Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасын іске асыру талқыланды

Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасын іске асыру талқыланды

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мен ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі сэр Сума Чакрабарти кездесу барысында ҚР Президентінің 2023 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасын іске асыру және декарбонизациялау мәселелерін талқылады.

Бұл стратегия елдің төмен көміртекті дамуға қажетті инвестицияларын бағалауды көрсетеді, бұл ретте инвестициялардың едәуір бөлігі жоғары көміртекті жобалардың орнына жүзеге асырылатын болады.

Бұдан басқа, мемлекет тарапынан жұмыс істеп тұрған өндірістер мен инфрақұрылымды жедел жаңғыртуды ынталандыру, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы қолдау шараларын көрсету үшін төмен көміртекті саясаттың қолайлы инвестициялық ахуалын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ, кездесуде ақпараттық технологияларды енгізу, цифрлық платформаларға көшу, парниктік газдардың құрамы мен көлемінің мониторингін цифрландыру, шығарындылардың ғарыштық мониторингі, экономиканың барлық салаларындағы бизнес-процестерді цифрландыру және баламалы және жаңартылатын энергия көздеріне көшу үшін озық халықаралық тәсілдер мен стандарттарды енгізу мәселелері талқыланды.

«Парниктік газдар шығарындыларын 15% - ға қысқарту жөніндегі орта мерзімді мақсатты іске асыру үшін 2030 жылға қарай экономиканың барлық секторлары бойынша декарбонизациялау үшін қажетті шараларды көрсететін жол картасын әзірлеу жоспарлануда», - деп атап өтті З. Сүлейменова талқылау барысында.

Бұдан әрі орман қорын дамыту, жердің шөлейттенуіне қарсы күрес және парниктік газдар шығарындыларының сауда жүйесі мәселелері талқыланды.

«Осы бағыттағы барлық жоспарланған жұмыстардың маңыздылығы жоғары және декарбонизация мақсатына қол жеткізуге ықпал ететін болады», - деді ведомство басшысы.