Қазақстан Тәуелсіз хатшылық құруды ұсынды

Қазақстан Тәуелсіз хатшылық құруды ұсынды

Бұл күндері Женева қаласында Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі Негіздемелік конвенцияның отырысы өтуде. Бұл ауқымды іс-шараға Каспий маңы елдерінің жоғары лауазымды өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасы тарапынан Экология және табиғи ресурстар Министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.

Делегация басшылары мен іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде ол: «Әлемдегі ең үлкен ішкі су объектісі болып табылатын Каспий теңізі өзінің биоалуантүрлілігі мен физикалық-географиялық ерекшеліктерінің бірегейлігімен ғана емес, сонымен қатар Каспий маңы елдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларын дамыту үшін стратегиялық маңызды мәнімен де танымал.

Каспий теңізі біртұтас, бірақ тұйық табиғи жүйе болып табылады, сондықтан теңіздің кез келген бөлігінде оның табиғи тепе-теңдігінің кез келген элементін бұзу сөзсіз бүкіл теңіз ортасына және оған іргелес жатқан құрлыққа теріс әсер етеді».

Соңғы бірнеше онжылдықта Каспий теңізінің экологиялық жағдайына қоршаған ортаның ластануы, биологиялық ресурстардың сарқылуы, оны барлау мен өндіру, теңіз деңгейінің төмендеуі және т.б. нәтижесінде теңіз акваториясының мұнаймен ластану қаупінің артуы сияқты бірқатар себептер бойынша елеулі қауіп төніп тұрғаны белгілі.

Осы тәуекелдерге сүйене отырып, қолданыстағы Тегеран конвенциясы Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі Каспий маңы елдерінің күш-жігерін біріктіруге бағытталған маңызды мемлекетаралық құралдардың бірі болып табылады деп сеніммен айтуға болады.

«Конвенцияны іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, осы Келісімнің тиімділігін арттыру көбінесе оның институционалдық тетіктерінің тиімділігіне байланысты. БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Еуропалық кеңсесінің Тегеран конвенциясын дайындау мен іске асыруға қосқан маңызды үлесін атап өтіп, өңірдегі тез өзгеретін әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, жаңа сын-қатерлердің туындауы жағдайында Тәуелсіз хатшылық құру жолымен Тегеран Конвенциясы Хатшылығының Каспий маңы елдерін тікелей басқарудың уақыты келгенін атап өткен жөн», - деп Е. Нысанбаев ұсынысын айтты.

Қазақстандық тарап бұл мәселені бірнеше рет көтергенін, сондай-ақ конвенцияның Тәуелсіз хатшылығын құру жөніндегі келісімнің жобасын дайындап, елдерге жібергенін, осы Келісімнің жобасын сарапшылар деңгейінде талқылау үшін Каспий маңы елдеріне бірнеше рет жүгінгенін, мұндай кеңестерді онлайн форматта да, офлайн форматта да ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.

«Құрметті әріптестер, қорытындылай келе, екі күндік консультациялар барысында біз барлық келіспеушіліктерді еңсере алатынымызға және Тегеран конвенциясының тиімділігін арттыруға ықпал ететін, оның ішінде оның институционалдық тетіктерін жетілдіру жолымен шешімдер қабылдайтынымызға сенім білдірейік», - деді өз сөзінің соңында Қазақстанның экология министрі.