Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылында» жас геологтар Қазақстандық ашық далалық олимпиадасында 4 грант иеленді

Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылында» жас геологтар Қазақстандық ашық далалық олимпиадасында 4 грант иеленді

28 шілде күні Жас геологтардың VI Қазақстандық ашық далалық олимпиадасының жабылу салтанаты өтті.

Жабылу салтанатына Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев, Геология комитеті төрағасының орынбасары Е. Галиев, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Қазақстан–Британ техникалық университетінің өкілдері, ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылы» қарсаңында Жас геологтардың VI Қазақстандық ашық далалық олимпиадасының жеке сынағында жеңімпаздар М.Шелкоплясова, С.Кусаин және А.Аманқоссын Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университетінен ректорлық грант иеленді. Сондай-ақ, «Мұнай мен газ іздеу» жарыс қорытындысы бойынша О.Кривобокова Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын иеленді.

С.Брекешев өз сөзінде олимпиада ұйымдастырушыларына, төрешілер құрамына алғыс айтып, жас геологтарға болашақ кәсіби табыстар, жаңа ашулар мен жетістіктер тіледі. Жас геологтардың барлық командаларын құттықтап, олимпиада жеңімпаздарына медальдар табыс етті.

«Осы күндері сіздер нағыз геологтар екеніңізді дәлелдей алдыңыздар. Шатыр жинау мен от жағу, маршрут салу мен шлихтарды жуу, геологиялық бөлімдер салу сияқты нағыз геологқа қажетті тәжірибе алдыңыздар. Палеонтология, петрография, гидрология, пайдалы қазбалар геологиясы негіздерін және геологиялық бейіннің басқа да бағыттарын білетіндеріңізді көрсеттіңіздер. Бұл жерде алған тәжірибеңіз болашақта мамандық алып, жаңа кен орындарын ашуға көмектеседі деп сенемін", - деді министр.

Республикалық командалар арасында Семей қаласының «Азимут» командасы бірінші орын жеңімпазы атанды. Екінші орын Орал қаласының «Сармат», үшінші орын Қарағанды қаласының «Сарыарқа» командасы иеленді.

Халықаралық командалар арасында бірінші орынды Белоруссияның «Юные геологи» командасы иеленді. Екінші орын Татарстаннан келген «Геобарс» командасы және үшінші орын «Еш Геолог» Өзбекстан командасы иеленді.

Жарыстың төрешілері Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің жетекші профессор-оқытушылар құрамы, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессорлары, Семей қаласының геологиялық барлау колледжінің оқытушылары және Қазақстанның жетекші компанияларының қызметкерлері болды.