
2025 жылғы 27 наурыз, Астана қаласы – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл даму» АҚ және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, «Нарықты енгізу серіктестігі» (PMI) гранттық жобасын іске қосу бойынша семинар ұйымдастырды.
Аталған жоба Қазақстандағы шығарындылармен сауда жасау жүйесін (ШСЖ) жетілдіруге және дамытуға, сондай-ақ көміртегі бағасын белгілеу механизмдерін елдің экономикалық стратегиясына интеграциялауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ-ның көміртегі бірліктері жүйесін басқару және елдің климаттық міндеттемелерін орындау жөніндегі күш-жігерін қолдау мақсатында Дүниежүзілік банктің «Парниктік газдар шығарындыларымен сауда жасау нарығын іске асыру бойынша серіктестік» (PMI) мақсатты қоры Қазақстанға 4,8 миллион АҚШ доллары көлемінде грант бөлді. Жобаны жүзеге асыру 2028 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен техникалық сарапшылар қатысты. Семинар барысында ұлттық шығарындылармен сауда жасау жүйесін (ШСЖ) күшейту, квоталармен аукциондық сауданы енгізу, энергетика секторынан тыс салалар мен CO₂ шығарындыларын қамтуды бағалау, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық көміртегі нарықтарына (Париж келісімінің 6-бабы) қатысуға дайындығы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, көміртегі реттеу саласындағы жаңа шешімдерді (салықтар, шығарындыларға арналған кредиттер) талқылау және тәжірибе алмасу үшін іс-шара маңызды алаңға айналды.