Экология министрлігінде «Бірыңғай экологиялық портал» таныстырылды

Экология министрлігінде «Бірыңғай экологиялық портал» таныстырылды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы З.Жолдасовтың төрағалығымен қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін «Бірыңғай экологиялық порталдың» таныстырылымы өтті.

Өздеріңізге белгілі, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген ҚР Экологиялық кодексінде қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша шешімдер қабылдауда халықтың да пікірі ескерілуі көзделген.

Дегенмен, қоршаған ортаға әсерді бағалауға (ҚОӘБ) қатысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық талаптар Орхус конвенциясы және Эспо конвенциясы сияқты халықаралық міндеттемелерге толық сәйкес келмейді.

Осыған байланысты Министрлік бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты ҚОӘБ өтуін және жобаны бағалаудың барлық кезеңдерінде халықтың қатысуын көздейтін бірқатар жаңашылдықтарды ұсынды.

«Егер бұрын жобаны әзірлеу сатысында қоғамдық тыңдаулар жер учаскесі бөлінгеннен кейін өткізілсе, жаңа Кодексте жер учаскесі бөлінгенге дейін қызметті жоспарлаудың ең ерте сатысында тыңдаулар өткізу көзделген, бұл кәсіпкерлердің тәуекелдерін болдырмауға және қоғам өкілдерінің пікірін ескере отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті З.Жолдасов.

«Бірыңғай экологиялық портал» әрбір ниет білдірушіге жобамен танысуға, өз ұсыныстары мен ескертулерін қалдыруға, сондай-ақ әзірлеушіден міндетті түрде жауап алуға мүмкіндік береді. Порталға кіру шектелмейді.

Сонымен қатар, қоғамдық тыңдауларды өткізу ережелері әзірленіп бекітілді, онда жұртшылықтың пікірін ескеру қажет объектілердің, оның ішінде ұсақ құрылыс жұмыстарының тізбесі қамтылды.

«Қоғам өкілдерінің қатысуы әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу кезінде де дұрыс және негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді»,- деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар, порталда Интерактивті карта функционалы іске қосылды. Ол нақты аумаққа кеңістікті байланыстырылған экологиялық ошақтар туралы акқпаратты қамтиды.
Экологиялық шиелініс ошағының бірыңғай картасы проблемалық мәселелер мен оны шешудің тәсілдерін, пысықтау дәрежесін, қаржыландыру мөлшерін және орындау мерзімдерін қамтиды.
Бір сөзбен айтқанда, карта аумақтардың өзекті экологиялық проблемаларын қамтиды.
Бұл ақпаратпен портал парақшасында қазір таныса аласыздар.