
2023 жылғы 25-27 қыркүйек аралығында Санкт-Петербург қаласында Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 7-ші отырысы өтті.
Іс-шараға Каспий маңындағы бес мемлекеттің, ғылыми ұйымдар мен күш құрылымдарының өкілдері қатысты. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов басқарды.
Отырыс барысында Комиссия мүшелері тараптардың балық аулау квотасын пайдалану туралы есептерін қарастырып, теңіз ғылыми зерттеулерін талдауды ескере отырып, Каспий теңізінің су биоресурстарын молайту және қорғау мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, алдағы жылға бірлескен су биоресурстарын аулау квоталарын (көлемдерін) бекіту және Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балық түрлерін коммерциялық аулауға тыйым салуды ұзарту мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Каспий теңізінің су биоресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану мақсатында бірқатар шешімдер қабылданды, олар қорытынды хаттамаға енгізілді.
Сонымен қатар, Н. Жүнісов Балық өнеркәсібінің VI Халықаралық форумының және балық өнеркәсібі, теңіз өнімдері және технологиялар көрмесінің іскерлік бағдарламасының (Global fishers Forum & Seafood Expo Russia 2023) ашылу салтанатына қатысты.