Шығыс Қазақстанда қайта жаңғыртудан өткен "Үйдене бас су тартқышы" іске қосылды

Шығыс Қазақстанда қайта жаңғыртудан өткен "Үйдене бас су тартқышы" іске қосылды

Шығыс Қазақстан облысында «Үйдене бас су тартқышы» пайдалануға берілді. Жаңа нысан 10 мыңнан астам гектар жерді суаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры Рахымжан Нығметжанов хабарлады.

Осы жылдың қараша айында «Үйдене бас су тартқышы» қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Үйдене өзені Сауыр жотасынан 2600 м биіктіктегі солтүстік сілемдерінен бастау алады. Аталған өзен қар мен мұздықтардың суымен толығады. Енсіз жартасты каньонның арасында орналасқан бөгет қақпасының төменгі жағының ені 50-60 метр, ал төбесінің ені 110 метрге дейін жетеді. Бөгеттің жалпы ұзындығы 60,7 метр, құрылыстың максималды биіктігі 2,6 метрді құрайды.

«Үйдене гидроторабының конструкциясы суқашыртқы бетон-бөгеттен, оң және сол жағалау реттегіштерден және суұрма қабырғадан тұрады. Гидротораптың ірге тасы «Ленгипроводхоздың» жобасы бойынша 1964 жылы қаланған. Қайта жаңғырту кезінде гидротораптың бас құрылысы, Р3 магистральды каналы және сол жағалау магистральды каналы толығымен жөнделді. Олар арқылы Зайсан ауданының 10252 га жерін суаруға мүмкіндік бар», - дейді «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры Рахымжан Нығметжанов.

Директордың сөзінше, пайдалануға берілген нысан өңірдегі суармалы алқаптарға судың үздіксіз келуін, сәйкесінше, суармалы жерлер көлемінің ұлғаюына мүмкіндік береді. Іске асқан жоба ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мал азығы мен дән-дақылдардың өнім қорын молынан жинауға сеп. Бұдан бөлек 2022 жылдың вегетация кезеңінде қосымша тоғыз жұмыс орны ашылуы мүмкін. Жалпы, бұл жоба өңірдегі су тапшылығы мәселесін толықтай шешпек.