Абай облысының тұрғындарымен кездесу

Абай облысының тұрғындарымен кездесу

Абай облысы тұрғындарының сұрақтарына Экология және табиғи ресурстар министрлігі қызметінің бағыттары бойынша ведомство басшысы Зүлфия Сүлейменова облыс орталығында жоспарланған кездесу барысында жауап берді.

Сұрақтар негізінен экологиялық проблемаларға, қоқыс полигондарына, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге, су және орман шаруашылықтарына, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонына қатысты болды. Барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді.

Бұдан әрі БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылды. Журналистерге арнаған сөзінде Министр министрліктің қызметі туралы жағдайды қысқаша баяндады.

Атап айтқанда, республиканың әрбір өңірі үшін экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасы әзірленгені атап өтілді. Абай облысының Жол картасында 22 іс-шара қарастырылған.

Сонымен, биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы экомониторинг нәтижелері атмосфералық ауаның ластану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға төмендегенін көрсетті. Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Сондай-ақ, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыс бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 17% құрады, ал ҚТҚ жинау және әкету қызметтерімен өңір халқының 66%-ы қамтылды. Бөлек жинау облыстың 2 елді мекенінде енгізілді және қалдықтарды басқару бойынша 56 кәсіпорын жұмыс істейді (республика бойынша барлығы 768).

Облыстың су шаруашылығы саласында 2023 жылдың соңына дейін «Жарма ауданының «орталық» су торабы мен магистральдық каналы бар Шар су қоймасының құрылыстарын қайта жаңарту» және «Тарбағатай ауданының Қарғыба өзеніндегі бөгеттік су қабылдағышты қайта жаңарту» жобалары бойынша екі авариялық құрылысты реконструкциялауды аяқтау көзделген.

Орман шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша З. Сүлейменова: «Биыл Абай облысында 5100 га алқапқа 23,9 млн. дана ағаш отырғызу жоспарлануда. Биылғы көктемгі орман-мәдени жұмыстар басталғаннан бері 1785,8 га алқапқа 8,5 млн. дана ағаш отырғызылды», деді өз сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жұмыс Президенттің 2 млрд. ағаш отырғызу бастамасы аясында жүргізілуде.

#халықпенкездесу