Су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғау – басты міндет

Су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғау –  басты міндет

Бүгін Қазақстан Республикасының Су кодексі жобасы тұжырымдамасының жобасы (жаңа редакция) және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы тұжырымдамасының жобасы бойынша қоғамдық талқылау вице-министрі Ә.Шалабекованың төрағалығымен өтті.

Талқылау аясында тұжырымдама жобаларында суды үнемдеу саласының ағымдағы проблемалары, суды тиімді пайдалану мен суды үнемдеудің құқықтық жағдайларын жасау үшін заңнаманы жетілдіру бойынша ықтимал шешімдер мен шаралар қарастырылып, ұсынылды.

Қолданыстағы Су кодексі негізінен су ресурстарын шаруашылықта пайдалануға бағытталған, онда су экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы ретінде қарастырылады, мысалы, ауыл шаруашылығында. Әзірленіп жатқан Су кодексінің жобасында экономиканың барлық салаларында суды пайдаланудың негізі болып табылатын суды үнемдеу қағидаттарын бекіту ұсынылады.

Жаңа Су кодексінің негізгі жаңашылдығы – су қоршаған ортаның негізгі элементі және су өмір сүру үшін және адамның экономикалық қызметінің барлық түрлеріне қажет екендігі.

Бұл тұрғыда су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғау су ресурстарын басқарудың басты тәсілі болмақ.

Жиын барысында мынадай негізгі мәселелерді шешу жолдары ұсынылды:

Біріншісі, су ресурстарын басқару жөніндегі қызметті мемлекеттік-ақпараттық қамтамасыз етудің жетіспеушілігі. Бұл мәселені заңнамалық тұрғыда мемлекеттік органдардың су ресурстарын есепке алу және мониторингілеу жөніндегі құзыретін нақты айқындау жолымен, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып шешу ұсынылады.

Екіншісі, су ресурстарын басқару жүйесінде ғылыми әлеуеттің болмауы. Жаңа Су кодексінде ғылыми (ғылыми-зерттеу) орталығының өкілеттіктері және оның су ресурстарын және оларға сұранысты жоспарлау, басқару және нормалаудағы рөлі, сондай-ақ басқа да ғылыми мекемелердің қызметін үйлестіру көзделуде. Сондай-ақ ілеспе заң жобасында су шаруашылығы және су ресурстары саласындағы жобаларды жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шығындардың 1%-ын ғылымды дамытуға бағыттау міндеттемесі есебінен қаржыландыруы мүмкін жобалар тізбесіне енгізу ұсынылуда.

Үшіншісі, Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі тұжырымдамалық бағдарламалық құжаттардың құқықтық мәртебесі. Осы міндетті іске асыру үшін Су кодексі мемлекеттік жоспарлау жүйесінде су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемаларының мазмұны мен рөліне қатысты негізгі ережелерді көздейтін болады. Экономика салаларын (агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ТКШ) дамытудың, қоршаған ортаны оңалтудың барлық жоспарлары, бағдарламалары мен жобалары осы құжаттар негізінде әзірленуі тиіс.

Төртіншісі, судың құны оның негізгі құнына сәйкес келмейді. Суды үнемді және тиімді пайдалану мен тасымалдауды ынталандыру үшін су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін белгілеу тәсілдерін қайта қарау және су пайдаланушы жаңа су үнемдеу, тазарту технологияларын енгізген, қолда бар жабдықтарды жаңғыртқан және суды пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған өзге де іс-қимылдарды енгізген жағдайда, оны төмендету коэффициенттерін қолдана отырып айқындау ұсынылады. Аталған мәселе Су кодексі қабылданғаннан кейін заңнамалық нормада талап ететіндей Салық кодексіне түзетулер енгізу жөніндегі шоғырландырылған заң жобасы шеңберінде шешілетін болады.

Бесіншісі, су ресурстарын басқарудағы мемлекеттік бақылау. Қолданыстағы су заңнамасының құқық қолдану практикасы су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктеріне қатысты нормалардың жетілмегендігін көрсетті. Жаңа Су кодексінде мемлекеттік бақылау жөніндегі ережелерді жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келтіру көзделеді, бұл осы жұмысты ретке келтіруге мүмкіндік береді.

Алтыншысы, Су кодексімен реттелетін құқықтық қатынастардың кең ауқымы. Суды экономикалық тауар ретінде пайдалануға қатысты қатынастарға және суды немесе су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға байланысты өзге де қатынастарға қатысты ережелерді дербес заңнамалық актілерге бөлу тұжырымдамалық және заңдық тұрғыдан оңтайлы саналады.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің суды қайта сатып алушылар болуын тоқтатып, гидромелиорациялық инфрақұрылымды пайдаланумен айналыса бастауы үшін олардың функцияларын қайта қарау мәселесі пысықталуда.

Жаңа заңнама су ресурстарын қорғау мен пайдалануды мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруы, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік су саясатын іске асырудың құқықтық негізі мен тетіктерін дамытатыны болжануда.

Қоғамдық талқылау соңында су саласының ардагерлерінің, қоғам қайраткерлері мен журналистердің сұрақтарына жауап беріліп, айтылыған ұсыныстар мен ескертулер тыңдалып, назарға алынды.