Экология вице-министрі Солтүстік Қазақстан облысына барды

Экология вице-министрі Солтүстік Қазақстан облысына барды

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында өңірдің бірқатар маңызды өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарының жұмысымен танысты.

Вице-министр ең бірінші кезекте «Қызылжар су» ЖШС кәріз тазарту нысанында болды. Аталған кәсіпорын тұңғыш рет сарқынды суларды күкіртсутек иісінен тазарту үшін хлорелла биомассасын қолдануымен белгілі. Тазалаудың бұл әдісі өзінің тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде, бұл әдісті Шымкент және Қостанай қалаларында кеңінен қолдану тәжірибесі жүзеге асты.

Бұл әдісті М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары әзірлеген. Аталған технология туралы толығырақ тиісті ғалымдардан қосымша білуге болады.

Бұдан әрі Нұркен Қожамұратұлы Петропавл қаласындағы гидротехникалық құрылыс нысанының жұмысымен танысты. Өңірде көктемгі су тасқыны жағдайы тұрақты, тасқын суларды өткізу режимі қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.

«Радуга» ЖШС-не барған Н.Шәрбиев қайталама шикізаттан қағаз өнімдерін дайындаудың өндірістік үдерісімен, сондай-ақ тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие пластиктен жасалған тауарлардың кең ассортиментімен танысты.  Аталған кәсіпорында өндірілген пластикалық кәріз жабындысы салмағы 15 және 25 тонна жүкті көтере алады.

Вице-министр өңірдегі басқа да бірнеше өндірістік нысандарды аралап, еңбек ұжымдары қызметкерлерінің сұрақтарына жауап бере отырып, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Сондай-ақ, соңында азаматтарға арналған жеке қабылдау өткізді.