастама климатқа қатысты Париж келісімінің талаптарына сәйкес мониторинг пен есептілік жүйелерін нығайтуға бағытталған. CBIT Жаһандық экологиялық қордың (ГЭФ) қолдауымен іске асырылып жатыр және дамушы елдерге климаттық міндеттемелерін, соның ішінде ұлттық баяндамалар мен екі жылдық есептерді дайындауға 2 миллион АҚШ долларына дейін қаржылай көмек ұсынады.
Семинар аясында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және мүдделі тараптардың өкілдері «Париж келісімінің кеңейтілген транспаренттілік шеңбері (ETF) талаптарын орындау мақсатында Қазақстанның әлеуетін арттыру» жобасын талқылады. Жобаның мақсаты – елдің институционалдық және техникалық базасын дамыту, климаттық деректерді жинау және есептілік жүйелерін жетілдіру арқылы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы аясындағы міндеттемелерді тиімді орындау.