ҚР Президенті 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Каспий теңізіндегі заңсыз балық аулаудың жолын кесу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
Осы тапсырманы орындау үшін ағымдағы жылдың 1 наурызында ішкі істер министрлігімен бірлесіп Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.
2023 жылғы 27 наурызда экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрліктері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында бекіре және басқа да балық түрлерін қорғау, сондай-ақ олардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында «Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылды.
Акция барысында Атырау облысының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен Исатай, Жылыой және Құрманғазы аудандары, Дамба бағыты, сондай-ақ «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының су айдындары сияқты ең криминогенді учаскелер пысықталды.
Сонымен қатар, акцияға Шекара қызметінің, көліктік бақылау инспекциясының және резерваттың әскери қызметшілері белсенді қатысты.
Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2023» бірлескен кең ауқымды балық қорғау акциясы сәтті аяқталды, акцияны өткізудің түпкі нәтижесі бекіре және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашу мерзімінің қолайлы өтуі.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылы 12 бірлік автокөлік және 6 жүзу құралы, сондай-ақ далалық жағдайларда рейдтік іс-шараларды жүзеге асыру үшін 60 планшет және 40 термопринтер сатып алынды.
Облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларын материалдық-техникалық жарақтандыруды одан әрі нығайтуға 2023 жылы республикалық бюджеттен 1,9 млрд.теңге бөлінді.
Мәселен, ағымдағы жылдың соңына дейін жүзу құралдарын, қайық моторларын, нысанды киім-кешектерді, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды тіркеуге және ресімдеуге арналған арнайы жабдықтарды сатып алу жоспарлануда.